Биыл 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Иә, бұл саяси құжатта мемлекеттің жарқын болашағы жолында әрбір сала бойынша мақсат-міндеттеріміз айқындалды. 5 бағыттан тұратын Жолдауда жаңа реформалардың саяси, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық бағыт-бағдары нақтыланды. Соның бірі – заң мен тәртіп.
Елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуде прокуратураның рөлі ерекше. Прокуратура заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін, сондай-ақ қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады.
Саяси құжатта Мемлекет басшысы адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстардың көбейгенін, бұл қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және қылмыскерлерді мерзімінен бұрын босату тәжірибесін тоқтату қажеттігін қаперге салды. Бұл – дұрыс шешім. Себебі Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, соңғы жылдары елімізде орын алған қылмыстың бұл түрлерінде өсім барын байқаймыз. Енді аталған қылмыстарды азайту үшін алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мұндай қылмыстармен сотты болғандар жазасын толық өтейтін болады.
Соңғы жылдары ғаламтор, әлеуметтік желілер алаяқтардың оңай олжаға кенелер ортасына айналған. Бұл сөзімізге дәлел келтіру үшін қыр асудың қажеті жоқ. Бір ғана Жалағаш ауданының өзінде биыл 5 алаяқтық қылмыс тіркеліп, жәбірленушілерге жалпы құны 6,3 млн теңге залал келтірілген. Аудан тұрғындарын осы қылмыстардан сақтауды мақсат етіп, аудандық прокуратураның үйлестіруімен, жергілікті атқарушы және полиция органдарымен қылмыстылықтың профилактикасы, соның ішінде алаяқтық, есірткі айналымына, меншікке қарсы қылмыстарды болдырмауға бағытталған бірлескен шаралар үнемі іске асырылып келеді.
Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі де қазір қоғам талқысында. Тұрмыста орын алып жатқан мұндай жағдайларды анықтау қиын, әрине. Себебі осындай оқиғаларды тергеп-тексеру оңай емес. Десе де Президент айтқандай, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға тағы болмайды. Мұндай теріс әрекеттің орын алуына себепкер тұлғалар жазаға тартылмаса, біздің қоғамда бұл мәселеге айналып соғатынымыз анық. Бір жағынан бұл біздің «Мемлекеттің басты құндылығы – адам» деген айқын ұстанымымызға тағы қайшы келетіні сөзсіз. Сондықтан мұндай әрекетке барғандарға жазаны күшейтетін уақыт жетті. Демек, енді отбасылық зорлық-зомбылықты жасаған тұлғалар үшін де жаза қатаңдатылады. Бұл өзгерістер бірінші кезекте ерекше қорғауды қажет ететін топ, яғни балалар мен әйелдердің құқығы мен мүддесін қорғауға және елімізде отбасы институтын нығайтуға бағытталғаны сөзсіз.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне қайта табыстаудың экономикамыз үшін маңызы жоғары екенін ерекше атап өтті. Осыған дейін елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Ал Жолдауда Президент жыл аяғына дейін 5 млн гектар жерді қайтарып алу межеленіп отырғанын айтады. Бұл елімізде әлі де қаншама жердің мақсатты игерілмей жатқанын аңғартады. Осы мақсатта Президентпен жер саласын тексеруге тыйым салатын мораторийдің күші жойылған. Демек осыған дейін елімізде заңсыз берілген жерлерге қатысты олқылықты жоюға мүмкіндік жоқ емес.
Президент Жолдауында дәл осы мәселеге қатысты нақтыланған мақсат-міндеттерді орындау Жалағаш ауданында да жоспарлы түрде жүзеге асуда. Мәселен, аудандық прокуратураның ықпалымен осыған дейін жалпы құны 17 млн теңгені құрайтын, 2 862 гектар жерге қатысты 15 игерілмеген жер учаскесі мемлекетке кері қайтарылды. Алдағы уақытта да аудандық прокуратура тарапынан игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару шаралары жалғасын табады.
Мемлекеттің тұрақты дамуының, саяси реформаларды іске асырудың кепілі – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі. Алайда жыл сайын елімізде халықты арандатып, заң бұзуға шақыру жағдайлары жиі кездеседі. Бұл тұста Президент «Бізге ел бірлігі ауадай қажет. «Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғамның есіне салғым келеді» деп мемлекеттің нақты ұстанымын мәлімдеп, халықты бірігіп, әділетті Қазақстанды құруға шақырды. Біздің де Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Расында бірлік болмай тірлік болмайтыны белгілі. Мұны бабаларымыз «Бақ бірлігі жарасқан елге қонады» деген бір ғана қанатты сөзбен бізге өсиет етті.
Жалпы Жолдауда мемлекет болашағы жолында нақты мақсат-міндеттердің барлығы қамтылғанын жоғарыда айттық. Енді барша отандастардың алдында бір ғана міндет бар. Ол – саяси құжатта айқындалған мақсаттарды жұмыла жүзеге асырып, Президент айтқан әділетті Қазақстанды, берекелі қоғамды бірге құру.
Шыңғыс Есжанов,
Жалағаш ауданының прокуроры
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!