Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:54

Заң алдында бәрі тең

13.06.2023

1160

0

Қазақстан Республикасының Ата Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет және оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып саналады.

Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ендеше, судьяның әділ төрелікті дөп басып айтуы маңызды. Осы бағыттағы сот жүйесіндегі реформалар тәуелсіз Қазақстанның Жаңа Қазақстан құру жолында әділ сот төрелігін құру үшін судьялардың жауапкершілігін, көтерер жүгін арттырады.

Конституцияға сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары бірдей қорғалады, оларға кепілдік беріледі және ешкім айыра алмайды. Нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталады. Соған сай, республика азаматтары құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады.

Азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Олардың құқықтары мен бостандықтары, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғалуға. Сонымен қатар, әр адамның құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына және білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі. Ата Заңымызға сәйкес, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе басқа да жағдайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

Ар-ождан бостандығы құқығы белгілі бір міндеттемелерге байланысты шектемеуге тиіс. Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бірлестіктердің қызметі заңмен реттеледі. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс екені көрсетілген. 

Мәселен, бас құжатта сот пен судьялардың жұмысын реттеп, жүйелеудің тетігі жасалған. Сол арқылы азаматтарды мінсіз қорғау, қауіпсіздігін сақтау, мүддесін таптатпау мақсаты көзделген. Мәселен Конституцияның 14-бабының бір тармағында «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» екені белгіленген. Бұл халықтың өзіне деген сенімін арттырып, құқығын мемлекет қорғайтынын нақтылайды. Сонымен бірге, осы баптың екінші тармағында: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп шегеленіп көрсетілді. Бұл да өркениетті, құқықтық мемлекетте адам құқығының басты назарда екенін дәлелдейді.

Ата заңымызда соттар мен сот төрелігінің жұмысы VII бөлімге жинақталған. Мұндағы 75-бап «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратынын» нақтылайды. 77-бап арқылы мемлекеттегі сот төрелігінің маңызы мен мәні белгіленген. Онда көрсетілгендей «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады», бұған қоса осы баптың екінші тармағы «Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейтінін» заңдық тұрғыдан бекіткен.

Жалпы алып қарасақ, сот – сөйлейтін заң. Себебі даудың ақ-қарасын ажыратып, тура төрелік ету тапсырылған судья өзінің әділ шешімі арқылы халықтың сотқа ғана емес, мемлекетке деген сенімін қалыптастыруы міндет. Азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғап, елде заң үстемдігін орнату үшін отандық сотта түрлі реформалар қолға алынды. Соның ішінде алқабилер сотының енгізілуі, «Медиация туралы» заңның қабылдануы, мамандандырылған соттардың пайда болуы, судьялықтан үміткерлерге қойылатын талаптың күшейтілуі, жария-құқықтық дауларды сапалы шешу үшін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануы секілді бастамалардың барлығы саланы жаңа биікке көтеріп, жұмысын жандандырды. Ең бастысы халықтың сот қызметіне деген сенімін нығайтып, сот құрылымына үлкен өзгеріс, оң нәтиже әкелді. Мұнын барлығы заң үстемдігі тұжырымдамасы ешкімнің заңнан жоғары бола алмайтындығын, заң алдында бәрі тең екенін айқындайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: