Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Сейсенбі, 30 желтоқсан, 21:47

Қызылорда – жылдың үздік спорт өңірі атанды

30.12.2025

7

0

Елордада ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен жыл қорытындысына арналған «Үздік премия – 2025» салтанатты іс-шарасында Қызылорда облысы ел көлемінде «Жылдың үздік спорт өңірі» атанды. Бұл Сыр Спортының жүйелі дамуы мен өңірде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстың нақты нәтижесін айғақтайтын айтулы жетістік.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа спорт нысандары салынып, ауыл-аймақтарда дене шынықтырумен айналысуға қолайлы жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде өңір спортшылары республикалық және халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел абыройын асқақтатып жүр.

Салтанатты жиында Сыр елінің спорттағы табысы жеке жетістіктермен де толықты. Грек-рим күресінен 26 жылдан кейін тарихи жеңіске қол жеткізген жерлесіміз Айдос Сұлтанғали «Жылдың үздік спортшысы» аталымына лайық деп танылды. Бұл қажырлы еңбек пен табандылықтың, кәсіби дайындықтың жемісі. Ал оның жеке бапкері Ғабиден Райымбек «Жылдың үздік жаттықтырушысы» номинациясын иеленіп, шәкірт тәрбиелеудегі жоғары шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Марапат иелерінің жетістігі тұтас өңірдегі спорт саласының жеңісі. Бұл табыстың артында жаттықтырушылардың жанкешті еңбегі, спорт мамандарының кәсібилігі және салаға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау тұр.

Айта кетейік, биыл денешынықтыру мен спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 38 млрд. 213 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазір өңірде 377 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл – өңір халқының 44,6 пайызы.

Жалпы соңғы 3 жылда 21 спорт кешені пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен алдағы уақытта тағы 5 спорт нысаны ашылады.

Биыл алғаш рет ерлер мен әйелдерге арналған «Қызылорда бокс клубы» өз жұмысын бастады. Өңірде спорт инфрақұрылымын қарқынды дамытуға ұлттық компаниялар, қорлар, жергілікті кәсіпкерлер де белсенді атсалысуда.

Мемлекет басшысының спорт инфрақұрылымын дамыту тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, «Самұрық Қазына Траст» әлеуметтік қолдау қорымен бірлескен «Теннис орталығы», Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт нысандары салынып, іске қосылды.

Бүгінде «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.

Сыр спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 158 алтын, 154 күміс, 227 қола медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 55 алтын, 38 күміс, 53 қола жүлдеге ие болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: