Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 18:27

Қызылорда облысына кіре берісте жаңа қақпа салынды

26.04.2023

751

0

 Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына іссапары аясында Түркістан облысымен шекаралас аумаққа көрік берген кіреберіс қақпаны арнайы барып көріп, ауыл тұрғындарын құттықтады.

«Қазіргі таңда Сыр өңірі серпінді құрылыс алаңына айналды. Сәулетті құрылыс – өркениет нышаны, жаңару мен жаңғырудың жаршысы. Жаңа, еңселі қақпаны жерлесіміз, «СМП-Қызылорда» құрылыс компаниясының басшысы Әлімқұлов Темірхан Мәлікұлы өз демеушілігімен салды. Құрылысқа жеке қаражаты есебінен 200 млн. теңгеден астам қаражат жұмсады. Туған жерге жанашыр азаматтың еңбегінен өзгелер үлгі алады деген сенімдемін.

Ел Президенті мен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ерекше атап өтуіміз қажет, 2023 жылға облыс бюджеті 520,7 млрд. теңге көлемінде бекітілген болатын. Күні кеше нақтылаумен оның көлемі 592,8 млрд. теңгеге жетті. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда бұл 205,5 млрд. теңгеге немесе 1,5 есеге артық», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Жиналған қауымды қоғам қайраткері Мұрат Бахтиярұлы құттықтап, еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов құттықтап, бата берді. Іс-шара соңында қақпа маңында автокөліктер шеруі ұйымдастырылып, салтанатты рәсімнің сәнін келтірді.

Айта кетейік, жаңадан салынған қақпаның ені 43, биіктігі 17 метр, сыртқы қасбеті ұлттық нақышта безендірілген.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, ел экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Бұған жергілікті кәсіпкерлер, меценаттар белсенді атсалысып, қайырымдылық шараларына, туған жерін түлетіп, көркейтуге күш-жігерін салуда.

Мәселен, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүргізілуде. Шілде айында пайдалануға беріледі. «Балалар жылында» демеушілер жалпы құны 1,6 млрд. теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, балдырғандарымызға тарту етті. Бұл бастаманың жалғасы әрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қазір қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, ескі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту басталды.

Мұнан бөлек, демеушілер есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн. теңге болатын заманауи демалыс паркі ашылды. Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн. теңгені құрайтын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты деп танылған мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн.теңгеге қайта салынуда. Нысанды алдағы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Өткен айда Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен құны 31 млн. АҚШ долларын құрайтын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының іргетасы қаланды. Нысан 2024 жылы пайдалануға берілмек. Бұған қоса «ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.

343123758_189512677257112_8005812818292611607_n.jpg
343390439_1768202713577669_1450935893851142237_n.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: