Елімізде білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіретін AI-Sana бағдарламасы биыл да жалғасады. Бұл туралы бүгін Ұлттық құрылтай аясында өткен Білім-ғылым секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, – деп хабарлайды Қазақпарат.
Бұл жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүмкіндік береді. Бағдарлама жасанды интеллект бойынша базалық білімнен бастап стартаптарды кәсіби дамытуға және оларды нарықта масштабтауға дейін дәйекті дамытуға бағытталған.
— Ai-Sana бағдарламасын былтырдан бері жүзеге асырып келеміз. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыды. Еліміздегі барлық студент бағдарлама аясында міндетті түрде жасанды интелект курстарынан өтеді. Бұл — ең мықты курстар. Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google тәрізді компаниялармен бірігіп, олардың курстарын қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқытып жатырмыз. Биыл ақпан айында бағдарламаның екінші екінші кезеңі басталады. Соның аясында 100 мың студент жасанды интеллектінің тереңдетілген алгоритмдерін меңгереді, — деді министр.
ЖОО-лар белгіленген үлгідегі электронды сертификат бере отырып, өздері әзірлеген курстар бойынша студенттерді оқыта алады.
— Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 «зәкірлі» ЖОО іріктеліп, бекітілді. Оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым, оның ішінде ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларының, шетелдік серіктестердің, есептеу қуаттарының болуы сияқты критерийлер бойынша іріктелді. Бұл ЖОО-лар AI-Sana бағдарламасы бойынша студенттер мен педагогикалық оқытушы құрамын оқытуды қамтамасыз ете отырып, өз өңіріндегі және көршілес облыстардағы жобаны іске асыруға жауапты болады, — деді Саясат Нұрбек.
AI-Sana бағдарламасы елімізде жасанды интеллектті дамыту үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. ЖОО-лар қабылдау комиссиясынан бастап оқу процесін сүйемелдеу және бітірумен аяқтайтын ЖОО-ның ақпараттық экожүйесін құрайтын 9 ЖИ агентін әзірледі.
Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың Әлеуметтік-даму секциясында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық балалар кітапханасы мәселесі туралы ойын білдірген еді.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!