Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сенбі, 23 қараша, 00:02

Бас имам мәһір ұғымына түсінік берді

20.09.2022

526

0

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде мәһір ұғымы талқыланып жатыр. Ислам шарттарына сәйкес неке қияр алдында қалыңдық болашақ жарынан сый – мәһір талап етуге құқылы. Заман ағымына сай мәһірге берілетін сыйдың түрі де, мөлшері де өзгеріп келеді. Соңғы жылдары жастар арасында қымбат көлік сұрау сәнге айналған. Осы орайда желідегі жеке парақшасында Ақмешіт – Сырдария мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов түсінік берген екен.

Болатбек Ұласханұлының айтуынша мәһір — ер кісінің неке қию барысында әйеліне беретін сыйлығы.

«Оны әйелдің құны деп түсіну қате! Ол — сыйлық. Әрі тек әйелдің өзіне ғана тиесілі. Оның үкімі Құран және сүннетпен бекітілген. Әбу Ханифа мазхабы бойынша мәһір сыйлығы міндетті түрде берілуі керек! Құранда Алла Тағала: “Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар шын көңілден сол мәһірдің бір бөлігін өздеріңе қайтарып берсе (яғни оның бір бөлігін отбасының ішіп-жеміне жұмсаса), оны тәбетпен ішіп-жеңдер, ас болсын!”, — дейді. (“Ниса” сүресі, 4-аят)
Мәһір берудегі мақсат: әдетте ер кісі бірінші болып қадам жасайтын болғандықтан некеге шынымен ниетті екенін білдіру және әйеліне деген сүйіспеншілігін көрсету. Бір жағынан Исламда әйелдің де, баланың да нәпақасы ер азаматтың мойнында болғандықтан бұл оның некеге жауапкершілікпен қарайтынын да байқатады.
Мәһір міндетті түрде үй, көлік сияқты қымбат дүние болсын деген үкім жоқ. Тіпті, ер кісінің жағдайына қарай сұралғаны жақсы. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Ең берекелі әйел – ең мәһірі аз әйел”, — деген. Мысалы, қазақ салтында қалың мал беріледі. Егер қыз соны мәһірім деп қабылдаса, онда ол мәһір болып саналады», – деп жазды бас имам.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: