Жалағаш жұрты өткенді ұлықтап, елдің ертеңіне саналы ғұмырын сарп еткен азаматтардың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға насихаттауда жолынан жаңылған емес. Біздің мұндай шаралардан ұтпасақ, ұтылмасымыз хақ. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тағы бір осындай игі шараның куәсі болдық. Ұлы Отан соғысының жауынгері, гвардия кіші лейтенанты, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері Сауда Мәдиұлының атына Жалағаш кентінен жерлестері көше беріп, баба есімін, ерлігін жадында жаңғыртты.
Батыр атындағы көшенің ашылу салтанатына аудан әкімі Асқарбек Есжанов қатысып, шараның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін Сауда Мәдиұлы әкеміз сексен жылдан кейін елмен қайта қауышып жатыр. Елім деген ерлердің есімін ардақтау, ұлықтау кейінгі толқын, жас ұрпақты елді, туған жерді сүюге, ерлікке бастайды. Бүгінгі салтанатты шарада Сауда Мәдиұлы әкеміздің есімімен аудан орталығындағы бір көшенің аталуы құптарлық іс, ерлікке тағзым деп білемін, – деді аудан әкімі.
Сауда Ормановтың майдан даласынан бауырларымен, анасымен хат алмасқанын осыған дейін оның ұрпағы Әсия Мәдиевадан сұрап білгенбіз. 1942 жылы 9 қыркүйекте жазған хатында ұрыс даласына дайындық туралы жаза келе, қарт әкесі Мәди мен анасы Гүлзейнепке, інілері Сауранбай, Төлепберген, Айтбайға алаң көңілін білдірген. Әрбір хатында елдегі ағайын-туыс, замандас, қарындастарының жай-күйін түгел сұрап, жүрекжарды өлең жолдарын майдан даласынан сағыныштың көгершініндей жолдайды. Көп ұзамай майданға аттанған Сауранбай інісіне жолдаған хатында «Командир болып шық. Жастарды тәрбиеле. Неміс фашизміне қарсы соққы бер. Ағаң сержант, жастарды тәрбиелеуде. Ал жаным, қасыңдағы орыс болсын, қазақ болсын жүрегіңмен сыйлас. Ол – сенің майдандас досың. Сонымен бірге командиріңді қатты сыйла» деген ағалық кеңесін айтқан.
Сауда Орманов майдан даласында ерлікпен қаза тапқаннан кейін анасы Күлзейнепке Польша жеріндегі баласының басына барып, бір уыс топырақ салып құран бағыштау арманға айналған. Шынында соғыстың аяқ шенінде мұндай мүмкіндік қайдан болсын. Оның үстіне елді шешек жайлап, аты жаман аурудың салдарынан үш бірдей баласы Оразбай, Базарбай Сәрсенбайлар бірінен соң бірі бақилық болған. Қос баласы майданға аттанып, оның бірі қанқұйлы шайқаста қаза тапқан.
Сауда Ормановтың ұрпағы Әсия Мәдиева бүгінде Жалағаш кентінде тұрады. Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен әкесі Сауранбай Мәдиевтің Сауда Орманов ағасы екен. Ол Польша жеріндегі шайқастардың бірінде ерлікпен қаза табады. Сол тұстағы қиын кезеңдерді Әсия апай кеңінен тарқатқанда, бейбіт заманда, тәуелсіз мемлекетке мамыражай күн кешіп жатқаныңа тәуба дейсің.
Соғыстан оралған Сауранбай ағасының көзі тірісінде майдан даласынан жолдаған хаттарын күн сайын парақтап, пысықтап отыруды әдетке айналдырыпты. Тіпті әлгі хаттаулы қағаздардың бір мүйіші майысып, беттері сөгіле қалса, қатты налитын көрінеді. Жастай қыршын кеткен бауырынан қалған жалғыз естелік, жұбанышы сол ғана, сондықтан ол кісіні түсінуге тура келеді.
Иә, адамзат тарихында сұм соғыстың ауыр кезеңі хатталып тұр. Ұлы Жеңістің ащы дәмімен сұм соғыстың жүрек сыздатар қасіреті тарих бетінде ұмытылмастай із қалдырды. Бұл – сан мыңдаған ұрпақ үшін бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, ел үшін құрбан болған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбынын, тылда еңбек еткендердің қисапсыз маңдай терінің мәңгі өшпейтінін дәлелдейтін тарихи кезең. Жеңіске жету жолында қанды қырғында арпалысқан жауынгерлердің құлақ түбінен ысқырған оқтар мен жаңғырған зеңбіректер гүрсілі, шыбын жаны шырқыраған жаралылардың жан дауысы, бәрі-бәрі құлағыңа келгендей болады.
Ел басына күн туған сындарлы сәтте қан майданға аттанып, туған Отан қорғау жолында жан қиған батырлар ерлігі – қашанда ұрпаққа өнеге. Сыр өңірінен Ұлы Отан соғысына қатысқан сарбаздар өмірі де жанкешті қадамдар мен қайсарлыққа толы. Сан жылдар өтсе де аңызға айналып, бүгінгі буын жадында жаңғырып келеді. Осындай өнегелі тұлғаның бірі №44 гвардиялық атқыштар дивизиясының 130 гвардиялық атқыштар полкының взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты Сауда Орманов еді.
Жалағаштың топырағында бақытты балалық шағын өткізіп, жалынды жастықтың қызығына бойлай бастаған Сауда Мәдиұлы 19 жасында әскер қатарына алынады. 1941 жылдың желтоқсан айында Қармақшы әскери комиссариаты шақыртуымен ел қорғауға аттанып, Ақтөбе қаласында кіші командирлер училищесінен арнайы курстан өтіпті.
Елім деген ердің Отанға деген риясыз адалдығы мен сенімі ұрыс даласынан жолданған хаттардан ерекше сезілетін. Курсанттың училищедегі дайындықпен қатар оқуға деген қызығушылығы артқан. Тіпті ізін басқан інісі Сауранбайға жолдаған хатында оқуға қажетті әскери кітаптарды жіберуін сұраған деректер де бар. Майдан хаттарының алғы көші де сол кезеңнен бастау алады.
Кейін бұл хаттардың қатары сирей бастаған. Бұл да бір тарих екенін Әсия апайымыз жақсы біледі. Сондықтан майдан даласынан жолданған хаттардың қалғанын аудандық музейге тапсыруды жөн деп тауыпты. Кейін музей қызметкері Марат Шөмекей бұл хаттардың бір парасын «Жалағаштық жауынгерлер» кітабына енгізді.
Кескілескен шайқастың ортасында жүріп, ұрыс толастаған сәтте жанын шүберекке түйе отырып, елге жазылған хаттар майдангердің елге деген шексіз сағынышын білдіреді. Әрбір хаттан соғыс демі мен ұрыс даласындағы азапқа толы күндер өршіл перзентті мұқата алмағанын байқаймыз.
Бірде 1943 жылы сәуірде госпитальдан емделіп, частыға келгенін, інісі Сауранбайға жаза отырып, әзірге хат жазбауын сұрайды. Сол жылдың 23 желтоқсанындағы хатында: «Отечественная война» ІІ степенімен наградит етті» деп жазады.
1943 жылы 11 тамызда 246 атқыштар дивизиясының кіші сержанты Сауда Орманов Десна өзенінен бірінші болып өтіп, 13 фашисті жер жастандырады. Екі күннен соң фашистерінің жаудырған оқтарына қарамастан қарсы бетке жүзіп өтіп, жау шебіне снайперлік соққы бергені үшін полковник Гришко «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады.
Майдангер қауырт шақта да бауырларымен хабар алмасуды естен шығармады. 1944 жылы 23 мамырдағы хабарында ұрыс даласына бара жатқанын және №44 гвардиялық атқыштар дивизиясының 130 гвардиялық атқыштар полкының құрамында взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты шенін алғанын жазады. Ал 1944 жылы 20 маусымда Брест қаласының солтүстік-батыс жағалауындағы бірінші болып жеткенін және жеңіске аз уақыт қалғанын баяндайды.
Сауда Мәдиұлы кезекті хаттың бірінде «Көке, алдымызда «Западный буг» тұр. Сталин басшымыз алға десе, өтіп кетуге даярмыз. Екі орденім бар. «Отечественная война» және «Красная звезда». Отан үшін соғыста Сталин жолдастың берген үш Алғысы бар» деп марқая сүйіншілейді. Жолданған офицер хатынан өзара бауырмалдықтың үлгісін, халықтар достығының мызғымастығы, тәртіпке бас июдің адами қасиет екенін тану оңай.
Сауда ағамыздың інісі Төлепберген Ақтөбе қаласында әскер қатарында болды. Кезекті кезекшілікке шыққанда ауыл баласы «Осы біз нені сонша күзетіп жүрміз?» деген оймен ішке кіріп, жағалай жазылған тізімдерді көреді. Орта тұсқа келгенде ағасы Сауданың аты-жөнін көзі шалып, «ой, бауырым» деп бас салады ғой. Сол кезде тревого көтеріліп, оларды гаупвахтаға жауып тастап, тергеуге алады. Сонда «Орманов Сауда Мәдиұлы – менің туған бауырым. Бауырымның аты-жөнін көргенде өзімді ұстай алмай қалдым» деп шынайы жауап беріпті. Арада бір апта әскери комиссариатқа сұрау салу нәтижесінде туған бауыры екені дәлелденіп, онкүндік демалысқа келген екен.
Батыр көкеміздің жоқтаушылары халқы, оның ішінде «Жарығымның келуін күте алмадым-ау, «өлді» деген суық сөзге бұл жүрегім сенбеді-ау» деген Гүлзейнеп ана, ішіндегі қайғысын ел тағдыры қамымен жоя білген «Жас қайрат» колхозының төрағасы Мәди атамыз, от ортасынан оралған Сауранбай, елде қалған балаң Төлепберген, Айтбайлар ағасының хаттарын сағынышпен үнсіз ғана суланған көздерін қайта-қайта сүрте отырып оқыса, Зияш апамыз сол хаттардағы өлең жолдарын әнге салып, өмірінің соңына дейін айтып кетіпті.
Заманның өзгеріп, сандық сауаттылықтың маңызы артқан тұста жиені Жанат Серікқызы ақпараттық желі арқылы бүгінде басқа мекен-жайға ауыстырылған Польша жеріндегі Драк хуторындағы бауырластар зиратының жаңа мекен-жайын республикалық «Қызыл ай» қоғамы арқылы байланысқа шығып тауыпты. Сауда Орманұлына құзырлы орындар арқылы 1945 жылы 9 мамырда «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі берілгені белгілі болды.
Туған елі батыр ұлының еңбегін ескерусіз қалдырмады, аудан орталығындағы көшелердің біріне Сауда Ормановтың есімі беріліп, елімен қайта қауышты. Жаужүрек жауынгердің ерлікке толы өмір жолы ұрпақтары жадында жаңғыра береді.
Ерлан АНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!