Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 17:08

Жалағаш – жарқын жобалар жемісі

03.12.2022

329

0

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов бір аптада барлық ауылдарды аралап, тұрғындар алдында есеп берді. Ауыл халқы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алда жүзеге асатын жобаларға да көңілі толғанын жеткізді. Аудан басшысының халық алдындағы есеп беру жиыны кент ішінде қорытындыланды. Осы аптаның ортасында Асқарбек Темірбекұлы кент тұрғындарына есеп берді. Мәдениет және өнерді дамыту орталығына халық көп жиналды.

Бұл – қазірде бұқараның саяси көзқарасының қалыптасқанын, қоғамдық құбылыстарға, әсіресе елдік істерге немқұрайлы қарамайтынын аңғартады. Шынында халық, соның ішінде қоғам белсенділері қазірде биліктің әрбір қимылын, іс-әрекетін бағып, бақылап отыр. Бұны әлеуметтік желіден анық аңғаруға болады. Сын болсын, бірақ сын шын болсын дегендей, бұл қуанарлық жағдай, әрине. Елдің келешегіне алаңдау – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Бірақ білгеніміз жөн, елге шын жанашырлық таныту мен айрандай ұйыған елдің бірлігіне іріткі салудың жөні екі басқа…
Алайда бұл жиында аудан бойынша және кент ішінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен алдағы уақытта өз кезеңімен жүзеге асатын жарқын жобалар тұрғындардың көңілінен шықты. Расымен соңғы уақытта ауданымыздың даму дина­микасын арттыруға бағытталған жұ­мыстар өз нәтижесін бере бастады.
Соны басынан айтайық, биыл аудан бойынша 2 млрд 659 млн теңгенің 30 жобасы жүзеге асты. Атап айтсақ, ауыз су желілері, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар, көпірлерді жөндеу, тұрғын үйді күрделі жөндеу, газдандыру, жарық­тандыру, абаттандыру жобалары ая­сын­да көптеген жұмыстар атқарылды. Соның ішінде кент бойынша биыл келешек жаңа сәулетті елді мекенге айналатын кенттің батыс аймағындағы Ақтерек учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы, со­нымен бірге осы учаскеден инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы басталды. Конс­ти­туция, Несіпбай Әпірезов көшелері асфальтталды, кент орталығындағы 5 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілді, Қонысбек Қа­зантаев атындағы аудандық мәдениет үйін, мәдениет және өнерді дамыту ор­талығын табиғи газға ауыстыру жолымен қазандықтарын қайта жаңғырту, қаржы бөліміне қазандық ғимаратын салып, жылу жүйесін табиғи газға қосу және «Ақмаржан», «Күншуақ» және №19 санаториялық бөбекжайларын газбен жылыту, балалар ойын алаңдарын, жат­тығу және стритбол алаңын салу жұ­мыс­тары жүргізілді. Одан бөлек демеушілердің қаржысымен де балаларға арнап ойын алаңдары жасалды. Жаңадан бой көтерген 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі пай­далануға берілді. Сонымен бірге табиғи апаттың салдарынан бүлінген Қазыбек би көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры қайта қалпына келтірілді. Ал келер жылы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы басталады, Сырдария өзе­ніндегі көпірге жүргізіліп жатқан күр­делі жөндеу жұмыстары мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құры­лы­сы аяқталады және кенттегі М.Шәменов көшесі асфальтталады.
Келер жылға 4,7 млрд теңгенің 46 жобасы мем­лекеттік сараптамадан өтіп, қаржысы шешілді. Сондай-ақ 13,3 млрд теңгенің 24 жобасы әзірленіп, мемлекеттік сарап­тамаға өткізіледі.
Әйтсе де кент ішіндегі мәселенің барлығы шешілді деуге әлі ерте. Мәсе­лен, есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан кент ішінің санитарлық тазалығына, жеке адамдардың құрылыс жүргізу барысындағы заңсыздықтарына, қоғам тыныштығына, яғни көше төбе­лестеріне, орталықтандырылған кәріз жүйесіне, және ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген көшелерге қатысты мәселелер көтерілді. Бірақ бірінші мәселе бойынша жауап берген аудан басшысы дұрыс айтты, кенттің санитарлық тазалығына тек әкімдік жауапты емес, оның жауапкершілігі де, талабы да баршамызға ортақ. Бұл жайында біз де газеттің әр санында жазып келеміз, алайда нәтиже жоқ. Кенттің әрбір тұрғыны тазалықты өз ауласынан, үйінің айналасынан, көшесінен бастаса, бұл мәселе туындамас еді. Әрине санитарлық тазалық күн тәртібінен түспейді.
Аудан әкімі жергілікті бюджет есебінен арнайы қаржы қаралмаса да, кент тазалығы үшін мүмкіндігінше әр көшеге қоқыс жәшігін қойып беріп жатқанын жеткізді. Бірақ тұрғындардың оны да дұрыс пайдаланбайтыны қынжылтады. Екінші мәселе бойынша жауап берген тиісті бөлім басшылары Бұқарбай батыр мен Байбол Сопбеков көшелерінің қиылысындағы кәсіпкерлік нысанның орналасуында ешқандай заңсыздықтар жоқ екенін, құрылыс нормаларына сәйкес салынғанын түсіндірді. Ал ұсақ бұзақылық төңірегінде қойылған сұраққа аудандық полиция бөлімінің басшысы Талғат Лекеров жауап беріп, полиция қызметкерлерінің қоғам тыныштығы жолында күні-түні жұмыс істеп жатқанын айтты. Аудан әкімі аталған бөлімнің басшысына әлі де тәртіпті, талапты күшейту жөнінде тапсырма берді. Түнгі мезгілде көше төбелесіне қатысатын көбіне мектеп оқушылары. Түнгі сағат 22:00-ден кейін мектеп жасындағы бала көшеде жүрсе, полиция қызметкерлері оларға заң шеңберінде шара көруге құқылы. Сондықтан бұл орайда жауап­кершілікті ата-аналар да сезінуі тиіс.
Кент ішінде орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Жиында осы мәселе де көтерілгенін жоғарыда айттық. Бұл мәселе бойынша аудан басшысының өзі жауап берді. Бұйыртса, алдағы уақытта аудандық аурухананың кәріз жүйесі іске қосылады. Жоба-сметалық құжаты дайындалып, тиісті орынға өткізілген. Енді алдағы уақытта қосымша жұмыстар жасалып, кенттегі барлық тұрғын үйлер сол кәріз жүйесіне қосылатын болады. Ал кент ішіндегі көшелерді асфальттау және күрделі жөндеуден өткізуге қатысты қойылған сауалдардың жауабын жоғарыдағы жобалардың ішінде айттық. Келер жылы кент ішінің ескірген көшелері өз кезеңімен жаңаратын болады.
Есеп беру жиынын қорытындылаған Асқарбек Есжанов жуырда өткен Президент сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауын жасаған кент тұрғындарына алғысын білдіріп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмылған жұдырықтай бірлік керектігін айтты. Расында саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Әлемнің «қызуы» көтеріліп тұрған дәл қазіргі қиын жағдайда бізге ең маңыздысы бірлік қана.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: