Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жексенбі, 24 қараша, 18:11

Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын қабылдады

02.05.2023

2241

0

Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына тапсырмалардың орындалу барысы, ведомствоның жыл басынан бері атқарған қызметінің негізгі қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері бірқатар лаңкестік қылмыстың, соның ішінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы халық көп жиналатын орындардың бірінде жасалмақ болған террористік актіге тосқауыл қойылғаны жөнінде баяндады. Берілген мәлімет бойынша 19 адам қамауға алынған.

Терроризмге қарсы орталық штабының жұмысын үйлестіру кезінде террорлық қатерлерге қарсы іс-әрекет шараларын жетілдіру үшін жаттығу жиындары мен дайындық кешені өткізілді. Шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің барлау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл операциялары жүзеге асырылған. Анықталған бірқатар факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», деді ҰҚК төрағасы. 

Сонымен қатар, құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген криминогендік жағдайды сауықтыру жұмыстарының нәтижесі туралы баяндалды.

«Биылғы төрт айда ҰҚК 8 қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топты ұстаған. Қару-жарақ пен оқ-дәрі жасауға қатысты 7 жасырын цех жойылды. Заңсыз айналымнан 268 қару, 21 граната және 30 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. 16 есірткі лабораториясының, 11 халықаралық және 17 өңірлік есірткі каналының жұмысы тоқтатылды. Мемлекеттік шекараны күзету саласында 6 987 заң бұзушы ұсталды. Шамамен 2,8 миллиард теңге көлемінде валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалдануына жол берілмеді. Сонымен қатар, қару мен оқ-дәрілерді тасымалдауға қатысты 85 әрекеттің жолы кесілді. Заңсыз көші-қон бойынша 4 арнаға тосқауыл қойылып, олардың 6 ұйымдастырушысы ұсталған», деді Ермек Сағымбаев.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық бөлімшелері 37,9 миллионнан астам кибершабуылды және елдің маңызды инфрақұрылым нысандарына бағытталған 1948 DDoS-шабуылға тойтарыс берген.

Президент Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: