Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыста жау әскерін түпкілікті талқандап, жеңіске жеткен күн. 9 мамыр Қазақстанмен қатар, өзге де ТМД елдерінде Жеңіс күні ретінде аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Германия әскері КСРО аумағына шабуыл жасаған 1941 жылдың 22 маусымы ТМД елдерінің ресми тарихында 4 жылға созылған алапат соғыстың басталған күні болып есептеледі. Кез келген соғыс экономиканың дамуын ондаған жылға артқа шегеріп, ұлттың тұрмыс сапасы мен демографиялық әлеуетін тежейтіні хақ. Сондықтан, соғыстың біткені туралы хабарды «қара қағаздар» мен қалыптан тыс азапты жұмыстан жауыр болған халықтың «жеңіс» деп қабылауы заңдылық.
КСРО үшін жеңісті жақындатуға одақ құрамындағы Қазақ КСР-нің қосқан үлесі зор. 1939 жылы одақ көлемінде жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 млн адам тұрған. 4 жылда қазақ даласынан 1 млн 200 мың азамат майданға аттанып, оның 601 мыңы қайтып оралмады.
100 мыңнан астам қазақстандық соғыстағы ерлігі үшін түрлі деңгейдегі орден, медальдермен марапатталды. Оның ішінде 99 майдангер Кеңес Одағының Батыры және Тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атақтарын иеленді.
«Совет-герман соғысы кезінде жауға атылған 10 оқтың тоғызы Шымкенттегі қорғасын зауытында құйылды» деп келетін тәмсіл қалған. Соғыс жылдарында Қазақстан жалпы одақ бойынша мыс құймасының 30%-ын, марганец кенінің – 60, мыс кенінің – 50, висмуттың – 65, полиметалл кендерінің – 70 және мырыш өнімінің 85%-ын өндірді.
Соғыс жылдарындағы ресми статистикаға сай, шайқасқа жарамсыз бала-шаға мен қариялардың, жарымжандар мен әйелдердің тылдағы еңбегінің арқасында Қазақстан майданға 500 мың тоннадан астам астық, 230 мың тоннадан астам картоп пен көкөніс, 250 мың тоннадан астам ет, 300 мың тоннадан астам сүт, 1,7 млн тонна жүн, 2,5 млн дана жылы киім жіберді. Ұрысқа деп 110 мыңнан аса жылқы, жаудан азат етілген аудандарға арнап 500 мыңнан астам мал жөнелткен. Тылдағы қазақстандықтардан 1941-1945 жылдары соғыс техникаларын жасауға 480,3 млн рубль жинап алынды.
1941-1944 жылдары республикаға 300 мыңнан астам неміс ұлтының өкілі, 45 500 қарашай, 406 000 шешен мен ингуш, 21 150 балқар, 2 200 қалмақ, 4 500 қырым татарлары, 27 600 месхет түріктері және басқа да ұлт өкілдері жер аударылды.
1949 жылы КСРО бойынша кезекті санақ жүргізілуі керек болатын. Дегенмен, билік оны өткізуді тағы 10 жылға кейінге қалдырды. Сондықтан, екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында 6,2 млн халқы болған Қазақстанда қанды майданнан кейін қанша адам қалғаны жайлы нақты дерек жоқ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 26 сәуірдегі мәліметіне сәйкес, елімізде қазір 237 ардагер бар.
Еске сала кетсек, биыл әкімдіктердің ұсынысы негізінде Екінші дүниежүзілік соғыс майдангерлеріне 1,5 млн теңгеден кем емес сомада қаражат төленеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!