Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Сәрсенбі, 04 ақпан, 15:52

AMANAT: УӘДЕ НАҚТЫ ІСПЕН ОРЫНДАЛУДА

04.02.2026

12

0

Бүгін «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне партия филиалымен 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша брифинг беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.

«AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы Қызылорда облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Барлық бағыттар бойынша нақты Жол карталары бекітіліп, іс-шаралар қажетті қаржымен қамтамасыз етілген.

2025 жылдың қорытындысымен облыста сайлауалды бағдарламаның орындалу деңгейі 91,9 пайызды құрады. Жол картаға енгізілген 110 іс-шараның 101-і толық орындалған, қалған іс-шаралар орындалу сатысында тұр. Атап өту керек, партияның облыстық филиалы бұған дейін республикада үш жыл қатарынан сайлауалды бағдарламаны 100 пайыз орындаған үздік филиалдардың бірі.

Жандос Базартай брифинг барысында: «Біздің басты ұстанымымыз – халыққа берілген әрбір уәденің нақты нәтижемен орындалуы. Партия жұмысының тиімділігі сандармен емес, тұрғындардың өмір сапасындағы оң өзгерістермен өлшенуі тиіс», – деп атап өтті.

2025 жылы өңірде Сайлауалды бағдарлама аясында әлеуметтік маңызы бар бірқатар ірі жобалар іске асырылған. Атап айтқанда, 10 елді мекен газдандырылып, облысты газбен қамту деңгейі 83 пайызға жеткен. Спорт саласында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, халықты спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші артқан.

Білім беру бағытында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4200 орындық 5 «Келешек мектебі», 3 мектеп іске қосылып, қосымша 6 білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сапалы ауыз сумен қамту бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы облыс халқы орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтылған.

Сонымен қатар денсаулық сақтау, мәдениет, тұрғын үй құрылысы, жол және жылу желілерін жаңғырту салаларында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Өткен жылы 939,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспары 132 пайызға артығымен орындалған.

Партия филиалының төрағасы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп, бюджет қаржысы есебінен 1822 дайын жаңа пәтер сатып алынды. Бұл жұмыстар биыл да жоспарға сәйкес жүргізілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, есепті мерзімде өңірде 1 аудан, 56 ауылда әкімдер сайлауы өтіп, барлығында «AMANAT» партиясынан ұсынылған үміткерлер жеңіске жеткен.

Партиялық бақылау комиссияларының аймақтық және аумақтық деңгейлерде 94 отырысы өтіп, оларда көтерілген 566 ұсыныстың 400-і орындалған. Жол картасында көрсетілген 84 нысанға партиялық бақылау бекеттері орнатылып, бүгінгі күні 80-і пайдалануға берілген. Партиялық бақылау комиссияларынан бөлек барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялардың жұмысы жаңа жолға қойылған. Есепті кезеңде мәслихаттардағы фракциялардың 61 отырысы өткізіліп, фракция мүшелерімен тиісті органдарға 1377 депутаттық сауал жолданған.

Сонымен бірге түрлі мәселелер бойынша нақты практикалық шешімдерді әзірлейтін диалог алаңдарына айналған партия жанындағы Кеңестердің 62 отырысы өтіп, оларда қаралған 124 мәселе бойынша 435 ұсыныс тиісті органдарға жолданған.

Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 8212 арыз-өтініш түсіп, олардың 60,5% оң шешілген. 3170 өтініш бойынша заңнамалық түсіндірмелер мен құқықтық кеңестер берілген. Елді мекендерде 130 мобильді қабылдау өткізіліп, көтерілген 1174 мәселенің 51 пайызы оң нәтижеге қол жеткізген.

Брифинг барысында партияның облыстық филиалының төрағасы партиялық жобалар мен филиал жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатымен атқарылған жұмыстарды да тілге тиек етті.

Мәселен, өңірде өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 мрлд 490 млн теңгеге 297 жоба қаржыландырылған. «Жер аманаты» жобасы бойынша 60,0 мың гектар жерді қайтару жоспарланып, 66791 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 1626 гектары заң аясында тұрғындардың пайдалануына берілген. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 22800 азаматқа қызмет көрсету көзделіп, жоспар 172 пайызға орындалған. Жоба қорытындысы бойынша облыс командасы өткен жылы республикада үздіктер қатарынан көрінген.

Жастармен жұмыс та ерекше назарда. Өңіріміздегі белсенді жастардың бірлескен жұмысының нәтижесінде әртүрлі бағыттағы облыстық және республикалық маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы қорытындысымен «Жастар рухы» Жастар қанатының облыстық филиалы республика бойынша үздік деп танылған.

Қорытындылай келе, Жандос Базартай партия филиалы алдағы кезеңде де халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, сайлауалды уәделердің толық орындалуын қамтамасыз етуге күш салатынын атап өтті.

AMANAT

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: