Таң ауылындағы №136 сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00-де Мемлекеттік Әнұранмен және байқаушылардың қатысуымен ашылды. Сайлау учаскесі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында алғашқы болып ауыл тұрғыны Сегізбаев Көшкенбай өз таңдауын жасады.
Ауылдағы №136 сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың қарасы қалың. Таңдағы ағайынның бұлай белсенділік танытуы тегін емес. Өйткені елдің, ауданның, ауылдың дамуы үшін өтіп жатқан саяси науқанның маңызы зор екенін әрбір тұрғын жақсы біледі. Біз барған уақытта сайлау учаскесінде «Таң ЛТД» ЖШС ұжымы өз таңдауын жасауға келіп жатыр екен. Бүтін бір ұжымның ауызбіршілікпен науқанға атсалысуы, ауыл тұрғындарының да белсенділігі көрініп-ақ тұр.
– Барлығымыз еліміз үшін маңызы зор саяси науқанда өз таңдауымызды жасадық. Еліміз әрі қарай дамуы үшін бұл сайлаудың маңызы зор. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әр қазақстандықтың қатысуы маңызды деп ойлаймын. Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің еңгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізді. Мен де Таң ауылының тұрғыны, қоғамда өз орным бар азамат ретінде сайлауда белсенділік таныттым. Өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Ауыл тұрғындары да кезек-кезек дауыстарын беріп жатыр. Алдағы уақытта халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, ел арасындағы мәселелердің шешілетініне сенемін, – дейді ауыл тұрғыны, «Таң ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Қылышбек Сүлейменов.
Иә, расымен барлық аймақта сайлаушылар белсенділік танытуда. Бұл сайлаудың демократиялық, әділ, таза өтуіне күш салып жүрген комиссия мүшелерінің де жұмысы көкейге қонымды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!