Қазақстанда жыл сайын 70 мыңнан астам аборт жасалады екен. Бұл – 2025 жылдың қазан айындағы дерек. Сол уақытта денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Хамитова осылай мәлімдепті. Сонда 70 мыңнан астам сәби жарық дүниені көрмейді деген сөз ғой. Жасанды түсік жасататындардың басым көпшілігі 25-35 жас аралығындағы арулар деген де дерек бар. 70 мың деген аз емес. Үлкен бір ауданның халқымен тең. Былай қарасаң, жыл сайын бір ауданның халқын қырып тастағанмен бірдей. Бұл сан Жалағаш жұртынан анағұрлым көп. Оның үстіне түсік жасатқан әйелдің денсаулығы да сыр беруі мүмкін.
100 әйелдің 20-сы аборт жасатады
Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде әрбір бесінші аяғы ауыр әйел жүктілікті үзуге мәжбүр. Бұл 100 жүкті әйелдің 20-сы жасанды түсік жасатады дегенді білдіреді. Медициналық topdoc.kz сайтындағы дерекке сәйкес, Қазақстанда жүктілікті жасанды жолмен тоқтату әйелдің өз еркімен жасалады. Негізінен жүктіліктің 12-ші аптасына дейін, одан бөлек әлеуметтік көрсеткіштер бойынша 22-ші аптаға дейін жүктілікті жасанды жолмен тоқтатуы мүмкін. Акушер-гинеколог Шакизат Халықова BAQ.KZ-ке берген сұхбатында жүктілікті үзудің екі әдісі барын айтқан. Ол: «Жүктілікті үзудің екі әдісі бар: медициналық және хирургиялық жол. 12-22 апта аралығында жүктілікті үзу медициналық көрсеткіш бойынша, яғни ананың денсаулығына қауіп төнген немесе нәрестенің туабітті ақауы болуы мүмкін жағдайда жасалады. Қазақстанда жүктілікті үзу ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша медициналық мекемелерде жүргізіледі» деп маман ретінде пікір білдірген.
Денсаулығын ойлаған әйел жасанды түсік жасатпауы керек
Әлемдік медицинада құрсақтағы шарана 3-4 аптаның өзінде тірі ағза болатыны дәлелденген. Мамандар жасанды түсіктің әйел денсаулығына зиян екенін ескертіп-ақ келеді.
Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, денсаулық сақтау ісінің үздігі Жұпар Наханова «Егемен Қазақстан» газетіне денсаулығы мен болашағын ойлаған әйел жасанды түсік жасатпай, оның алдын алғаны жөн деп пікір білдірген.
– Жасанды түсік жасалғанда жүкті әйелдің гормоналды жүйесі табан асты жүріп келе жатқан жолынан жаңылып қалады. Осы гормоналды гомеостаз – гормоналдық статустың бұзылуы әйелдің түрлі ауруға ұшырау ықтималдығын ұлғайтады. Жасанды түсік сайын әйел ағзасы соққы алады. Оның соңы жатыр миомасына айналуы мүмкін. Ал оған мән бермей миома ұлғая берсе, қатерлі онкоауруға ұласады. Сондықтан денсаулығы мен болашағын ойлаған әйел жасанды түсік жасатпай, оның алдын алғаны жөн. Жүктіліктің өзін жоспарлап, аналық міндетіне жауапкершілікпен қараған әйелдің өзі де, ұрпағы да сау болады. Ағзасын тексеріп, тіпті тісін құрт жеп жатса да алдын ала емделгені жөн. Әйтпесе қаны аз, тісі түсіп, бүйрегі дұрыс жұмыс істемейтін әйелден қалайша сау бала туады? Қоғамда қазір туабітті сырқат балалардың дүниеге келуі азаяр емес. Оның басты себебі – ана денсаулығының ақауында, – дейді жоғары санатты дәрігер.
Министр не дейді?
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2025 жылғы 7 қазанда өткен Үкімет брифингінде елімізде жыл сайын шамамен 75 мың түсік жасалатынын айтқан.
Министр қазіргі таңда емханаларда әйелдерге заманауи отбасын жоспарлау құралдарын тегін алу мүмкіндігі жасалғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бұл жұмысты кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр.
– Қазақстанда жыл сайын шамамен 75 мың түсік жасалады. Отбасын жоспарлаудың заманауи әдістері бар кезде бұл көрсеткішті азайтуымыз керек. Себебі әрбір аборт – әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі жергілікті органдармен бірлесіп, нақты шаралар қабылдап жатыр. Қазір әлеуметтік осал топтағы әйелдерге қажетті құралдарды емханалар тегін береді, – деді министр.
Дін үкімі
Жасанды түсікке деген діннің үкімін білу мақсатында облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің пәтуа бөліміне жауапты маман Айболат Төлебайұлына хабарласқан едік. Ол шариғат бойынша себепсіз жасанды түсік жасату харам екенін жеткізді.
– Жатырдағы балаға жан берілгеннен кейін түсік жасатуға тыйым салынады. Алайда сенімді әрі әділ бірнеше дәрігердің қорытындысы бойынша құрсақтағы бала ананың өміріне қауіп төндірсе, ананың өмірін сақтау мақсатында жасанды түсік жасатуға рұқсат етіледі, – деп жауап берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты fatua.kz сайтында түсік жасату жазықсыз бір адамның өмірін қиғанмен тең екені жазылған.
«Ғалымдар ананың құрсағындағы бала 120 күнге жететін болса, яғни ол рух берілетін мерзім, онда құрсақтағы баланы түсіруге және жасанды түсік жасауға бірауыздан қатаң түрде тыйым салған. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай деді: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді:1) ризығын; 2) қанша өмір сүретінін; 3) істейтін амалын; 4) бақытты не бақытсыз болатынын». Расында, түсік жасату жазықсыз бір адамның өмірін қиғанмен тең», – делінген fatua.kz сайтында.
Содан кейін бала
көтере алмадым
Қыз-келіншектерге түсік жасатуға түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік ахуал да, денсаулық та әсер етеді. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ алданып қалған немесе зорланғаннан кейін жүкті болғандар да осы қадамға барып жатады.
Астаналық дәрігер-гинеколог Шара Ілиясқызы түсік жасатудың соңы бедеулікке әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Дәрігер stan.kz-ке берген сұхбатында: «Әйелдер маған түсік жасатуға бекініп келеді. Оның себебі көп: балалы болуды қаламайды, ана болуға дайын емес, әлеуметтік жағдайы төмен. Мен жағдайдың мән-жайын білу үшін олармен сөйлесемін. Аборт жасатқаннан кейін психологиялық және моральдық тұрғыда дайын болу керегін ескертемін. Түсік жасатып, кейін өкініп, өз-өзін кінәләйтін болса оның соңы бедеулікке әкеліп соғуы ғажап емес. Себебі әйелдің психологиялық, эмоционалдық күйі өте маңызды фактор», – деп атап өткен.
Құрсақтағы баласын жасанды түсік арқылы алдырған Айгүл (аты өзгертілді) есімді ару аборттан кейін бала көтере алмай жүргенін жеткізді.
– Студент күнімде бір жігітке алданып, жүкті болып қалдым. Сүйемін, күйемін деген азаматым ақыр соңында менен де, баладан да бас тартты. Бұл жағдайды әке-шешеме айта алмадым. Амалдың жоғынан аборт жасаттым. Дәрігерлер оның денсаулыққа қауіпті екенін қаншама рет ескертті. Алайда менде басқа жол жоқ еді. Содан бері он жылдан аса уақыт өтті. Тұрмыс құрдым, жұмысым да бар. Бірақ бала жоқ. Аборт жасатқан соң бала көтере алмай жүрмін. Қаралмаған дәрігер қалмады. Әлде де болса үміт үзгіміз келмейді, – деді Айгүл көз жасына ерік беріп.
Жылына 500 мыңға жуық әйел қайтыс болады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, бір рет түсік жасатқан анадан туған сәбидің көбі гемотологиялық ауруға шалдығуы ықтимал. Ең өкініштісі, өмірге келмей жатып мүгедек болуы немесе туысымен шетінеп кетуі де мүмкін.
Статистикалық дерек бойынша Қазақстанда бала тууға қабілетті 4 млн-нан астам ару бар. Одан бөлек 1 млн-ға жуық жасөспірім қыз бар. Бұл сандарды неге тәптіштеп айтып отырмыз? Өйткені елімізде ерте жүкті болу дерегі де артқан. Кейінгі бірнеше жылда 15-18 жас аралығындағы қыздардың бала туу көрсеткіші 50,5 пайызға артыпты. 2023 жылғы күзде Ranking.kz агенттігі елде 2017 жылы 3,4 мың, ал 2022 жылы 5,2 мыңға жуық кәмелетке толмаған қыз жүкті болғанын жазды. 2023 жылғы көрсеткіш 5 мыңға жуықтаған. 2024 жылғы көрсеткіштер де көңіл көншітпейді.
Мамандар бедеулік диагнозы қойылатын 100 әйелдің 75-сінде оның бірден-бір себебі алғашқы жүктілікте жасатқан түсік болып саналатынын айтуда. Ерте жүктілік салдарынан бір рет түсік жасатқан ағзада жүктіліктің асқынуы жиілеп және кейінгі босануларда қан кету, уақытынан бұрын босану 2 есе артады, кейде қайта бала көтере алмау секілді зардаптары болуы әбден мүмкін. Ал әлемде түсік тастаудың асқынуы салдарынан жыл сайын 500 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Түптеп келгенде бұл мәселе халық саулығына да тікелей әсер ететінін ұмытпау керек.
Түйін
Мақаланың басында елімізде жылына 70 мыңнан аса түсік жасалатынын айттық. Оның басым көпшілігі 25-35 жас аралығындағы әйелдер екенін де тілге тиек еттік. Тіпті жасына жетпей жүкті болатындардың саны 5 мыңнан асқанын да алға тарттық. Бұның барлығы жәй дерек емес. Халықтың демографиясы мен елдің саулығына әсер етіп жатқан проблема. Аборттың санын қарапайым арифметикамен бір айда 30 күн бар деп есептегенде күніне 200 әйел құрсақтағы баласын алдырады екен. Сонда 200 адамды өз қолымызбен өлтіріп отырмыз деген сөз. Министр айтқан 75 мыңды негізге алсақ, бұл сан одан да көбейе түседі. Бұл медицина мекемелеріне тіркелгені ғана, ал тіркелмей жасалған аборттың санын біз білмейміз. Оның үстіне денсаулық сақтау министрі елімізде абортқа тыйым салынбайтынын да ашық айтты. Не істемек керек? Басқа қандай амалы бар? Ар-ұятқа ғана сүйеніп отыра берудің нәтижесін онсыз да көріп отырмыз. Әйтсе де жасанды түсікке келгенде қандай да бір жолын қарастырмаса болмайды.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!