Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 18:01

Биыл 50 тұрғын үй салынады

16.05.2023

377

0

Жалағаш ауданында ана мен баланы қолдау, көпбалалы отбасыларға қамқорлық жасау мақсатында 2021 жылы 30 көпбалалы анаға жеңілдікпен арендалық үй берілген. Қуантарлығы, бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Яғни 2023 жылы ауданда тағы да 50 арендалық үй салынады. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов осылай деді.

Иә, қазақ халқы үшін отбасы – қа­сиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отба­сының бірлігі – Отанның беріктігі, аға­­йын­ның татулығы – атамекеннің тұ­тастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгер­шілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әрбір отбасын сақтау – Отанымыз­дың берік болуының кепілі. Олардың әр­қайсысына тұтастық пен татулықтың дәс­түрін орнатуымыз керек» деген болатын.
Айта кетейік, Жалағаш ауданында 1418 көпбалалы отбасы бар. Көпбалалы аналардың ішінде наградталғандар саны – 978. Оның ішінде 40 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен мара­патталса, 39-ы Кеңестер Одағының «Батыр ана» атағына ие болған. Ал 291-і – «Алтын алқа», 608-і – «Күміс алқа» иегері.
Спикер 2023 жылдың 4 айында аудандағы көпбалалы наградталған аналарға 86,6 млн теңге, көпбалалы отбасыларға 351,3 млн теңге мемлекеттік жәрдемақы берілгенін айтады. Сондай-ақ ол мұны аудандағы барлық аналарға көрсетілген көмек деп есептейді.
– Ауданда ардагерлер спартакиа­дасы, отбасы, бала тәрбиесіне қатысты көшпелі семинарлар, тәрбиелік маңызы бар шаралар, кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Елімізде отбасы құндылықтары мен қазақ үшін қашан да киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше тағылымды шара – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы. 2014 жылдан бастау алған бұл байқауға облыс бойынша 1700-ге жуық отбасы өтінім беріп, оның 178-і қатысуға жолдама алса, аудан бойынша 73 отбасы өтінім беріп, облыстық кезеңге 22-сі жолдама алды. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 2016 жылы Мәдениет ауы­лынан Мұстафаевтар отбасы І орын, Жалағаш кентінен Сүлейменовтер отбасы ІІ орын, 2017 жылы Аққыр ауылынан Ғаниевтар отбасы І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Астана қаласында өтетін республикалық ке­зеңіне жолдама алса, Бұқарбай батыр ауылынан Нұрмағанбетовтер отбасы ІІІ орын иеленді. 2018 жылы Мәдениет ауылынан Тоқсановтар отбасы ІІ орын, 2019 жылы Бұқарбай батыр ауылынан Сәменовтер отбасы «Парасатты от­басы» номинациясымен, 2021 жылы Аққұм ауылынан Шуақбаевтар от­ба­сы ІІІ орын, 2022 жылы Аққыр ауы­лынан Маштаевтар отбасы ІІІ орын, Еңбек ауылынан Бекниязовтар от­ба­сы «Берекелі отбасы» номина­ция­­сымен және арнайы жүлде қоры­мен марапатталды, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Айта кетейік, биыл аймақта 9-шы мәрте дәстүрлі түрде «Мерейлі от­басы» ұлттық байқауы өтеді. Жалпы, байқау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 15 мамырдан 15 маусымға дейін жүргізіледі. Онда аудандық іріктеу бо­лады. Конкурсқа іріктеу 15 мамырда басталып, республикалық деңгейде қо­рытындыланады. Ұлттық құндылықты үлгі етер отбасылық сайысқа Жалағаш ау­данынан да бірқатар отбасы қа­тысады.
Жалағаш ауданында 15 мамыр – Халықаралық Отбасы күнінің шаралары 11-15 мамыр аралығында 20-ға жуық шара өтті. Тарқатып айтсақ, 11-15 мамыр аралығында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының әр жылдардағы финалистерінің қатысуымен білім бе­ру ұйымдарында отбасылық құнды­лық­тарды, қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау бойынша кез­десулер, білім беру ұйымдарында «Менің отбасым» балалар суреттерінің конкурсы және ата-аналарға ба­ла­лар тәрбиесіндегі жауапкершілік ту­ралы құқықтық оқыту, кеңестер, кез­десулер, тренингтер, медициналық ме­­кемелерде отбасын жоспарлау мә­селелері бойынша «Ашық есік» күні және медициналық мекемелердегі «Ден­саулық бұрыштарында» арнайы стенд­тер қойылды. Ал 12 мамыр күні оқу­шылардың сабақ барысы, мәдени іс-шараларға қатысуы мен қызығушылығы сынды тақырыптар аясында ой бө­лісу мақсатында жалпы ата-аналар жи­налысы ұйымдастырылды. Сол күні жас отбасылармен «Отбасы – өмір аясы» тақырыбында блиц-сұрақ өткізілді.
Сондай-ақ сенбілік аясында Ха­лық­аралық отбасы күніне орай отба­сы­лардың ағаш отырғызу акциясы өтті. Бұл шара отбасының беріктігін одан әрі нығайтуға септігін тигізгені сөзсіз. Мұнан бөлек аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлының қатысуымен көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарын табыстау және әр жыл­дары «Мерейлі отбасы» байқауында жеңім­паз атанған отбасылармен кез­десу, аудандық перзентханада босанған ана­ларды құттықтау, «Отбасы – сый­ластық, жарастық орнаға орта» та­қы­рыбында қолөнер және суретшілер көрмесі, «Отбасым – алтын ұям» атты көңілді ойындар сайысы, «Отбасындағы бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі» тақырыбында ата-аналармен кезде­сулер ұйымдастырылған. Бұдан бөлек аудандық қоғамдық даму бөлімі арқылы аудандық «Жалағаш жаршысы» га­зетіне, әлеуметтік желідегі ресми парақ­шаларға ақпараттық имидждік жұмыстар да тұрақты жүргізілуде.
– Бақытты отбасы – табысты мемле­кеттің өзегі. Барлық аудан тұрғындарын бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Отба­сыларыңыз аман болсын. «Отба­сының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деген, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді спикер.
Брифинг соңында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов БАҚ өкілдерінің «Аудандағы көпбалалы отба­сыларға алдағы уақытта қандай көмек болады, биыл қанша отбасына арендалық үй беріледі?» деген сауал­дарын да жауапсыз қалдырмады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: