Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:01

Аяқ судан тапшылық сезілмеуі керек

12.12.2022

478

0

Сыр өңіріндегі ырысы артып, береке-бірлігі көпке үлгі болған мекеннің бірі – Жалағаш ауданы. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың диқандары, ырзығын ысырапсыз жиған дала дарабоздары ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Ал мұның бәрі, аудан жұртшылығының ынтымақ, бірлігінің жемісі екенін айта кеткеніміз дұрыс. 

Расымен, адамды адам еткен – еңбек. Қоғам дамуының да, адамзаттың өркендеуінің де өзегі – өнімді еңбек. Кісінің өнегелі өмір жолы да осы маңдай тер, адал еңбекпен өрілетініне дау жоқ. Тек еселі еңбектің ғана тәтті жемісін көруге болады. «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» дегенді алдына мақсат тұтқан қазақ халқы да барлық несібе еткен еңбектен болатынын біледі. Елдегі ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы негізгі өндіріс саласы деуге болады. Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Расымен бүгінде әрбір шаруашылықтың қырманы астыққа толуы сол алажаздай төккен тер мен еткен еңбектің өтеуіндей көрінеді өзіме. Жалпы биыл жоспар сан құбылды ғой. Күріш көлемін қысқартамыз, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық береміз. Олай болмаған күннің өзінде саладағы іскер азаматтардың шығынға бататыны тағы айтылды. Осыған дейін бұл жай сөз жүзінде тек айтылып келген. Бірақ биыл расында аяқ судың қат болуына байланысты дәл осындай жұмыстар жасалды.

Егін саласы бойынша атқарылған жұмыстар биыл көңіл көншітеді. Ауданның ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, биыл 35 486,5 гектарға егiс орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 18 501 гектарды құрайды. Мұнан бөлек 720 гектар бидай, 73 гектар қант құмайы, 42 гектар арпа, 39 гектар соя, 520 гектар мақсары, 445 гектар сүрлемдік жүгері, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы, 4 903 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 7 186 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Сондай-ақ 646 гектар картоп, 1 108 гектар көкөніс және 1 296 гектар бақша өнімдері егілді. – Егінді әртараптандыру бағытында нендей жобалар қолға алынды және оның нәтижесі мен тиімділігі қалай? Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да жалғасын таба ма? – Егінді әртараптандыру бағытында 30 гектар алқапқа бидай, 298 гектарға жүгері, 12 гектарға арпа, мал азықтық жоңышқа дақылы 1 329 гектарға өткен жылдан артық орналастырылды. Сондай-ақ ауданда алғаш рет 73 гектар қант құмайы, 39 гектар соя, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы егілді. Бұл дақылдардың көлемін арттыру жоспарда бар екен.

Өңірдің су саласы мамандарының болжамына сәйкес, биыл облыста егілетін күріш көлемін 20 мың гектарға қысқарту межеленген. Алайда диқан қауымның талап-тілегі ескеріліп, оның көлемі 78 600 гектар болып бекітілді. Осы айдың алғашқы онкүндігіндегі қорытындыда одан шыққан өнім де көңіл көншітеді. Ал сіз айтып отырған нарықтағы бағаға келсек, әртараптандыру арқылы барлық өнімнің бағасын реттей алмасақ та, біршамасына нәтижелі жұмыс жасауға болады. Мәселен, біз ендігі кезекте бақша дақылдарына арналған жер көлемін ұлғайтуымыз керек. Бұл бағытта егінді әртараптандырып, нәтижелі еңбек етіп, оның жемісін тұтас халық көріп отырған шаруашылықтар бар. Мәселен, аудандағы «Құрманбай Ата» шаруа қожалығы биыл тамшылатып суару әдісімен 24 гектар алқапқа картоп, 5 гектарға сәбіз, 1,5 гектар жерге қант қызылшасын орналастырды. Егіс басында болған аймақ басшысы да Әліби Бекжановтың жұмысына оң бағасын берді. Кеше өнімнің алды жиналып, төраға Әліби Бекжанов тонналаған бақша өнімдерін аудан халқына төмен бағада тарту етті. Сапасында мін жоқ, бағасы да қалтаға қонымды. Сондықтан оған халық та дән риза. Бізге келер жылы осындай егіс көлемін ұлғайтып, бақша өнімдеріне де басымдық берген дұыс. Бірақ бұл қадамға жергілікті шаруашылықтардың басым бөлігі бара бермейді. Әліби Бекжанов осы істі бастады, оң нәтижемен тәмамдады. Осындай игі бастамалар басқаларымызға үлгі болуы тиіс. Нарықтағы бағаны реттейтін де өзіміз, сондықтан егінді әртараптандыру тек аяқ су мәселесін тұсауға қолғабыс деген түсініктен арылу керек. Бір сөзбен айтқанда, Әліби секілді екі жеп, биге шығуды ойлауымыз керек. Төраға бір жағынан егінді әртараптандыру арқылы аяқ су мәселесін айналып өтсе, келесі кезекте нарықтағы бағаны реттеуге тамшыдай болса да өз үлесін қосты.

Жалпы егін орналастыруға қажетті 4 625 тонна күріш, 136 тонна жаздық бидай, 7,5 тонна арпа, 20 тонна жүгері, 13 тонна мақсары, 183 тонна қант құмайы, 4,3 тонна соя, 1 тонна сұлы, 73 тонна жоңышқа тұқымы дайындалды. Егілген 18 501 гектар күріш дақылының 16 936 гектары «Лидер», 672 гектары «Янтарь», 639 гектары «Маршал», 117 гектары «Виконт», 82 гектары «Премиум», 30 гектары «Рапан», 25 гектары «Сыр сұлуы» сорттары. Бір сөзбен айтқанда, 2022 жылдың егісіне 4 625 тонна күріш тұқымы дайындалып себілді. Оның ішінде «Янтарь» 168 тонна, «Лидер» 4 234 тонна, «Маршал» 160 тонна, «Виконт» 30 тонна, «Премиум» 20 тонна, «Рапан» 7 тонна, «Сыр сұлуы» 6 тонна. Биылғы егіске қажетті 11022 тонна минералдық тыңайтқыштар, оның ішінде аммоний сульфаты 6 630 тонна, карбамид 2 142 тонна, аммофос 2 250 тонна, фосфор ұны 765 тонна жеткізілді. Сондай-ақ 21 985 литр гербицид, оның ішінде гулливер 535 келі, топшот 2700 литр, солито 1200 литр, рейнбоу 15 560 литр, номиниден 1 900 литр жеткізіліп, уақытылы егістікке себілді. Күзгі егін жинау жұмыстарына қажетті 2 596 тонна дизель жанармайына сұраныс берілді. Оның ішінде «РК-Мұнай» ЖШС 1 618 тонна, «Нефть Транс Қызылорда» ЖШС 978 тонна. Дизель жанармайының 1 литрі 210 теңгеден жеткізіліп берілуде. Ал сіз айтып отырған ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді, биыл 309 млн теңге қаражатқа 25 жаңа техника сатып алынды. Жаңадан алынған техникалар уақытылы статистика органдарына тіркелуде. Күзгі егін жинау жұмыстарына барлығы 1 098 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Оның ішінде 491 трактор, 271 комбайн, 118 жатка, 56 жүк көлігі, 162 трактор тіркемесі бар. Әрине техника базасын жаңартудың күзгі жиым-терімге айтарлықтай оң әсері бар. Биыл да межелеген уақытта жергілікті шаруашылықтар қамбасына толық астығын жиып алды. Осының бәріне заманауи әрі озық үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларының үлкен сеп болғанын айта кеткен жөн. Соның арқасында күзгі науқанды межеленген уақытта тәмамдадық.

Ал аудан бойынша орналастырылған 18 501 гектар күріш толық орылып, 999 054 центнер өнім жиналды, орташа өнім әр гектардан 54 центнерді құрайды. Былтыр 19 800 гектар күріш дақылы орналастырылып, 1140480 центнер өнім жиналған болатын. Орташа өнім гектарынан 57,6 центнерді құраған. Биыл егілген 720 гектар бидайдан 5 400 центнер астық алынды. Орташа өнім 1 гектардан 7,5 центнер жиналды. Былтыр өнімнің бұл түрінен орташа өнім гектарынан 7 центнерді құраған. Дәл осы жылы 42 гектар арпадан 294 центнер өнім жидық. Орташа өнім гектарынан 7 центнерден шықты. Былтыр 6,5 центнерді құраған.

Мұнан бөлек биыл 5 гектар сұлыдан 63 центнер өнім алдық. Орташа өнім гектарынан 12,3 центнерді құрап отыр. Былтыр өнімнің бұл түрі мүлде егілмеген болатын. Биыл 73 гектар қант құмайынан 2 921 центнер өнім алдық. Орташа өнім гектарынан 40 центнерді құрайды. Былтыр да қант құмайы егілмеген болатын. Осыдан-ақ биыл егінді әртараптандыруға айтарлықтай басымдық берілгенін аңғаруға болады. Биыл 39 гектар соядан 660 центнер өнім алдық. Орташа өнім гектарынан 17 центнерді құрайды, былтыр да соя мүлде егілген жоқ. Айта берсек, қамбаға әртүрлі өнімнен біршама астық құйдық. 520 гектар мақсарыдан 4 420 центнер өнім алдық. Орташа өнім гектарынан 8,5 центнерді құрайды. Былтыр мақсарының әр гектарынан 8,3 центнер орташа өнім алғанбыз. 4 903 гектар жаңа жоңышқадан 58 346 центнер мал азығы жиналды. Орташа өнім гектарынан 11,9 центнер жиналды. Былтыр жаңа жоңышқадан шыққан орташа өнім 12,4 центнерді құраған. 7 186 гектар ескі жоңышқадан 370 777 центнер мал азығы алынды. Аудан диқандары егін жинау жұмыстарын толық аяқтап, 2023 жылғы егін орналастыру жұмыстарына дайындықты бастап кетті.

Ал су саласының мамандары енді дария деңгейі төмендемесе, айтарлықтай көтерілмейтінін айтады. Жалпы Сырдария – трансшекаралық өзен. Өкініштісі сағаның соңында Қазақстан, оның ішінде біздің Сырдың бойы тұр. Мұның да су тапшылығына айтарлықтай әсері барын анық байқауға болады. Десе де біз егінді әртараптандыруға мейлінше басымдық бергеніміз дұрыс. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: