Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сәрсенбі, 10 желтоқсан, 23:40

Президенттің қазақ тілі эндаумент қорына салған үлесі 100 есе өсті

10.12.2025

12

0

10 желтоқсан күні Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жылдық қорытынды құрылтайы өтті. Құрылтайға ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Желдібай Руслан Сұлтанұлы, ҚР Парламент депутаттары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайшылары және Орталық кеңес мүшелері, қор демеушілері, өңірлік филиал төрағалары мен делегаттар қатысты.

Президенттің қазақ тілі эндаумент қорына салған үлесі 100 есе өсті


Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы 2025 жылға арналған іс-қимыл жоспары аясында атқарылған жұмыстарды таныстырды. Соңғы үш жылда 60-тан астам, ал биылдың өзінде аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі 25-ке жуық іс-шара өткізіліп, қазақ тілінің мәртебесін арттыру мен қолданыс аясын кеңейту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылды.
Мазмұндық бағыттағы жұмыс Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай оның академиялық жинағын қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде жариялаумен жалғасты. Бұған қоса ана тіліміздің рухани мәртебесін көтеретін бірқатар кітап аударылып, басылып шықты.
«Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен Disney және Pixar студияларының танымал фильмдері қазақ тіліне дубляждалды. Биыл «Ақшақар», «Элио», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» сияқты танымал туындылары кассалық табыс көрсеткіштері бойынша рекорд жаңартты. Мәселен, 27 қарашадан бастап кинопрокатқа шыққан «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмі алғашқы аптада-ақ Қазақстан мен Орталық Азия бойынша жалпы табыстың 15,5 пайызын қазақша нұсқа есебінен жинады.
Білім беру саласындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға әдістемелік қолдау көрсету жұмысы жалғасуда. Алматы, Қарағанды және Абай облыстарында өткен форумға екі мыңға жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қатысып, педагогтардың кәсіби қауымдастығы кеңейе түсті.
Биыл алғаш рет «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 5 000 оқушы қатысып, ақтық сынға 64 команда өтті. Жеңімпаз 8 оқушыға жетекші жоғары оқу орындарының гранттары табысталды. Сонымен қатар «Жарқын болашақ» шығармашылық олимпиадасы жалғасын тауып, үздік оқушыларға білім гранттары ұсынылды.
Қазақ тілін жаңа технологияға бейімдеу мақсатында «Жаңа сөз» жобасы қолға алынды. Til.kz платформасында жүзеге асырылып жатқан бастама тың құбылыстар мен ұғымдарға ұлттық сипаттағы балама қалыптастыруды, қоғамды сөзжасам процесіне кеңінен тартуды көздейді.
Сондай-ақ биыл «Жыл сөзі – 2025» жобасы басталды. Жоба аясында қоғамда, медиада және әлеуметтік желілерде кең қолданылатын сөздер анықталды. Сауалнама нәтижесінде биылғы ең жиі қолданылған сөз – «жасанды интеллект», ең танымал кірме сөз – «чатбот», жаңа сөз – «сұхбаткер», ал жиі айтылған цитата – «әр күн – жаңа мүмкіндік» екені анықталды.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығымен бірге «Ұлттық диктант» жобасы ұйымдастырылды. Мәдени-ағартушылық бастамаға офлайн және онлайн форматта 300 мыңға жуық азамат қатысты. Бұл – жазу мәдениетін қалыптастыруға қоғамдық сұраныстың артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары кезінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI компаниясының ChatGPT-дің қазақ тіліндегі мүмкіндіктерін дамыту туралы келісім жасады. Келіссөз аясында қазақ тіліндегі деректер көлемін ұлғайту, модельдер дәлдігін арттыру және сапалы оқу контентін интеграциялау мәселелері талқыланды.
«Қазақ тілі» қоғамының мүшелері үшін ортақ цифрлық кеңістік қалыптастыру мақсатында Qazaq Tili Qogamy мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша арқылы кез келген азамат қоғамдастыққа қосылып, серіктес компаниялардың қызметіне жеңілдіктер мен KITAP платформасына тегін жазылым алады. Жазылымнан түскен қаражаттың бір бөлігі Qazaq Tili Endowment қорының бастамасымен іске асатын тіл дамыту жобаларына жұмсалады.
2023 жылы құрылған Qazaq Tili Endowment қорына Мемлекет басшысының алғашқы қолдауынан кейін ірі кәсіпкерлер мен компаниялардың үлес қосуы арқылы 700 миллион теңгеден аса қаражат жиналды. Қор қаражаты жұмсалмайды. Биылғы үстеме табыс мөлшері 80 миллион теңгені құрады. Бұл Қоғамның қаржылық дербестігін нығайтуға мүмкіндік берді.
Құрылтай барысында Qazaq Tili Endowment Foundation қорының қызметі, жарна туралы, Қоғам атынан берілетін марапаттар ережесі және аймақтық филиал төрағаларын сайлау ережелері таныстырылды. Алдағы кезеңде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру, оқу сауаттылығын күшейту, бизнесте, IT саласында және қоғамдық өмірде қазақ тілін кеңінен қолдану, сондай-ақ қазақ тілді контентті цифрлау жұмыстарына ерекше басымдық беріледі. Осы мақсатта 2026 жылға арналған іс-қимыл жоспары бекітіліп, жаңа міндеттер белгіленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: