Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 01:50

Берік байланыс, ортақ мүдде

15.10.2022

797

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен мемлекеттер басшыларының «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы кездесуі өтті. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бүкіл шекара бойында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңірдегі ең маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, терроризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті болып отыр.

– Саммит осы бағыттағы келісілген әдістерді әзірлеуге ықпал етуді көздейді. Кез­десуіміздің күн тәртібі елде­ріміз ара­сындағы сауда-экономикалық, ­әсі­ре­­се инвестициялық серіктестік, өнді­ріс­­тік кооперация, көлік-транзит бағыт­та­­рын әртараптандыру жөніндегі ын­­­ты­­мақ­­­­­тастықты кеңейте түсуге мүм­кін­­­­дік беретініне сенім білдіремін. Ресей Фе­­де­рациясымен бірге біз өңірлік эконо­ми­­калық ынтымақтастық әлеуетін то­­лық­­­­­­қанды пайдалана аламыз. Күн тәр­ті­­­бін­дегі ең маңызды мәселе – елде­ріміз ара­­­­сындағы адамдардың өзара бай­ла­ны­­­сының жоғары деңгейін сақтау, – де­ді­ Қа­­сым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің бірлескен күш-жігерінің арқа­сында тауар айналымының панде­мияға дейінгі деңгейі қалпына келіп қана қоймай, оның едәуір артқанын мәлімдеді. Былтыр өңірішілік сауда-саттық 34 пайызға өсіп, 6 млрд доллардан асқан.
Президент кездесу барысында қол жеткізілетін уағдаластықтар алты­жақты ынтымақтастықтың іргетасын нығайтатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі көзқарасын негізгі өлшемдер тұрғысынан жеткізді.
– Бірінші, бұл – қауіпсіздік. Тағдыр біздің елдерімізге бірге болуды жазған. Ортақ тарихымызды сақтай отырып, халықтарымыздың игілігі үшін ортақ келе­шегімізді құруға тиіспіз. Әр мемлекет­тегі тұрақтылық пен қауіпсіздік бүкіл аймақтың дамуына тікелей әсер етеді. Мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың түпкі мүддесін басшылыққа ала отырып, назарларыңызды жаңа қауіп-қатерлердің алдын алуға және оған дер кезінде төтеп беруге арналған тиімді әдістерді әзірлеу қажеттігіне аударғым келеді, – деді Мем­ле­кет басшысы.
Президенттің пікірінше, қазіргі өзара іс-әрекет тетіктері жүйелі түрде жетілдіруді қажет етеді. Оның айтуынша, аймақтағы ахуалды тұрақсыздандыруға тырысу, қақтығыстарды өршіту үшін гибридтік және ақпараттық технологияларды пай­да­лану – осының айқын мысалы. Осы­ған байланысты елдердің қауіпсіздік кеңес­­тері аппараттарына алдын алу шараларының механизмдерін әзірлеу және жасақтау туралы ұсыныс беру жөнінде айтылды. Бұл істе ақпарат алма­суға және қауіп-қатерді алдын ала анықтауға баса мән берілуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға айрықша көңіл бөлу керек деп есептейді. Елдеріміз үшін оның қаупі әлі сейілген жоқ. Президенттің пікірінше, тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі.
– Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халық­аралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Аталған мәселені қарастыру үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономиканы екінші өлшем ретінде атап өтті. Сондай-ақ саммит қатысушыларына Орталық Азия елдері мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының жаңа моделін әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Оның айтуынша, Шағын және орта бизнесті қол­дау шараларына, энергетика, өнер­кәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруа­шылығы салаларындағы бірлескен жоба­ларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет.
– Сауда кедергілерін жою және про­тек­ционистік шараларға жол бермеу маңызды. Бізге өңірішілік сауда-сат­тықты дамытуға бағытталған күш-жігер­ді жандандыру қажет. Бұл жерде тауар айналымының құрылымын жақсар­туға және оның номенклатурасын кеңей­туге мән берген жөн. Бүгінде біздің өнді­рісіміздің дамуына орай шетелдік өнімдердің көптеген түрін бір-біріміздің тауар­ларымызбен өзара тиімді негізде алмастыра аламыз. Экспорттық-импорт­тық операцияларға жасалған талдау осы бағытта мол мүмкіндік бар екенін көрсетті, – деді Президент.
Мемлекет басшысы цифрландыру сала­сында бірге белсенді жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға Қазақстан дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші өлшем – көлік және транзит мәсе­лесіне де тоқталды. Ол дәстүрлі логистикалық тізбек үзілген жағдайда аймақтағы елдер көлік-транзит әлеуетін толыққанды пайдалану қажет екенін атап өтті. Осы ретте қазіргі әлемде ақпараттық кеңістіктегі теріс құбылыс­тардың алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы артып келеді деп санайды.
– Цифрлық технологиялардың, әлеу­меттік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салда­рынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігер зая кетеді. Дау-жанжал мен дүр­бе­­леңді болдырмау үшін салалық ве­­дом­ство­ларымыз бен қоғамдық ұйым­да­ры­мыз тығыз ынтымақтастық орна­тып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуі тиіс. Көп нәрсе біздің мемлекет қайраткерлеріміздің сая­си жауап­кершілігіне де байланысты. Өкі­ніш­ке қарай кейбір елдерде мемле­кеттер бас­шыларына қатысты негізсіз аран­датушылық сипаттағы сөздер айты­латын жағдайлар кездеседі. Бұл, әрине біздің ынтымақтастығымызға нұқсан кел­тіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында кездесу нәтижелері өзара достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік арқасында берік байланыс орнатқан, қуатты әрі өркендеген мемлекет қалып­тастыру жолындағы ортақ мақсатқа жетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сонымен қатар саммитте Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрік­менстан Президенті Сердар Бердімұ­хамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

«ЖЖ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: