Кеше Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен V Ұлттық Құрылтай өтті. Ал жиынның алғашқы күнінде, яғни 19 қаңтарда төрт панельдік секция отырысы болып, оған өңірлерден 100-ден астам құрылтай мүшесі қатысты. Отырыстарда әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым мәселелері көтеріліп, азаматтық қоғам және экономикалық даму бағытында ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері талқыланды.
Алғашқы «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясының отырысына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Жиын барысында Аида Балаева Ұлттық Құрылтайдың қоғам үшін маңызына тоқталып, мемлекет дамуының ұзақмерзімді бағыт-бағдары айқындалып, әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланатынын айтты.
– Ұлттық Құрылтай аясында айтылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі Құрылтай мүшелері ұсынған бастамаларды іске асыру жоспарының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру мақсатында 26 заң қабылданды. Сонымен қатар 10 заң жобасына, сондай-ақ Президент жарлықтары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Отырысқа қатысқан зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері өз ұсыныс-бастамаларын ортаға салды. Талқылаудың негізгі тақырыптары мәдениет пен креативті индустрияларды дамыту, әлеуметтік саланы жақсарту және отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері болды. Балалар контентін дамыту мен анимация индустриясын өркендету жайы да тыс қалмады.
– Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда, әрі қор құрылымында анимацияға арналған жеке бағыт қарастырылады. Менің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психологиясына ықпалын, жас ерекшеліктерін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Қордың толыққанды жұмысы басталғаннан кейін анимация индустриясы тың серпін алып, қарқынды дами түседі деп сенемін, – деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Секцияға қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәстүрді сақтау және «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру қазақстандық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты. Аида Балаева бұған қатысты аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сондай-ақ заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.
Сонымен бірге «Білім және ғылым» секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіретін AI-Sana бағдарламасы биыл да жалғасатынын айтты. Бұл – жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүмкіндік. Бағдарлама жасанды интеллект бойынша базалық білімнен бастап стартаптарды кәсіби дамытуға және оларды нарықта масштабтауға дейін дамытуға арналған.
– Ai-Sana бағдарламасын былтырдан бері жүзеге асырып келеміз. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыды. Еліміздегі барлық студент бағдарлама аясында міндетті түрде жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл – ең мықты курстар. Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google тәрізді компаниялармен бірігіп, олардың курстарын қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқытып жатырмыз. Биыл ақпан айында бағдарламаның екінші кезеңі басталады. Соның аясында 100 мың студент жасанды интеллектінің тереңдетілген алгоритмдерін меңгереді, – деді министр.
ЖОО-лар белгіленген үлгідегі электронды сертификат бере отырып, өздері әзірлеген курстар бойынша студенттерді оқыта алады.
– Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 «зәкірлі» ЖОО іріктеліп бекітілді. Оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым, оның ішінде ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларының, шетелдік серіктестердің, есептеу қуаттарының болуы сияқты критерийлер бойынша іріктелді. Бұл ЖОО-лар AI-Sana бағдарламасы бойынша студенттер мен педагогикалық оқытушы құрамын оқытуды қамтамасыз ете отырып, өз өңіріндегі және көршілес облыстардағы жобаны іске асыруға жауапты болады, – деді Саясат Нұрбек.
AI-Sana бағдарламасы жасанды интеллекттіні дамыту үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. ЖОО-лар қабылдау комиссиясынан бастап оқу процесін сүйемелдеу және бітірумен аяқтайтын ЖОО-ның ақпараттық экожүйесін құрайтын 9 ЖИ агентін әзірледі. Бұл жаңашылдықтан біздің Сыр өңірі де қалыс қалмады. Бұған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасындағы Сеул техникалық университетімен бірлескен ЖИ және информатика жоғары мектебін айтсақ болады.
«Азаматтық қоғам» секциясында Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Қызылорданың ел астанасы болған кезеңде алтын әріптермен жазылған оқиғалар өрбігенін айтты.
– Жүз жыл бұрын ел байтағы болған Қызылорда – ел тарихына алтын әріппен жазылған өңір. Алғашқы театр шымылдығы осында түріліп, ел санасына сілкініс туғызған туындылар осы топырақта дүниеге келді. Сондықтан Қызылордада Ұлттық Құрылтайдың шақырылуы – тарихи сабақтастық тұрғысынан орынды бастама. «Жүз жыл – тарих, бес жыл – белес» деген бар. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған бұл институт бес жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, қоғамның түрлі топтарының үн қосуына мүмкіндік берді. Билік пен халықтың арасын жақындастыратын алтын көпірге айналды, – деді ол.
«Экономикалық даму» бағытындағы отырыста Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылы экономика тұрақтанып, сапалы өсім болғанын айтты. Ішкі жалпы өнім 300 млрд АҚШ долларынан асса, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімде де айтарлықтай өсім бар. Көрсеткіш негізінен өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік қызметі, құрылыс салаларына тиесілі болып отыр.
Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 5,9 пайыз болып отыр. Диқан қауым дәнді дақылдардан 27,1 млн тонна өнім жинады. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіптік парктің құрылысы басталды. Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандарты енгізіліп, жергілікті деңгейде қосымша көмек түрлері біріздендірілді. Цифрландыру әлеуметтік салада құқық бұзушылықты анықтау мен алдын алуға мүмкіндік берді. Бір жарым жылда әлеуметтік саясатты трансформациялаудан 600 млрд теңге үнемделген.
– Өткен жылы жүргізілген бюджеттік мониторинг қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 8 түзету енгізіліп, жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам қаражат оңтайландырылды. Олар нақты секторға бағытталды, – деді Серік Жұманғарин.
Көлік логистикалық инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспары 204 жобаны қамтып отыр. Инфрақұрылымның тозуы 40 пайызға төмендеп, энергетикалық, коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылып келеді.
Қоғамдық диалог үлгісіне айналған Құрылтай аясында басқа да түрлі тақырып пен ұсыныстар ортаға түсті. Оның барлығы мұқият зерттеліп, тиісті қорытынды шығарылады. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда бұған дейін Құрылтайларда жүзеге асқан, елге пайдалы бастама көп. Құрылтай мүшелері бұл жолғы жиында айтылған әрбір ұсыныс та мемлекет дамуына үлес қосады деген сенімде.
Дайындаған Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!