Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 20:18

Жеңіл өнеркәсіп қайтсек жанданады

13.12.2022

275

0

Киім өндіру – өзіндік даму жолы қалыптасқан кәсіп көзі. Бірақ бүгінде сол сүрлеуді жандандыра алмай, бірнеше миллиард құрайтын қаржыны шетел асырып отырғанымыз жасырын емес. Жақында еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының дамуы мен осы тектес өзекті проблемаларды «Ас-кА» серіктестігінің директоры Дина Махатовамен талқылаудың сәті түскен еді.

– Дина Ордабекқызы, «Ас-кА» – өңірдегі арнайы киімдер тігу ісін жолға қойған бірден-бір серіктестік. Бірақ пандемия қай салаға болмасын кері әсерін тигізбей қоймады. Сіздерде қалай, жұмыс тұралаған кезең болған жоқ па?
– Біз арнайы киім тігуден бөлек, аяқ киім, жұмыс қолғабы секілді қажетті дүниелерді шығарамыз. Серіктестікте 30 адам еңбек етеді. Карантин көпті әбігерге салған уақытта біздің іске де кері әсері тие ме деген ой мазалады. Бірақ сабақты ине сәтімен. Тапсырыс үзілген жоқ, тұтынушылардың көңілінен шығатын өнімдерді ұсынуды жалғастырдық. Негізі барлығы өзімізге байланысты. Маған мұндайда осы істі қалайда алға сүйреймін деген ниет көмекке келеді. Бұған дейін тәжірибе арқылы шыңдалуға күш салдым, қазір де солай. Бірнеше жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Іскерлік байланыстар» оқыту жобасының екінші кезеңі аясында Германияда болдым. Мұнда жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін өнеркәсіптік тігін жабдықтары мен көлік жүйелерінің өндірушісі, әйгілі неміс «Dürkopp Adler AG» компаниясымен келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, сапар барысында өнеркәсіптік жабдықтар мен оның қосалқы бөлшектерін іріктеу және жеткізу бойынша кешенді қызметтер көрсететін «nabitex Technology & Solutions» инжинирингтік компаниясымен іскерлік кездесу ұйымдастырылды. Дәл осы компаниямен келісімшартқа қол қойдым, тәжірибе жинақтадым. Осындай біліктілікті арттыратын курстар қажет кезде алға басуға мотивация береді.
– Шикізат та шеттен келетіні белгілі. Көбіне қай елден алдырасыздар?
– Бізде барлығы импорттық шикізатпен жұмыс істейді. Түйме, тіпті жіп жоқ. Бәрін сырттан аламыз. Қазақстан нарығына жеткізілетін импорттық киім-кешек пен аяқ киімдердің 90 проценті Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен әкелінеді. Біз де Қытай, Ресей елдерінен алуға мәжбүрміз.
– Республиканың жалпы ішкі өнімінде (ЖІӨ) 1990 жылдары жеңіл өнеркәсіптің үлесі 15 процентті құраған. Соның нәтижесінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі КСРО-да ЖІӨ-нің 4 процент берген. Соңғы 30 жылда жеңіл өнеркәсіп алға басудың орнына кері кетіп, ЖІӨ-дегі үлесі 1 процентке де жетпей қалды деген дерек бар. Дамуға не кедергі?
– Жеңіл өнеркәсіптің соңғы жылдардағы тіршілігін саралайтын болсақ, республикамыздың өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі үлесі 1990 жылы 15,8 процентті құраса, 2000 жылы 2,3 процентке дейін қысқарып, 2011 жылы 0,1 процентке дейін құлдыраған. Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласында тек 2016 жылы ғана жұмыс істеп тұрған 79 кәсіпорынның 27 проценті жұмысын тоқтатқан екен. Осындайда оның себебі неде деген сұрақ туындайды. Жоғарыда айтқанымдай, импорт кедергі. Тығырықтан шығар жол – өзгенің қаңсығын таңсық қыла бермей, отандық киім-кешек және аяқ киім өндірісін дамыту. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік бар, тек қолдауды жалғастыру керек. Бұл мәселе Сенат деңгейінде қаралды. Сенаторлар жан-жақты талдау жасап, Үкіметке 90-нан астам тапсырма берген. «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перспективалары» деген тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда тапсырманың 50-ден астамы мүлде орындалмағаны, ал қалғаны формальды түрде ғана орындалғаны анықталды. Алдағы уақытта осы мәселелер мінберден түспеуі тиіс, өйткені сала қолдауды қажет етеді. Сонымен бірге жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік сипаты басым. Онда қызмет жасайтын адам­дардың 80 про­центі – әйел­дер екенін ескеру керек.
 Әлем елде­рінің тәжі­рибе­сіне көз жүгір­тер болсақ, жеңіл өнер­кесіп сала­сын дамыту үшін бір­қатар мем­лекет­тер арнайы заң қабыл­даған. Ал бізде қалай?
– Же­ңіл өнер­кәсіптің үлесі АҚШ, Қытай, Түркия сияқты дамыған елдерде 12-20 про­центті құрайды. Қытай, Түркия, тіпті іргедегі Қырғыз­стан мен Өзбекстан мемлекеттері табысының қомақты бөлігін жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспортынан түсіруде. Ал Қазақстандағы қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі төмен. Мәселен, бізде агроөнеркәсіп кешені туралы заң бар. Онда жеңіл өнеркәсіп түсінігі жоқ. Ал жеңіл өнеркәсіптің 20 шақты саласы бар. Егер заңда түсінік болмаса, онда жеңілдік болмайды. Арнайы заң шығару керек. Қазір жеңіл өнеркәсіп бойынша елімізде 1200-дей кәсіпорын болғанымен оның 35-і ғана орта және ірі де, қалғаны ұсақ. Сондықтан мұндағы салықтың 35 проценті орта және ірі кәсіпорындардың үлесіне тиеді. Жеңіл өнеркәсіптен ел бюджетіне түсетін жалпы салықтың көлемі жылына 8-10 млрд теңге көлемінде. Егер Үкімет уақытша нақты салықтық жеңілдік беретін болса, сала да дами түседі. Бұл өндірісті ғана емес, жұмыспен қамтылатын халық санын арттыруға мүмкіндік берері анық.Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің қызметіне жасалған талдау, кәсіпкерлермен өткізілген кездесулер барысында аймақта шағын индустриялық аймақтарға сұраныс жоғары екені байқалды. Жергілікті тауарөндірушілердің арасында 3 әлеуетті сала анықталған. Соның ішінде осы тігін өндірісі бар. Бұл бастама қолдауға лайық және оның алдағы уақытта сәтті жүзеге асарына сенім мол.
– Сұхбаты­ңызға рахмет!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: