Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары Citi, Goldman Sachs, NASDAQ, Auerbach Grayson & Company LLP, Franklin Templeton, Brightlight Capital, AllianceBernstein, Jefferies Financial Group, Luxor Capital Group, Paine Schwartz Partners LLC, New Silk Road Forum, Robotti & Company Advisors, TPG Capital, Grupo Los Grobo сияқты жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық қаржыгерлерге еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы бұл маңызды өзгерістердің қаржы-экономика секторына ықпалы тұрғысынан мәні зор екенін айтты.
– Бизнес пен қаржы институттары үшін бұл нені білдіреді? Бұл нарыққа шығу жолын кеңейту мен ашықтықты қаматамасыз ету. Жалпы, жеке сектор мен халықаралық серіктестер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу дегенді білдіреді, – деді Президент.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың маңызды секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы Қазақстанның мүмкіндіктеріне назар аударды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталды. Президент Қордың активтерін жекешелендіруге байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылатынын айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы еліміздің зор әлеуетіне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында жасалған қолайлы жағдайға назар аударды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда америкалық іскер топтарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!