Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Сейсенбі, 18 қараша, 15:22

Көлік жөндеудің шебері

18.11.2025

12

0

Жалағашта жұмыс жасауға ынтасы бар адам үшін тосқауыл жоқ. Қолыңыздың ебі келсе, қызметтен құр қалмайсыз. Осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаның көмегімен өз кәсібін бастап, бүгінгі таңда дөңгелентіп отырған Мейрамбек Нұрғалиев автокөлік жөндеу орталығын ашты.

Мейрамбектің бұл кәсіпте жүргеніне он жылдай уақыт болды. Бастапқыда екі жылдай ағасының жанында жүріп, көліктерді жөндеудің қыр-сырын мең­герді. Сол тәжірибе оны өз кәсібін ашуға шабыттандырып, қайтарымсыз грантты қажетіне қолданып үлгерді.
Көлік жөндеу – бір қарағанда оңай кө­­рінгенімен, іс жүзінде мұздай темір­мен жұмыс істеу дегендей, ауыр әрі шы­­дам­дылықты қажет ететін еңбек. Кейіпкеріміз көлік жөндеуге арналған орталыққа газ кіргізіп, заманауи құрал-жабдықтарды орнатты. Енді ол тек ав­то­көліктерді жөндеп қана қоймай, ке­лушілерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуді басты мақсат етіп отыр.
– Барлық адамның бірдей ав­то­са­лоннан сужаңа көлік ала беруге мүм­кіндігі жоқ. Мұнда келген жеңіл көліктерді жөндеп беремін. Қазір бір үйде екі көлік бар отбасылар да бар. Сенім артып ке­летін адамдардың саны күн сайын артып келеді, – дейді кәсіпкер.
Бірде-бір жұмыс қазір көліксіз біт­пейді. Діттеген жерге алып барып, бір үйдің нәпақасын тауып беріп те отыр. Мейрамбек үшін де көлік – табыс көзі. Бүтін бір орталық – оның жеке әлемі. Жан-жаққа шашылып жатқан кілттер, автобөлшектер, бір жағында құ­рал-сай­маны, барлығы жұмыс барысы қалай өр­битінінен хабар беріп тұрғандай. Ке­йіп­керіміз көлік капотының алдында тұр. Бір-бірімен байланысқан ұзын сым­дарды мұқият реттеп жатыр, әр әрекеті кәсіби шеберлігін көрсетеді.
Көбіне келушілер күтпеген ақауларға тап болады. Мысалы, май жүйесі дұ­рыс жұмыс істемесе, мотор тез то­зады, ал кейбір бөлшектердің сапасы төмен болса, қозғалтқыш жұмысы бұ­зылып, көлік жолда қалуы мүмкін. Әр адамның жағдайы әртүрлі болғанымен, көп жағдайда ақаулар бірдей, ұқсас се­бептерден туындайды. Сондықтан авто­көліктің моторын уақытылы тексеріп тұру қажет екенін айтады сала майталманы.
Көлік жөндеудің шебері бастап­қыда дәнекерлеу саласында білім алған. Десе де заман талабына сай жаңа бағытқа бет бұрып, қазіргі таңда өз ісінде жоғары нәтижелерге жетіп келеді. Бір қызығы, әр күннің өз ерекшелігі бар, кейде тыныш, кейде қарбалас, ауыр жұмыс, бірақ бір күні тіпті 3-4 көлікті жөндеуге үлгереді екен.
Мейрамбек көлік жөндеумен қатар орталық жанынан шағын автобөлшектер дүкенін де ашты. Мұнда көліктің майда шамдарынан бастап, мотор майлары, ар­найы резиналар, тіпті хош иіс шы­ға­ратын ароматизаторларға дейін табуға болады.
Кәсіпті кеңейту тек қарапайым ең­бекпен ғана шектелмейді, ол іскерлік пен дұрыс жоспарлауды да қажет етеді. Мей­рамбектің тынымсыз тірлігінің нә­тижесі осы көлік жөндеу ісімен қатар қосымша қызметтермен дүкен жұмысын да дөңгелентіп отыр. Бұл оның кәсібіне де­ген адалдығы мен табандылығын ай­қын көрсетеді.
Бүгінде әрбір адам өз қолымен табыс табуды және арманына жетуді қалайды. Жеке кәсіп тек ақша табу емес, бұл – өз қабілетіңді көрсету, жаңа идеяны жүзеге асыру және қоғамға пайда тигізу жолы. Мемлекет жастарға кәсіп ашуға көмектеседі, гранттар мен жеңілдетілген несие арқылы әркім жеке жұмысын бас­тайды. Жеке кәсіп – әр адамға өз ер­кіндігін сезінуге, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін жол.

Он жылдай осы салада жүрген маман бүгінде түрлі мотор майларын зерттеп, талдау жасап отырады. Ол Mobil 1, Castrol, Shel, Valvoline, Motul сияқты сенімді брендтердің артықшылықтарын атап көрсетті. Айтуынша, дұрыс таңдалған май қозғалтқышты ұзақ уақыт қорғап, то­зуды азайтады. Келушілер арасында осы брендтерге сенім жоғары, ал тәжірибелі маман әр көліктің ерекшелігіне қарай майды таңдауға кеңес береді.
Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Бірақ бел буған жастарға артқа тартынбауға кеңес берілді. Бастапқы қиындықтарға тоқтап қалмау ғана маңызды бұл салада. Алдағы уақытта Мейрамбек Нұрғалиев өз ісін одан әрі дамытып, жанына жа­ңа қызметкерлер алып, жұмысты жүйе­лендірмек. Бұл – табандылық пен мақ­сатқа жетудың нақты мысалы, жастарға шабыт беретін нәтиже.

Гүлжан ЕСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: