Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 10:55

Жамбылдан жеткен жағымды жаңалық

15.05.2023

612

0

Мамыр айының басында Жалағашқа Жамбыл облысынан жағымды жаңалық жетті. Таэквондодан өткен республикалық турнирде ауданнан аттанған барлық спортшы жүлдемен оралып, облыс қоржынына 6 алтын, 4 күміс, 9 қола салды.

Жалағашта таэквондо үйірмесі 2009 жылдан бері жұмыс жасайды. Сол уақыттан бері бұл үйірмеге білікті бап­кер Мақсат Рахметов жетекшілік етеді. Бұған дейін де тартысты және байрақты бәсекелерде топ жар­ған М.Болатұлының шәкірттері әлі талай шыңды бағындыратыны сөзсіз.
Бүгінде үйірме құрамында 50-ге жуық бала бар. Оның жиырмадан астамы қаракөз қарындастарымыз екен. Мұнда Мақсат ағамыздан бөлек Олжас Нұрпейісов пен Жасұлан Арықбай балаларды таэквондоға бау­лиды. Біз нағыз жаттығудың қыз­ған шағында бардық. Мұндағы бала­лардың қимылы шалт, соған қарап алдағы дүбірлі додаларда да топ жаратынына сенім арттық.
Айта кетейік, осыған дейін Жам­был облысында 28 сәуір мен 2 мамыр аралығында таэквондодан рес­публикалық турнир өткен бола­тын. Айтулы жарысқа еліміздің бар­лық аймағынан бас-аяғы 400-ге жуық спортшы қатысқан. 2010-2011 және 2012-2014 жылдары ара­лы­ғында туылған жасөспірімдер ара­сындағы тартысты додада қатысу­шылар 19 салмақта өзара мықтыны анықтады.
Жарысқа Қызылорда облысынан 19 спортшы аттанған болатын. Бір қызығы, барлығы да осы Мәкең­нің шәкірттері. Яғни түгелдей жала­ғаш­тық өрендер. Тұтас бір аймақтың абы­ройын қорғауға бір ғана аудан­ның спортшылары іріктеліп шығуы тегін емес шыға, сірә. Абырой бол­ғанда жерлестеріміздің барлығы жеңіс­пен оралды.


Тартысты бәсекеде ерлер ара­сында Дінмұхамед Дәурен­бекұлы мен Тілеужан Бекмырза аймақ қор­жынына алтын салды. Сондай-ақ Медина Қожахмет, Жасмин Болат­бекова, Сара Назарбаева мен Жәния Нұр­жанқызы қыздар арасында қар­­сылас шақ келтірмеді. Мұнан бө­лек Нұрислам Қарымсақов, Арсен Елдарұлы, ал қыздар арасында қара­көз қарындастарымыз Зульфия Өтеген мен Аяназ Сұлтанбек күміс ме­дальды қанағат тұтты. Сон­дай-ақ Жалағаштан аймақ намы­сын қорғауға аттанған Санжар Мұрат­бек, Жантөре Исабек, Ернар Бек­бер­ген, Диас Шәки, Бақытбек Қо­жахмет, Ернар Қазыбекұлы, Әліби Бо­лат­бек, Диана Ермекбай, Айзер Шар­ханқызы қоржынға 9 қола салды.
– Спорт болған соң бірде жеңіс, бірде жеңіліс болып жатады. Оның біріне тоқмейілсіп болмаса енді біріне жігеріңді жасытудың қажеті жоқ. Спортта жеткен жетістікке ма­сай­рамаған да дұрыс, бір жағынан жеңілістен сабақ алған да абзал. Осыған дейін де шәкірттерімнің алды Азия біріншіліктерінде, ха­лық­аралық додаларда және ел бірін­шіліктерінде топ жарды. Бірақ біз оған тоқмейілсімейміз, керісінше бұны жетістікті еселеудің алғашқы қа­­дамы деп білеміз. Алда әлі де талай дүбірлі додалар мен тартысты бәсекелер күтіп тұр. Оған да шәкірт­терімді қатыстыру жоспарда бар. Бастысы, сенім ақталып жатыр. Ба­лаларым дайындық ба­рысында жиған тәжірибесін жеңіс­пен ұштас­тыруда. Еткен еңбек, дайын­­дық ба­­рысында төккен тер да­лаға кет­­кен жоқ. Шәкірттеріммен мақ­тана­мын. Олардың әлі талай бай­рақты бәсекелерде топ жаратынына сені­мім мол, – дейді Мақсат Болатұлы.


Білікті бапкер шәкірттерімен қа­лай мақтанса да жарасады. Алайда ол жеткен жетістікпен шекте­летін адамның сұрпынан емес сияқты. Сөзі нық, ісі нақ. Балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, олардан болашақ ел намысын қорғайтын әйгілі спортшы қалыптастыруда қа­рап қалып жатқан жоқ. Мейлінше со­лардың жарқын болашағына жи­ған тәжірибесін жұмсап жатқанын анық байқадық.
Бұған дейін Мақсат Рахметовтың шәкірттері Нұрай Жақсылық, Гау­һар Сансызбай, Малика Әбдірим Азия біріншілігі мен халықаралық додаларда үздік үштіктен көрінген болатын. Ал кешегі 2-8 мамыр ара­лығында өткен ел біріншілігіне білікті бапкер 3 баласын үкілеп қосса, оның ішінде Нұрдәулет Серікұлы қоржынға қола салған.
– Спортта баланы жаттықты­рудан бөлек тәриелеу де күрделі. Негізінен спортта кейде психология, түсінік маңызды рөл атқарып жа­тады. Сондықтан біз баланы бетіне жібер­мейміз, бір жағынан қатал бол­­маймыз да. Баланың жеткен же­тістігін қайталай берсең, ол соған дандайсып кетуі мүмкін, ал қатты қайраймын деп жасытып алуың да ғажап емес. Сондықтан оған спорт­тың айла-тәсілін меңгерту бір бөлек, ал оны психологиялық кеңес бере отырып, дайындыққа шыңдау өз алдына бөлек әңгіме, – дейді білікті бапкер.
Айтып отырғанының бәрі де рас, шынымен тепе-теңдікті сақтамасаң, баланы спортқа баулығаннан бөлек оны психологиялық дайындау шы­нында күрделі сияқты. Осы екеуін Мәкеңнің ұштастыра білгенін шәкірт­терінің жетістігінен байқау қиын емес. Қай жарысқа барса да оның балалары жүлдесіз қайтпайды. Мұн­да білікті бапкердің үлкен еңбегі мен балалардың ізденімпаздығы жат­қа­нын байқадық.
Мамыр айының аяғында көр­шілес Сырдария ауданында таэк­вон­додан ел біріншілігіне іріктеу ойын­дары өтеді. Онда аймақтың бар­лық ауданынан және Қызылорда қаласынан 2012-2013 жылдары ту­ған жасөспірімдер бақ сынайды. Мақсат Болатұлы бұл сайысқа 10 шәкіртін қосуға талап қылып отыр. Бұйыртса, олардың бұл жарыста да топ жаратынына сенім мол. Міне, ауданда аталған спорт түрінің даму қарқыны осындай.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: