Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 18:58

Есімі елімен қайта қауышты

13.05.2023

357

0

Жалағаш жұрты өткенді ұлықтап, елдің ертеңіне саналы ғұмырын сарп еткен азаматтардың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға насихаттауда жолынан жаңылған емес. Біздің мұндай шаралардан ұтпасақ, ұтылмасымыз хақ. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тағы бір осындай игі шараның куәсі болдық. Ұлы Отан соғысының жауынгері, гвардия кіші лейтенанты, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері Сауда Мәдиұлының атына Жалағаш кентінен жерлестері көше беріп, баба есімін, ерлігін жадында жаңғыртты.

Батыр атындағы көшенің ашылу салта­натына аудан әкімі Асқарбек Есжанов қа­тысып, шараның маңыз­ды­лығына тоқталды.
– Бүгін Сауда Мәдиұлы әкеміз сексен жылдан кейін елмен қайта қауышып жатыр. Елім деген ерлер­дің есімін ардақтау, ұлықтау кейінгі толқын, жас ұрпақты елді, туған жерді сүюге, ерлікке бастайды. Бү­гінгі салтанатты шарада Сауда Мәдиұлы әкеміздің есімімен аудан ор­та­лығындағы бір көшенің аталуы құп­тарлық іс, ерлікке тағзым деп білемін, – деді аудан әкімі.


Сауда Ормановтың майдан да­ла­сынан бауырларымен, анасы­мен хат алмасқанын осыған дейін оның ұрпағы Әсия Мәдиевадан сұрап білгенбіз. 1942 жылы 9 қыркүйекте жаз­ған хатында ұрыс даласына дайын­дық туралы жаза келе, қарт әкесі Мәди мен анасы Гүлзейнепке, інілері Сауранбай, Төлепберген, Айт­байға алаң көңілін білдірген. Әрбір хатында елдегі ағайын-туыс, за­ман­дас, қарындастарының жай-күйін түгел сұрап, жүрекжарды өлең жолдарын майдан даласынан сағы­ныш­тың көгершініндей жолдайды. Көп ұзамай майданға аттанған Сау­ранбай інісіне жолдаған хатында «Командир болып шық. Жастарды тәрбиеле. Неміс фашизміне қарсы соққы бер. Ағаң сержант, жастарды тәрбиелеуде. Ал жаным, қасыңдағы орыс болсын, қазақ болсын жүре­гіңмен сыйлас. Ол – сенің майдандас досың. Сонымен бірге командиріңді қатты сыйла» деген ағалық кеңесін айтқан.
Сауда Орманов майдан дала­сында ерлікпен қаза тапқаннан кейін анасы Күл­зейнепке Польша жерін­дегі баласының ба­сына ба­рып, бір уыс топырақ салып құран бағыштау арманға айналған. Шы­нын­да соғыстың аяқ шенінде мұн­дай мүм­кіндік қайдан болсын. Оның үстіне елді шешек жайлап, аты жа­ман аурудың сал­дарынан үш бір­дей баласы Оразбай, Базар­бай Сәр­сенбайлар бірінен соң бірі ба­қи­лық болған. Қос баласы май­данға аттанып, оның бірі қанқұйлы шай­қаста қаза тапқан.
Сауда Ормановтың ұрпағы Әсия Мә­диева бүгінде Жалағаш кентінде тұра­ды. Ұлы Отан соғысында ерен ер­­ліктің үлгісін көрсеткен әкесі Сау­ранбай Мәдиевтің Сауда Орма­нов ағасы екен. Ол Польша жеріндегі шай­­қастардың бірінде ерлікпен қаза табады. Сол тұстағы қиын кезеңдерді Әсия апай кеңінен тарқатқанда, бейбіт заманда, тәуелсіз мемлекетке мамыражай күн кешіп жатқаныңа тәуба дейсің.
Соғыстан оралған Сауранбай аға­сының көзі тірісінде майдан дала­сынан жолдаған хаттарын күн сайын парақтап, пысықтап отыруды әдетке айналдырыпты. Тіпті әлгі хаттаулы қағаздардың бір мүйіші майысып, беттері сөгіле қалса, қатты налитын көрінеді. Жастай қыршын кеткен бауырынан қалған жалғыз естелік, жұбанышы сол ғана, сондықтан ол кісіні түсінуге тура келеді.
Иә, адамзат тарихында сұм соғыс­тың ауыр кезеңі хатталып тұр. Ұлы Жеңістің ащы дәмімен сұм соғыстың жүрек сыздатар қасіреті тарих бе­тінде ұмытылмастай із қалдырды. Бұл – сан мыңдаған ұрпақ үшін бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, ел үшін құр­бан болған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбынын, тылда еңбек еткендердің қи­сап­сыз маңдай те­рінің мәңгі өшпейтінін дә­лел­дейтін тарихи кезең. Жеңіске жету жолында қанды қырғында арпалысқан жауын­­герлердің құлақ түбінен ысқырған оқтар мен жаңғырған зеңбіректер гүр­сілі, шыбын жаны шырқыраған жаралылардың жан дауысы, бәрі-бәрі құлағыңа келгендей болады.
Ел басына күн туған сындарлы сәтте қан майданға аттанып, туған Отан қорғау жолында жан қиған батырлар ерлігі – қашанда ұрпаққа өнеге. Сыр өңірінен Ұлы Отан соғы­сына қатысқан сарбаздар өмірі де жанкешті қадамдар мен қайсарлыққа толы. Сан жылдар өтсе де аңызға айналып, бүгінгі буын жадында жаң­ғырып келеді. Осындай өнегелі тұл­ғаның бірі №44 гвардиялық ат­қыштар дивизиясының 130 гвар­диялық атқыштар полкының взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты Сауда Орманов еді.
Жалағаштың топырағында ба­қыт­ты балалық шағын өткізіп, жа­лынды жастықтың қызығына бой­лай бастаған Сауда Мәдиұлы 19 жа­сында әскер қатарына алынады. 1941 жылдың желтоқсан айында Қар­мақшы әскери комиссариаты ша­қыр­туымен ел қорғауға аттанып, Ақтөбе қаласында кіші командирлер учи­ли­щесінен арнайы курстан өтіпті.
Елім деген ердің Отанға деген риясыз адалдығы мен сенімі ұрыс даласынан жолданған хаттардан ерекше сезілетін. Курсанттың учи­ли­щедегі дайындықпен қатар оқу­ға деген қызығушылығы артқан. Тіпті ізін басқан інісі Сауранбайға жол­даған хатында оқуға қажетті әскери кітаптарды жіберуін сұраған деректер де бар. Майдан хаттарының алғы көші де сол кезеңнен бастау алады.
Кейін бұл хаттардың қатары сирей бастаған. Бұл да бір тарих екенін Әсия апайымыз жақсы біледі. Сондықтан майдан даласынан жол­данған хаттардың қалғанын аудан­дық музейге тапсыруды жөн деп тауыпты. Кейін музей қызметкері Марат Шөмекей бұл хаттардың бір парасын «Жалағаштық жауын­гер­лер» кітабына енгізді.
Кескілескен шайқастың ортасын­да жүріп, ұрыс толастаған сәтте жа­нын шүберекке түйе отырып, елге жазылған хаттар майдангердің елге деген шексіз сағынышын білдіреді. Әрбір хаттан соғыс демі мен ұрыс да­ласындағы азапқа толы күндер өр­шіл перзентті мұқата алмағанын байқаймыз.
Бірде 1943 жылы сәуірде госпи­тальдан емделіп, частыға келгенін, інісі Сауранбайға жаза отырып, әзірге хат жазбауын сұрайды. Сол жылдың 23 желтоқсанындағы хатында: «Оте­чест­венная война» ІІ степенімен наг­радит етті» деп жазады.
1943 жылы 11 тамызда 246 ат­қыштар дивизиясының кіші сер­жанты Сауда Орманов Десна өзе­нінен бірінші болып өтіп, 13 фашисті жер жастандырады. Екі күннен соң фашистерінің жаудырған оқтарына қарамастан қарсы бетке жүзіп өтіп, жау шебіне снайперлік соққы бергені үшін полковник Гришко «Қызыл Жұл­дыз» орденіне ұсынады.
Майдангер қауырт шақта да бауыр­­­ла­рымен хабар алмасуды ес­­тен шығармады. 1944 жылы 23 ма­­­мырдағы хабарында ұрыс дала­сына бара жатқанын және №44 гвар­дия­лық атқыштар дивизиясының 130 гвардиялық атқыштар полкының құ­рамында взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты шенін алғанын жа­зады. Ал 1944 жылы 20 маусымда Брест қаласының солтүстік-батыс жа­­ға­лауындағы бірінші болып жет­ке­нін және жеңіске аз уақыт қалғанын баяндайды.
Сауда Мәдиұлы кезекті хаттың бірінде «Көке, алдымызда «Западный буг» тұр. Сталин басшымыз алға десе, өтіп кетуге даярмыз. Екі ор­денім бар. «Отечественная война» және «Красная звезда». Отан үшін соғыста Сталин жолдастың бер­ген үш Алғысы бар» деп марқая сүйін­шілейді. Жол­данған офицер ха­ты­нан өзара бауыр­малдықтың үл­­­гі­сін, халықтар достығының мызғымастығы, тәртіпке бас июдің адами қа­сиет екенін тану оңай.
Сауда ағамыздың інісі Төлеп­берген Ақтөбе қаласында әскер қа­тарында бол­ды. Кезекті кезекшілікке шыққанда ауыл баласы «Осы біз нені сонша күзетіп жүр­міз?» деген оймен ішке кіріп, жағалай жазылған ті­зімдерді көреді. Орта тұсқа кел­генде ағасы Сауданың аты-жөнін көзі шалып, «ой, бауырым» деп бас салады ғой. Сол кезде тревого кө­теріліп, оларды гаупвахтаға жауып тастап, тергеуге алады. Сонда «Ор­ма­нов Сауда Мәдиұлы – менің туған бауырым. Бауырымның аты-жөнін көргенде өзімді ұстай алмай қалдым» деп шынайы жауап беріпті. Арада бір апта әскери комиссариатқа сұрау салу нәтижесінде туған бауыры екені дәлел­деніп, онкүндік демалысқа келген екен.
Батыр көкеміздің жоқтаушылары хал­қы, оның ішінде «Жарығымның келуін күте алмадым-ау, «өлді» де­ген суық сөзге бұл жүрегім сенбеді-ау» деген Гүлзейнеп ана, ішіндегі қайғысын ел тағдыры қамымен жоя білген «Жас қайрат» колхозының тө­рағасы Мәди атамыз, от ор­та­сынан оралған Сауранбай, елде қал­ған балаң Төлепберген, Айтбай­лар аға­сы­ның хатта­рын сағынышпен үнсіз ғана суланған көздерін қайта-қайта сүрте отырып оқы­са, Зияш апа­мыз сол хаттардағы өлең жол­дарын әнге са­лып, өмірінің соңына дейін айтып кетіпті.
Заманның өзгеріп, сандық сауат­ты­лық­тың маңызы артқан тұста жиені Жанат Серікқызы ақпараттық желі ар­қылы бү­гінде басқа мекен-жайға ауыс­ты­рылған Польша же­ріндегі Драк хуторындағы бауыр­­лас­тар зиратының жаңа мекен-жайын республикалық «Қызыл ай» қоға­мы арқылы байланысқа шығып тауып­ты. Сауда Орманұлына құзырлы орын­дар арқылы 1945 жылы 9 ма­мырда «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Гер­манияны жең­гені үшін» медалі беріл­гені белгілі болды.
Туған елі батыр ұлының ең­бегін ес­керусіз қалдырмады, аудан орталы­ғын­дағы көшелердің біріне Сауда Ормановтың есімі беріліп, елі­мен қайта қауышты. Жау­жүрек жауын­гердің ерлікке толы өмір жолы ұрпақтары жадында жаңғыра береді.

Ерлан АНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: