Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жұма, 22 қараша, 23:42

ЖАЛАҒАШТЫҚ ЖАСТАР ЖЕМІСТІ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА

24.11.2022

277

0

Иә, «Мемлекет болашағын жастармен байланыстырады» деп көп жерде айтуын айтамыз ғой, бірақ мағынасына біз толық бойлап жүрміз бе? Осы сауалдың түйінін тарқатуға келгенде кібіртіктейтініміз тағы бар. Бірақ жалағаштық жастардың бұл қанатты сөзді кейінгі буынға артылған үлкен сенім деп қабылдауы қуантады. Шындап келгенде, аудан жастары дәл осындай сенім үдесінен шығып жүр, мемлекет тарапынан оларға қандай қолдау бар, барлығын тиімді пайдаланып, жас та болса болардың халықтың қажетіне жарайтындай жобаларды жүзеге асырып жатқаны қуантады.

Жуырда аудан жастарының еңбек лагерінде болдық. Қай істе де тартынып қалмайтын кейінгі буын бізді қара жұмысқа да ептілігімен таңқалдырды.

Иә, негізінен жалағаштық жастар соңғы жылдары жарқын жобаларды жүзеге асыруда алдына жан салмай келеді. Бастысы, олар қолға алған әрбір жобаның жемісін тұтастай аудан жұрты көріп келеді. Еңбек лагерінде нәзікжандылар үй жұмысында ұқыптылық танытса, жігіттер жағы дала жұмысында өздерін ширатты. Тіпті нәзікжандылардың бірқатары ерлермен етене жүріп, қайраттылық танытқанын көзімізбен көрдік. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық та қайнаған еңбектің қақ ортасында жүр. Олай жүретін реті де, ауылда өсіп, қатарластарын қара жұмысқа салып, өзі анадай жерден бақылап тұрса, атына сын болатынын жақсы біледі. Көппен бірге шаруашылықтарға көмек берген жастардың көшбасшысын әңгімеге де тартқанбыз. Ауызын бақсақ, ауданда жастар саясатын жүзеге асыруда біршама ауқымды жобалар жүзеге асыпты. Тарқатайық…

Жалағаш ауданында 14 пен 29 жас аралығында 7 974 жас бар екен. Бұл аудандағы жалпы халық санының 22,7 пайызын құрайды. Ал облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, ауданда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,5 пайызды құрап отыр.

Биыл аудандағы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 14 млн 406 мың теңге қаражат қаралған. Оның ішінде 4 млн 525 мың теңгеге аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 3 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Әрқайсысына жеке-жеке толталатын болсақ, соның бірі – «Жалағаш ауданындағы жұмыссыз санаттағы жастарға бағытталған шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі. Жобаның жалпы құны – 875 000 теңгені құрайды. Жүзеге асырушы – «Шабыт» қоғамдық қоры екен. Бүгінге дейін «Шабыт» қоғамдық қоры және аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан орталығында халық көп шоғырланған орындарда арнайы сала мамандарының қатысуымен кеңес беру шаралары, NEET санатындағы жастарды қоғамдық ортаға тарту мақсатында ауылдық округтерде аймақтық спорттық сайыстар, жастар және жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу үшін түңгі рейд, нашақорлықтың зардаптары туралы жоғары сынып оқушылары арасында видеороликтер байқаулары, жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында сұхбаттар жүргізілген.

Бұдан бөлек жастарға патриоттық тәрбие беру және азаматтық белсенділігін арттыруға, шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру да бар. Жоба құны – 1 млн 540 мың теңгені құрайды екен. Жүзеге асырушы – «QAZAQSTAN JASTARY» қоғамдық қоры болып табылады.

Осыған дейін аталған қор мен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында әскери спорттық сайыстар, аудандық жайдарман ойындары, психологиялық семинарлар, ерікті жастар қозғалысын дамыту, жастар арасында мерекелік шараларды атап өту жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда аудандық жастар ресурстық орталығы жастар форумы мен жастар сыйлығына байқау ұйымдастыруды да жүзеге асырып келеді. Жобаның жалпы құны – 1 млн 390 мың теңгені құрайды екен. Жүзеге асырушы – Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі болып табылады.

Қазан айында өз саласының үздіктерін анықтау үшін байқау жарияланған болатын. Арнайы құрылған комиссия 10 номинация бойынша байқауға қатысып, іріктелген жастарды аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығымен марапаттайды. Бір реттік сыйақы мөлшері – 100 000 теңгені құрайды.

Иә, бес жыл бұрын құрылған аудандық жастар ресурстық орталығының өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда рөлі орасан. Жалағаш ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бүгінде 7 адам жұмыс істейді. Орталық 2017 жылдан бері ауданымызда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда қарқынды жұмыс атқарып келе жатқанын жақсы білеміз. Нәтиже де жаман емес. Жастарды ауданның қоғамдық-саяси өміріне тарту бойынша тұрақты түрде түрлі тақырыптағы сауалнамалар алынып, қорытындысымен тиісті жұмыстар атқарылуда.

Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 98 шара өткізіліп, оған 4700-ге жуық жас қатысыпты. Жыл басынан бері кездесу, акция, семинар-тренингтер, мерекелік шаралар, түңгі рейдтер, қайырымдылық шаралар, спорттық шаралар ұйымдастырылған. Аудан жастарының шығармашылығын дамыту мақсатында «Жастар кеші» аудандық жайдарман лигасы, жастарға ауылдың құндылықтарын насихаттау үшін «Еңбек» лагері, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ашық ақпарат көздерінен кинолар және спорттық сайыстардың тікелей көрсетілімдері дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді.

Расында бұл шаралардың барлығының да өзіндік мәні бар. оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда бізге осылардың ішінде ең ұнағаны «Еңбек» лагері болды. Мақсаты – өздеріңіз көріп тұрғандай, жастарды еңбекке баулу. Бұл лагер Жалағашта жыл сайын ұйымдастырылып келеді екен. Онда аудан жастары бірнеше күн ауылдарға саяхаттап, дала жұмысында өздерін ширатады. Биыл кезекті «Еңбек» лагері Әліби Бекжанов ағамыздың шаруашылық жерінде жалғасын тапты. Халық қалаулысы 30 гектар жер ашып, онда бірқатар бақша дақылын орналастырған болатын. Аудан жастары бірнеше күннен бері сондағы картопты жинау жұмысына жәрдем берді.

Әліби Бекжанов бір жағынан өзінің кәсіпке қалай қадам басқанын, жалпы ауыл шаруашылығы саласында нендей жобаларды қолға алғанын, оларды жүзеге асыру тәжірибесімен де бөлісті. Міне, ертең алдыңғы буыннан осындай тәлім, өнеге алған жалағаштық жастардан болашақта үлкен кәсіпкер шықпасына кім кепіл? Бұл шараның өзіндік ерекше мәні бар деуіміз сондықтан.

Жоғарыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де ерекше тоқталдық. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесімен күресуде біршама шаралар қолға алыныпты. Нәтиже де жоқ емес. NEET санатындағы жастарды анықтау мақсатында сауалнама жұмыстары жүргізілген болатын. Сауалнамаға 15-28 жас аралығындағы 4 915 жас қатысыпты, бұл аудан жастарының 67,8 пайызын құрайды. Соның 412-сі NEET санатындағы жастар екені анықталған.

NEET санатындағы жастармен жүргізілген жұмыстар нәтижесіне келсек, 59 жас тұрақты жұмыс орнына, 17 жас үй шаруасында, 72 жас бала күтімінде, 56 жас ақылы қоғамдық жұмыста, 85 жас өзін-өзі жұмыспен қамтығаны, 1 жас әскерде, 38 жас студент, 25 жас көшіп кеткен, 11 мүмкіндігі шектеулі жас, 48 жұмыссыз жас екені анықталған. Бұл санаттағы жастарды жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікке тарту үшін тиісті жұмыстар әлі де жасалып келеді, жыл соңына дейін NEET санатындағы жастарды толық мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына жұмыстар жүргізілетін болады.

Биыл 9 айда жастар арасында жұмысқа орналасу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 1 405 жас жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 1 169-ы немесе 83,2 пайызы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылыпты. Тарқатып айтсақ, әлеуметтік жұмыс орындарына 7, жастар практикасымен 168, қоғамдық жұмыспен 189, ұрпақтар келісімімен 4, алғашқы жұмыс орнымен 14, мемлекеттік грантпен 83, қысқа мерзімді оқумен 5, «Бастау-Бизнес» жобасы аясындағы кәсіпкерлік негіздегі оқумен 454, мемлекеттік қолдау шараларынсыз тұрақты жұмыспен 245і қамтылған. Жасыл ел еңбек жасағына аудан бойынша жұмысқа тартылған жастар саны – 220.

Жастардың «Дипломмен ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламалармен алған көмегіне келсек, қазіргі таңда тұрғын үй несиесі 1500 АЕК құраса, көтерме жәрдемақы 100 АЕК-ны құрап отыр. Аудан бойынша 2010-2021 жылдары 931 маманға тұрғын үй несиесін алуға, 2 790 496 мың теңге қаржы берілген. 2009-2021 жылдары аралығында көтерме жәрдемақы 642 маманға 93 млн 627 мың теңге беріліпті. Биыл 72 маманға 22 млн 202 мың теңге біржолғы көтерме жәрдемақы берілген. Тұрғын үй несиесін алуға 42 маманға 192 млн 969 мың теңге беру жоспарлануда. Қазіргі таңда тұрғын үй несиесі бойынша 82 маман кезекке қойылған, оның ішінде 2021 жылы құжат тапсырғандары – 36 маман, 2022 жылы 46 маман құжат тапсырса, көтерме жәрдемақы бойынша кезекте тұрғандар саны – 254 маман, оның ішінде 2020 жылы құжат тапсырғандары – 61, 2021 жылы құжат тапсырғандары – 118, 2022 жылы құжат тапсырғандары – 75.

Осы жұмыссыздықты тұсауда кәсіпкерлік саласын дамыту маңызды рөл атқарады. Ауданда жалпы бұл саланың дамуында ілгерілеу жоқ емес. Десе де ондағы жастардың үлесі бары да бізді қуантып отыр. Жалпы аудан жастарының кәсіппен айналысуға ынтасы жоғары екенін төмендегі мәліметтер айқындайды.

Аудан бойынша биыл 8 айда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 713-ке жетсе, оның ішінде 596 субъектісін немесе 22 пайызын 18-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер құрап отыр. Тарқатып айтсақ, оның ішінде 322 дара кәсіпкер, 12 заңды тұлға, 262 шаруа және фермер қожалығы бар. Биыл 8 айда аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына 527 кәсіпкер тіркелсе, оның 41,9 пайызы немесе 221 бірлігі жас кәсіпкер екені белгілі болып отыр. Сондай-ақ жыл басынан бері ауданнан мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 109 кәсіпкер 2356,3 млн теңгеге қаржыландырылса, оның ішінде 9 жас кәсіпкер 37,1 млн теңгемен қаржыландырылды.

Ұлттық жоба шеңберіндегі 1 225 200 теңге қайтарымсыз грант бойынша біршама жоба қолдау тапса, оның басым бөлігі жастардың үлесінде екенін мақтанышпен айтамыз.

Волонтерлік қызмет көрсету бойынша аудан жастары ілкімді жобаларды жүзеге асырып жатқанын жақсы білеміз, қазіргі таңда «Jalyndy jas» еріктілер мектебінің жұмысы жыл санап өз маңыздылығын көрсетіп келеді. Еріктілер азаматтық бастамаларды қолдау орталығының бастамашыл топтарды және еріктілерді қолдауға арналған шағын гранттарын жеңіп алу арқылы 3 Coworking орталығын, 3 спорттық үйірме ашып, 2 көшеге қоқыс жәшіктерін орнатып, ерекше балаларды қолдау бағытында 2 мекемеге материалдық демеушілік жасап, ауылды көркейту үшін 2 ауылға жаңа жоба және 1 отбасыға баспана табыстаған.

Биыл 8 айда еріктілер жалпы құны 6 млн 135 мың теңгені құрайтын 16 жоба жеңіп алыпты. «Ауылда азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында 2020 жылы 14 жоба 5 млн теңге, 2021 жылы 6 жоба 5,5 млн теңге грантпен жүзеге асырылған. Соңғы 3 жылдың ішінде республикалық шағын гранттар байқауына қатысу арқылы 16 млн 635 мың теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өзге аудан жастарымен салыстырсақ, ең жоғары нәтиже екенін байқаймыз.

Жастар арасында орын алған қылмыстарда өткен жылмен салыстырғанда өсім бар ма, сондай-ақ кейінгі буынның арасында діни ахуал қалай? Осы сауалдардың түйінін тарқатайық…

Осыған дейін жастармен жасалған қылмыстар саны – 9, отбасылықтұрмыстық салада жасалған құқықбұзушылықтар саны – 1, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны – 1. Жастар және жасөспірімдер арасында орын алатын қылмыстардың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімімен бірлескен жұмыстар аудандық жастар ресурстық орталығы тұрақты жүргізіліп келеді. Бастысы, нәтиже бар. Сондықтан бұл шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Ал жастар арасындағы діни ахуалға келсек, аудан жастары арасында жергілікті мешіттерге баратын радикалды ағым жетегінде жүрген жастар жоқ. «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ Жалағаш аудандық бөлімі және аудандық жастар ресурстық орталығы ауданда жастардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу мақсатындағы акцияларды тұрақты түрде өткізіп, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыр. Мектептердің бітіруші түлектерімен және кент орталығында орналасқан колледж студенттерімен кездесулер де өткізілуде.

Білім, спорт саласының алға басуында аудан жастарының рөлі басым екен. Мәселен, Жалағаш ауданы бойынша 2022 жылы 358 түлек мектеп бітірсе, олардың 323-і ҰБТ-ға қатысып, жалпы көрсеткіш 82,1 пайызды құраған. Жалпы бітірушілердің 316-сы еліміздегі маңдайалды ЖОО-ға түссе, 41-і АОО-ға түсіпті. Аудан оқушылары облыстық, республикалық ғылыми жобалар конкурсынан жүлделі орындар иеленіп келеді. Өткен оқу жылында жалпы ғылыми жоба конкурсына 343 оқушы қатысып, 157 оқушы жүлделі орындар иеленген. Облыстық кезеңнен 12 оқушы жүлделі орындар иеленсе, республикалық кезеңнен 3 оқушы жүлдегер атанды.

Жастардың спортпен шұғылдануы және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша да жетістіктер бар. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, бұқаралық спорт саласында аудан тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту ауданда басым бағыттардың бірі болып отыр. Дене шынықтыру және спорт саласы бойынша 2021 жылдың қорытындысымен дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 34 пайызға көтеріліп, 11 985 адамға жетіп отыр. 2021-2022 оқу жылында №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, №13 олимпиадалық резервтік мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектебі және «Наркескен» спорт клубында дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын 7 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны 25 пайызға жеткен.

Тізе берсек, аудан жастарының жетістігі мұнымен шектелмейді. Қай саланы алып қарасаңыз да оған серпін беруде жастардың айтарлықтай орны барын айқын аңғарамыз.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: