Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Бейсенбі, 20 қараша, 18:46

Аудан әкімі республикалық байқауда бас жүлде иеленген ақжаулықты аналарды қабылдады

20.11.2025

10

0

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Өнерлі елдің өресі биік» атты республикалық байқауында бас жүлде иеленген аудандық «Ұлағатты аналар» кеңесінің мүшелерін қабылдады.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралардың қорытындысы негізінде өткен кездесуге аудандық Ақсақалдар, Аналар және әйелдер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелері қатысты.

«Дүниедегі барлық ізгілік ананың жүрек жылуынан, ақ ниетінен бастау алады. Сіздер отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде зор еңбек етіп келесіздер. Мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, түрлі байқауларда жетістікке жетіп жүрген аналарымызға алғысымды білдіремін. Аудандағы ұлттық идеологиямызды, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесі жолында елеулі еңбек етіп жүрген аналар кеңесінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Ауданымыздың мерейін асырған ақжаулықты аналарға шексіз ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да «Ұлағатты аналар» кеңесі ұрпақ тәрбиесінің ұйытқысы болып, жемісті еңбек ететініне сенімім мол. Сіздерге және сіздер арқылы барлық белсенді аналарға ел игілігі жолындағы игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілеймін», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Аудандық «Ұлағатты аналар» кеңесі ұрпақ сабақтастығын сақтауға, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға айтарлықтай үлес қосып келеді.

Кеңес мүшелері 2024 жылы Түркістанда өткен ІІ республикалық «Шуақты шақ – 2024» ән байқауында, 2025 жылы Байқоңыр қаласындағы VІІІ «Халықтар достығы» халықаралық фестивалінде жүлделі орындарға ие болды.

Ал жуырда Алматыда өткен «Өнерлі елдің өресі биік» республикалық байқауында аналарымыз «Хормен ән салу», «Бата беру», «Сән көрсету» номинацияларында жоғары бағаланып, бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар 2026 жылғы 3 мамырда Республика сарайында өтетін гала-концертке арнайы шақырту алды.

Сонымен бірге, Ақсу ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Тоқпанбетова Күлдәш Ордабайқызы да 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында, Республика күніне орай ұйымдастырылған «Үздік Еңбеккер – 2025» республикалық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Қабылдау барысында аудан әкімі өнерлі аналарды марапаттап, қаржылай сертификат табыстады.

Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Рысбай Кәрімов, «Жалағаш – достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Нұржанқызы, Ақсу ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Күлдәш Тоқпанбетова және Бұқарбай батыр ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Үрләй Набиқызы сөз сөйлеп, белсенді ақжаулықты аналарды құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: