Мамыр айының басында Жалағашқа Жамбыл облысынан жағымды жаңалық жетті. Таэквондодан өткен республикалық турнирде ауданнан аттанған барлық спортшы жүлдемен оралып, облыс қоржынына 6 алтын, 4 күміс, 9 қола салды.
Жалағашта таэквондо үйірмесі 2009 жылдан бері жұмыс жасайды. Сол уақыттан бері бұл үйірмеге білікті бапкер Мақсат Рахметов жетекшілік етеді. Бұған дейін де тартысты және байрақты бәсекелерде топ жарған М.Болатұлының шәкірттері әлі талай шыңды бағындыратыны сөзсіз.
Бүгінде үйірме құрамында 50-ге жуық бала бар. Оның жиырмадан астамы қаракөз қарындастарымыз екен. Мұнда Мақсат ағамыздан бөлек Олжас Нұрпейісов пен Жасұлан Арықбай балаларды таэквондоға баулиды. Біз нағыз жаттығудың қызған шағында бардық. Мұндағы балалардың қимылы шалт, соған қарап алдағы дүбірлі додаларда да топ жаратынына сенім арттық.
Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысында 28 сәуір мен 2 мамыр аралығында таэквондодан республикалық турнир өткен болатын. Айтулы жарысқа еліміздің барлық аймағынан бас-аяғы 400-ге жуық спортшы қатысқан. 2010-2011 және 2012-2014 жылдары аралығында туылған жасөспірімдер арасындағы тартысты додада қатысушылар 19 салмақта өзара мықтыны анықтады.
Жарысқа Қызылорда облысынан 19 спортшы аттанған болатын. Бір қызығы, барлығы да осы Мәкеңнің шәкірттері. Яғни түгелдей жалағаштық өрендер. Тұтас бір аймақтың абыройын қорғауға бір ғана ауданның спортшылары іріктеліп шығуы тегін емес шыға, сірә. Абырой болғанда жерлестеріміздің барлығы жеңіспен оралды.
Тартысты бәсекеде ерлер арасында Дінмұхамед Дәуренбекұлы мен Тілеужан Бекмырза аймақ қоржынына алтын салды. Сондай-ақ Медина Қожахмет, Жасмин Болатбекова, Сара Назарбаева мен Жәния Нұржанқызы қыздар арасында қарсылас шақ келтірмеді. Мұнан бөлек Нұрислам Қарымсақов, Арсен Елдарұлы, ал қыздар арасында қаракөз қарындастарымыз Зульфия Өтеген мен Аяназ Сұлтанбек күміс медальды қанағат тұтты. Сондай-ақ Жалағаштан аймақ намысын қорғауға аттанған Санжар Мұратбек, Жантөре Исабек, Ернар Бекберген, Диас Шәки, Бақытбек Қожахмет, Ернар Қазыбекұлы, Әліби Болатбек, Диана Ермекбай, Айзер Шарханқызы қоржынға 9 қола салды.
– Спорт болған соң бірде жеңіс, бірде жеңіліс болып жатады. Оның біріне тоқмейілсіп болмаса енді біріне жігеріңді жасытудың қажеті жоқ. Спортта жеткен жетістікке масайрамаған да дұрыс, бір жағынан жеңілістен сабақ алған да абзал. Осыған дейін де шәкірттерімнің алды Азия біріншіліктерінде, халықаралық додаларда және ел біріншіліктерінде топ жарды. Бірақ біз оған тоқмейілсімейміз, керісінше бұны жетістікті еселеудің алғашқы қадамы деп білеміз. Алда әлі де талай дүбірлі додалар мен тартысты бәсекелер күтіп тұр. Оған да шәкірттерімді қатыстыру жоспарда бар. Бастысы, сенім ақталып жатыр. Балаларым дайындық барысында жиған тәжірибесін жеңіспен ұштастыруда. Еткен еңбек, дайындық барысында төккен тер далаға кеткен жоқ. Шәкірттеріммен мақтанамын. Олардың әлі талай байрақты бәсекелерде топ жаратынына сенімім мол, – дейді Мақсат Болатұлы.
Білікті бапкер шәкірттерімен қалай мақтанса да жарасады. Алайда ол жеткен жетістікпен шектелетін адамның сұрпынан емес сияқты. Сөзі нық, ісі нақ. Балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, олардан болашақ ел намысын қорғайтын әйгілі спортшы қалыптастыруда қарап қалып жатқан жоқ. Мейлінше солардың жарқын болашағына жиған тәжірибесін жұмсап жатқанын анық байқадық.
Бұған дейін Мақсат Рахметовтың шәкірттері Нұрай Жақсылық, Гауһар Сансызбай, Малика Әбдірим Азия біріншілігі мен халықаралық додаларда үздік үштіктен көрінген болатын. Ал кешегі 2-8 мамыр аралығында өткен ел біріншілігіне білікті бапкер 3 баласын үкілеп қосса, оның ішінде Нұрдәулет Серікұлы қоржынға қола салған.
– Спортта баланы жаттықтырудан бөлек тәриелеу де күрделі. Негізінен спортта кейде психология, түсінік маңызды рөл атқарып жатады. Сондықтан біз баланы бетіне жібермейміз, бір жағынан қатал болмаймыз да. Баланың жеткен жетістігін қайталай берсең, ол соған дандайсып кетуі мүмкін, ал қатты қайраймын деп жасытып алуың да ғажап емес. Сондықтан оған спорттың айла-тәсілін меңгерту бір бөлек, ал оны психологиялық кеңес бере отырып, дайындыққа шыңдау өз алдына бөлек әңгіме, – дейді білікті бапкер.
Айтып отырғанының бәрі де рас, шынымен тепе-теңдікті сақтамасаң, баланы спортқа баулығаннан бөлек оны психологиялық дайындау шынында күрделі сияқты. Осы екеуін Мәкеңнің ұштастыра білгенін шәкірттерінің жетістігінен байқау қиын емес. Қай жарысқа барса да оның балалары жүлдесіз қайтпайды. Мұнда білікті бапкердің үлкен еңбегі мен балалардың ізденімпаздығы жатқанын байқадық.
Мамыр айының аяғында көршілес Сырдария ауданында таэквондодан ел біріншілігіне іріктеу ойындары өтеді. Онда аймақтың барлық ауданынан және Қызылорда қаласынан 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер бақ сынайды. Мақсат Болатұлы бұл сайысқа 10 шәкіртін қосуға талап қылып отыр. Бұйыртса, олардың бұл жарыста да топ жаратынына сенім мол. Міне, ауданда аталған спорт түрінің даму қарқыны осындай.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!