Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 10:10

Тазалық өз аулаңнан басталсын

09.08.2022

555

0

Өткен сенбіде аудан орталығында және ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде жаппай санитарлық тазарту іс-шарасы өтті. Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін аудандағы барлық мекеме ұжымы жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, сенбілік жұмыстарының қарқын алуына өз үлестерін қосты.

Көктемде қарқын алған сенбілік жұмыстары шіліңгір шілденің ысты­ғына байланысты бір ай толас­таған болатын. Енді өткен сенбіден бастап ауданда тазалық айлығы басталды. Тазалыққа тас­тай талап керек екені айтпаса белгілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы жұмыстарды кезек күт­тірмей істеу кенттегі әрбір тұрғынның міндеті деп есептейміз. Өйткені өңірдің өркендеуіне, мұнтаздай таза болуына атсалысу әрбірімізге азаматтық па­рыз. Кенттің көркейіп-көгалдануы тек қаражатқа келіп тірелмейтінін түсі­нуіміз керек. Яғни өңірдің әрбір күл-қоқысын тазарту екі қолдың көмегімен жасалатын іс.


Біле білсек, сол күл-қоқысты тас­тайтын өзіміз, әр ауланың айна­ласына тұрмыстық қалдықтарды жи­­­­нап қоятын да өзіміз, қала берді адам аяғы басуға болмайтын кір суын да төге салатын сол тұрғындардың өз­дері. Адам баласы ақыл айтуға шебер ғой, бірақ сол өзгеге айтқанын өзі де істесе құба-құп. Алайда бұлай болмай тұр. Кешегі аудан әкімінің үндеуінде айтқан иесіз жайылған төрт-түліктің де иесі осы аудан тұрғындары екені белгілі. Сөйте тұра, талап қоя­мыз, орындалған істі көрмейміз, нәти­жесін күтпейміз.


Халық тарапынан кентті абат­тан­дыру жұмысы туралы сөз болғанда айтылатын бір ғана жауап ол – әрбір үй иесінің тазалықты өз ауласынан бастауы және кентті көркейту жұмыс­тары ауданның бюджетіне қарай ке­зең кезеңімен жүзеге асатыны. Иә, бұл ретте біздің қарсы қол көте­руге ұятымыз жібермейді, өйткені ау­да­нымыздың қазынасы өзгелерге қара­ғанда мәз емес екенін білеміз. Бірақ қол қусырып қарап отырмау керек, әрекет етуге тиіспіз.


Қазір аудандағы әрбір мекеме ұжы­мы тазалық маусымында табан­дылық танытып жатқанын көріп отыр­мыз. Енді әрбір сенбілікке жергілікті тұрғындар да өз үлестерін қосқаны абзал. Әрбір адам өзі тұратын үйдің ауласы мен көшелердің көркеюіне және тазалығына мән берсе, күл-қо­­­қыстармен келетін түрлі инфек­циялық аурудың болмасы да анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісті жәшіктің ішіне салынуы, жәшік тол­ған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы да үлкен септігін тигізеді.


Жеке тұрғынның меншігіне қарасты аула әркез таза болса, сенбілік жұ­мыс­тарына білек сыбана кіріскен ме­кеме қызметкерлерінің де жұмысы жеңілдер еді. Олар да әр сенбі сайын сенбілікке шығып, демалысын өзгеге тиесілі ауланы тазалаумен өткізгеннің орнына өз ауласын тазалауға уақыты болар еді. Үйден шыққан қалдық, кір, кәріз сулары көше бойында орна­ласқан ағаштардың түбіне төгіле бер­се, жайқалған ағаштан таза оттегі емес, лас ауа бөлінуі мүмкін. Тіпті қан­ша жылдардан бері келе жатқан жа­сыл желек еңсесін тіктеудің орнына, қурауы ғажап емес.


Ойлап қарасақ, әкім бір өңірді бас­қарып отыр, сондықтан, сол елдің қауіп­сіздігіне, әлеуметтік жағдайына жауапты дегенмен, тұрғындар да осы жауаптылықтан жалтармау қажет қой. Тазалық айлығында кентті тазаласақ, кім үшін? Халық үшін емес пе? Ендеше жұрт үшін көтерілген бастамаларды жүзеге асыруда жалағаштықтарға жұ­мыла іс қылатын уақыт жетті. Біздікі көзі қарақты оқырманға ой салу.

Н.АЛМАС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: