Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 03:37

Тілсіз жау тыныштықты бұзды

13.06.2023

256

0

Қазір әлемде орман өрті тым көбейіп бара жатыр. Күн күрт ысыған қазіргідей уақытта жайқалған қалың орманның бір-ақ сәтте күлі көкке ұшуы бек мүмкін. Еліміздегі орман алқаптарының басым бөлігі шығыс және солтүстік аймақтарда шоғырланған. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің соңғы ресми мәліметіне сенсек, 2022 жылы 1 қаңтарда елдегі орманның жалпы қоры 13,6 млн гектар алқапты құраған. Алайда соңғы жылдары орын алған алапат орман өрті мыңдаған гектар жасыл желекті тұтастай күлге айналдырды. Өткен жылы ғана елді алаңдатқан Қостанайдағы аса ірі өрттің салдарынан Аманқарағай, Әулиекөл аумағындағы қалың орманның 40 мың гектарға жуығы отқа оранған. Сондай-ақ қызыл жалын Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының аумағында да мыңдаған гектар алқапты шарпып, шоқ-шоқ қарағай мен қайың ағаштарын жалмап кетті. Дәл бұлай жалғаса берсе, табиғаттың иен байлығынан көз жазып қалуымыз ғажап емес.

Абай облысындағы елді дүрбе­леңге салған орман өртінің жалғасып жатқанына бірнеше күн болды. Тұтас ел тілсіз жаудың тақсіретін тартып жатыр. Қазіргі уақытта 60 мың гек­тарға жуық орман алқабы өртке оранған. Апат аймағында үш бағытта, оңтүстік, батыс және шығыс жиекте өртті сөндіру жұ­мыс­тары жалғасып жатыр. Шығыс бағытта ауыр техникамен мине­рал­данған жолақтар жасау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Жалпы, өрт сөндіруге 300-ге жуық тех­ника, 1500-ге жуық адам және 11 тік­ұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуе­ден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 621 рет су төгілген, жалпы көлемі 1900 тоннаны құрайды.
Иә, күш бермей жатқан тілсіз жауды ауыздықтауды Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тікелей бақылауына алып, сенбіде Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысты, шұғыл әре­кет ету штабының отырысын өт­кізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызмет­кер­ле­рінің туыс­­тарымен кездесті.
Бір өкініштісі, тілсіз жаудың зұл­маты 14 адамның өмірін жал­­ма­ды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алапат өрттің сал­­да­рынан қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жа­риялады. Сондай-ақ осы қайғылы жағ­дайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тарты­латынын да жеткізді.
– Көңіл айтуға арнайы келіп отыр­мын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкі­метке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жал­ғасады. Осы қайғылы жағдайға кінә­лілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылда­нады. Бұл жағдайдан мін­детті түрде тиісті қорытынды шыға­рамыз, – деді Мемлекет басшысы қаза тапқан орман шаруашылығы қыз­меткер­­лерінің туыстарымен кез­десу сәтінде.
Президент Абай облысындағы алапат өртке байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Өртпен күрес шараларының басы-қасында жүрген Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың табиғат апаты салдарымен күресу, жақын маңдағы елді мекендер тұрғын­дарын эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөнінде қабылданып жатқан ша­ра­лар туралы баяндамаларын тың­­дады. Бірақ Президент баянда­ма­­шы­лардың жауабына көңілі толмай­тынын жеткізді. Төтенше жағ­дайлар министрі Сырым Шәріпха­новқа батыл кадрлық шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.
Сонымен қатар Үкімет пен об­лыс әкімдігіне келтірілген шығын кө­ле­мін шұғыл анықтау, зардап шек­кен тұрғындардың бәріне қолдау көрсету, қаза тапқан азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешу, алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандарды мемлекеттік наградаға ұсыну, бүлінген нысан­дарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау жөнінде бірқатар тапсырма берді.
– Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәти­жесінде табиғат апаты тиіс­ті дәрежеде әрі дер кезінде ауыз­дық­талмады. Демек, тиісті алго­ритмдер жұмыс істемейді. Бұл – ең ал­дымен ТЖМ-ның кемшілігі. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар былтыр Қостанай облысындағы өрттен кейін азаматтық қорғаныс мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағ­дайларға нақты дайындығын тексеру жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Өкінішке қарай нәтижесі көңіл көншітпейді. Материалдық-тех­никалық жабдықталу көрсеткіші 69, функционалдық инфра­құрылыммен жабдықталуы 63 пайыз дең­гейінде. Ал орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың төтен­ше жағдайларға әзірлігі – жетпіс-ақ пайыз.
Ал мамандар орман өртінің көбеюі мен олардың салдарының ауыр болуын орман шаруашылықтарында білікті кадрлар мен қажетті техника-лардың, құрал-жабдықтардың же­тіс­пеу­шілігімен байланыстырады. Абай облысындағы өрттің дер ке­зін­де ауыздықталмауына тиісті жаб­­дықтардың жетіспеуі себеп бол­­­ғанын төтенше жағдай қыз­мет­­кер­лері де мойындауда. Яғни өрт сөндіруге қажетті техника­лар­дың, мотопомпалар мен радиостан­са­ла­рының болмауы тілсіз жаумен кү­ресуде едәуір қиындық келтірген.
Иә, экологиялық залал сал­да­рымен күрескенше оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондық­тан Мемлекет басшысы орман ал­қаптарында жүрген кезде қауіпсіздік ережесін бұзатын азаматтарды қыл­мыстық жауапкершілікке тарту қажет екенін қатаң тапсырды. Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет. Мәселен, әлемде еріктілер отряд­тарын тарту тәжірибесі кеңінен қол­данылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нор­малар заң жүзінде қарастырылған. Бірақ біз бұл ресурсты әлі де белсенді пайдалана алмай отырмыз. Дегенмен жаздың ыстығы енді ғана басталды. Жаман айтпай, жақсы жоқ, кез келген уақытта өрт шығуы мүмкін. Сондай кезде өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болуы тиіс.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: