Астанадан ақжолтай хабар жетті. Қазан айында басталған ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиаданың республикалық кезеңі аяқталды. Аталған олимпиада жаратылыстану-математика бағыты бойынша өткен. Білім додасында қатысушылар математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша өз білімін саралаған.
Бұл білім додасы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды ауыл балаларының білімін шыңдап, олардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Олимпиада ережеге сай 4 кезең бойынша өтті. Ең алдымен оқушылар мектепішілік, аудандық, облыстық кезеңнен өтіп, республикаға жолдама алды. Естеріңізде болса, шалғай елді мекендегі дарынды және талантты оқушыларды анықтауға арналған олимпиаданың мектепішілік кезеңіне 561 оқушы қатысып, оның 519-ы аудандық кезеңге қатысқан болатын. Үш күнге созылған аудандық кезеңнен 106 оқушы облыстық кезеңге жолдама алып, өз білімін саралап, 15 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды.
Игі дәстүрге айналған бұл олимпиадаға биыл еліміздің барлық өңірінен 475 оқушы қатысқан. Қызылорда облысының оқушылары биыл да жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте ІІІ орын иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын жеңіп алды.
Айта кетейік, аталған олимпиадаға облыстан 38 оқушы қатысып, оның 18-і жеңімпаз атанған. Ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақсатында ұйымдастырылған олимпиадада жалағаштық жастар тағы да топ жарды. Нақтырақ айтсақ, олимпиаданың республикалық кезеңіне ауданнан 15 оқушы қатысып, 5-еуі жеңіспен оралды. Атап айтсақ, әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Айзат Тұрсынбек жүлделі І орын, 10-сынып оқушысы Манас Құрақбай ІІ орын және Әди Айғаным ІІІ орын, Ілияс Қабылов атындағы №32 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Жайна Мұхан ІІ орын және Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Құралай Төремұрат ІІІ орын иеленген.
Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің озат оқушылары былтыр да, биыл да олимпиадаға белсене қатысты. Аталған білім бәйгесінде қатарынан екі жыл қатысып, барлық кезеңнен сүрінбей өткен Айзат Тұрсынбек – осы мектептің түлегі. Былтырғы оқу жылында дәл осы олимпиададан Айзат Тұрсынбек пен №32 мектеп-лицейінің мақтанышы Жайна Мұхан І орын алып, Алматы қаласындағы Орынбек Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп интернатында тегін оқуға жолдама жеңіп алған болатын.
– Былтыр да бұл олимпиадаға қатысып, І-ші орын алдым. Жалпы 7-ші сыныптан бастап физика пәнінен ғылыми жобалар мен олимпиадаларға тұрақты қатысып келемін. Қазір бітіруші түлекпін. Әрине, таңдау пәнім – физика-математика. Ұстазым әрі анам Айгүл Шілдебаева секілді физика пәнінің білікті мұғалімі болғым келеді, – дейді Айзат Тұрсынбек.
Иә, мектеп мақтанышы Айзат бүгінде «Алтын белгіге» үміткер. Оны осы пәнге бала күнінен баулып, дайындаған өзінің анасы Айгүл Шілдебаева. Білікті маман жыл сайын оқушыларын пәндік олимпиадаларға тұрақты қатыстырып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мәселен, былтырғы бітіруші түлегі әрі ұлы Азамат Тұрсынбек те қатарынан екі жыл аталған олимпиададан жүлделі І орынды иеленіп, ұлттық бірыңғай тестілеусіз еліміздегі іргелі оқу орнында тегін білім алу мәртебесін иеленген.
– Айзат бала күнінен алғыр, әрі зерек. Кішкентайынан әр пәнді тереңінен түсініп, бар ынтасымен оқиды. Мектепте өтетін қоғамдық шаралармен қатар білім бәйгелеріне де жиі қатысады. Үнемі ізденісте жүріп, олимпиадаға сабақтан тыс қосымша көп дайындалды. Нәтижесінде биыл да, былтыр да ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиададан топ жарды, – дейді анасы әрі жетекшісі Айгүл Шілдебаева.
Айта кетейік, ең үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттарына ие болды. Ал І дәрежелі диплом иегерлері 2026 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне тікелей қатысу құқығын алды. Сондай-ақ барлық финалист «Дарын» республикалық сырттай мектебінің бағдарламасы бойынша білімін тереңдете алады.
Жалпы өңірде ауыл мектептерінің олимпиадаға қатысу белсенділігі жыл сайын артып келеді. Өткен оқу жылында аудан бойынша республикалық ауыл олимпиадасының облыстық кезеңіне 80 оқушы қатысып, оның 14-і республикалық байқауға жолдама алып, 12 оқушы жеңімпаз атанған болатын.
Сондай-ақ 7 мен 13 желтоқсан аралығында Астанада өтетін гуманитарлық бағыттағы олимпиадаға Қызылорда облысынан 29 оқушы, ауданнан 7 оқушы қатысады.
Бетті дайындаған
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!