Жалағаш ауданында ана мен баланы қолдау, көпбалалы отбасыларға қамқорлық жасау мақсатында 2021 жылы 30 көпбалалы анаға жеңілдікпен арендалық үй берілген. Қуантарлығы, бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Яғни 2023 жылы ауданда тағы да 50 арендалық үй салынады. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов осылай деді.
Иә, қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасының бірлігі – Отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнатуымыз керек» деген болатын.
Айта кетейік, Жалағаш ауданында 1418 көпбалалы отбасы бар. Көпбалалы аналардың ішінде наградталғандар саны – 978. Оның ішінде 40 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталса, 39-ы Кеңестер Одағының «Батыр ана» атағына ие болған. Ал 291-і – «Алтын алқа», 608-і – «Күміс алқа» иегері.
Спикер 2023 жылдың 4 айында аудандағы көпбалалы наградталған аналарға 86,6 млн теңге, көпбалалы отбасыларға 351,3 млн теңге мемлекеттік жәрдемақы берілгенін айтады. Сондай-ақ ол мұны аудандағы барлық аналарға көрсетілген көмек деп есептейді.
– Ауданда ардагерлер спартакиадасы, отбасы, бала тәрбиесіне қатысты көшпелі семинарлар, тәрбиелік маңызы бар шаралар, кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Елімізде отбасы құндылықтары мен қазақ үшін қашан да киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше тағылымды шара – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы. 2014 жылдан бастау алған бұл байқауға облыс бойынша 1700-ге жуық отбасы өтінім беріп, оның 178-і қатысуға жолдама алса, аудан бойынша 73 отбасы өтінім беріп, облыстық кезеңге 22-сі жолдама алды. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 2016 жылы Мәдениет ауылынан Мұстафаевтар отбасы І орын, Жалағаш кентінен Сүлейменовтер отбасы ІІ орын, 2017 жылы Аққыр ауылынан Ғаниевтар отбасы І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Астана қаласында өтетін республикалық кезеңіне жолдама алса, Бұқарбай батыр ауылынан Нұрмағанбетовтер отбасы ІІІ орын иеленді. 2018 жылы Мәдениет ауылынан Тоқсановтар отбасы ІІ орын, 2019 жылы Бұқарбай батыр ауылынан Сәменовтер отбасы «Парасатты отбасы» номинациясымен, 2021 жылы Аққұм ауылынан Шуақбаевтар отбасы ІІІ орын, 2022 жылы Аққыр ауылынан Маштаевтар отбасы ІІІ орын, Еңбек ауылынан Бекниязовтар отбасы «Берекелі отбасы» номинациясымен және арнайы жүлде қорымен марапатталды, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Айта кетейік, биыл аймақта 9-шы мәрте дәстүрлі түрде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өтеді. Жалпы, байқау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 15 мамырдан 15 маусымға дейін жүргізіледі. Онда аудандық іріктеу болады. Конкурсқа іріктеу 15 мамырда басталып, республикалық деңгейде қорытындыланады. Ұлттық құндылықты үлгі етер отбасылық сайысқа Жалағаш ауданынан да бірқатар отбасы қатысады.
Жалағаш ауданында 15 мамыр – Халықаралық Отбасы күнінің шаралары 11-15 мамыр аралығында 20-ға жуық шара өтті. Тарқатып айтсақ, 11-15 мамыр аралығында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының әр жылдардағы финалистерінің қатысуымен білім беру ұйымдарында отбасылық құндылықтарды, қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау бойынша кездесулер, білім беру ұйымдарында «Менің отбасым» балалар суреттерінің конкурсы және ата-аналарға балалар тәрбиесіндегі жауапкершілік туралы құқықтық оқыту, кеңестер, кездесулер, тренингтер, медициналық мекемелерде отбасын жоспарлау мәселелері бойынша «Ашық есік» күні және медициналық мекемелердегі «Денсаулық бұрыштарында» арнайы стендтер қойылды. Ал 12 мамыр күні оқушылардың сабақ барысы, мәдени іс-шараларға қатысуы мен қызығушылығы сынды тақырыптар аясында ой бөлісу мақсатында жалпы ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Сол күні жас отбасылармен «Отбасы – өмір аясы» тақырыбында блиц-сұрақ өткізілді.
Сондай-ақ сенбілік аясында Халықаралық отбасы күніне орай отбасылардың ағаш отырғызу акциясы өтті. Бұл шара отбасының беріктігін одан әрі нығайтуға септігін тигізгені сөзсіз. Мұнан бөлек аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлының қатысуымен көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарын табыстау және әр жылдары «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанған отбасылармен кездесу, аудандық перзентханада босанған аналарды құттықтау, «Отбасы – сыйластық, жарастық орнаға орта» тақырыбында қолөнер және суретшілер көрмесі, «Отбасым – алтын ұям» атты көңілді ойындар сайысы, «Отбасындағы бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі» тақырыбында ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылған. Бұдан бөлек аудандық қоғамдық даму бөлімі арқылы аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға ақпараттық имидждік жұмыстар да тұрақты жүргізілуде.
– Бақытты отбасы – табысты мемлекеттің өзегі. Барлық аудан тұрғындарын бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңыз аман болсын. «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деген, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді спикер.
Брифинг соңында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов БАҚ өкілдерінің «Аудандағы көпбалалы отбасыларға алдағы уақытта қандай көмек болады, биыл қанша отбасына арендалық үй беріледі?» деген сауалдарын да жауапсыз қалдырмады.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!