Киелі шаһар, Түркістан төрінде Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Ел ертеңі десе, елеңдеп отырамыз ғой, «Не айтылады, қандай мәселелер көтеріледі, қалай өтеді» деп экранның арғы жағынан көріп, сан сауалға жауап іздедік. Мемлекет басшысы, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар мен елдің ертеңіне алаңдайтын азаматтардың бәрі жиынның ортасынан орын алыпты. Ұлттық құрылтайдың күн тәртібіне елді толғандырған мәселелер, кемел келешекке негізделген ұтымды ойлар мен байыпты бастамаларға басым бағыт беріліпті.
Маңызды жиында Ел Президенті жас ұрпақ тәрбиесінен бастап, ел мен жер мәселесін, мемлекеттік нышандар, тарихи сана-сезім мен ұлттық болмысты нығайту, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, сондай-ақ ең маңызды іс мемлекеттік саясатта талдау, сараптаудың сапасын арттыру, бұл бағыттағы жұмыстардың динамикасын көтеруге тоқталды. Алғашқы сөзінде-ақ Мемлекет басшысы «Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды» дей отырып, ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланатынын да жасырмады.
Расымен, Президент айтқандай, ұлттық құрылтайдан күтеріміз көп. Сегіз мәселенің шетін тарқатқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мәдени мұраларымызды насихаттаудың, лайықты түрде дәріптеудің жүйелі жұмыстарды қажет ететініне тоқталды. «Өткенді білмей, болашаққа қадам баса алмайсың» дегендей, өшкенімізді жаңғырту, мәдени мол мұраларымыздың қадір-қасиетіне жете алу үшін бүгінгі ұрпақтың санасында ұлттық құндылықтарға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға аса мән беру керек. Ұлттық мәдени құндылықтар халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар екені белгілі.
Өскелең ұрпақтың тәрбиесі, білімі бүгіннен толғандыратын мәселе. Бұл туралы Президент жиында сөз етсе, тіпті жыл сайынғы әрбір Жолдауында да қамтып жүргенін жақсы білеміз. «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Әрине, бүгінгі өскелең ұрпақ жан-жақты, бәсекеге қабілетті, заман сүзгісінен өте алатындай білімді және бірнеше тілде еркін сөйлей алуы керек. Бұл біздің талап емес, бұл заманның талабы. Өйткені білекпен емес, біліммен жығатын кезең. Осыны ескерген Мемлекет басшысы да Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың болашағын жарқын етуге бағытталған жұмыстардан айналып өтпеді. Жер мәселесі де өзекті. Өйткені жерің болмаса елің де болмайтыны белгілі. бұл жер қазақтың маңдайына біткен байлық, ата-бабадан жеткен аманат. Ал «Жер шетелдіктерге сатылып жатыр» деген қоғам арасында қалыптасқан кері қауесетке Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы нүкте қойды десем артық айтқандық емес. Ол өз сөзінде, жер бабадан қалған аманат екенін жеткізіп, сатпақ түгілі ұлтарақтай бөлігінің өзін өзгенің табанына таптатып отырмаймыз деді. Қысқасы, аманатқа адал боламыз дегені қазақстандықтардың көкейінде жүрген осы мәселенің түйінін тарқатты деп ойлаймыз. Жалпы Ұлттық құрылтайда көтерілген сегіз мәселе де кезең кезеңімен жүзеге асатынына сенуге болады. Кейбірі қазірдің өзінде қолға алынып, жүйесін тапты. Бірақ бізден талап етілер бір ғана нәрсе ол – бірлік. Ел Президентінің Қазақстан халқынан сұрағаны да осы ауызбіршілік, халықтар достығын сақтау және бейбітшіліктің бедерін бұзып алмау. Сонда біз еліміз алға мақсат еткен байыпты бастамалардың бәріне қол жеткіземіз.
Негізі қазір «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы бірқатар жұмыстарды, негізгі миссиямызды күн тәртібіне қойып үлгердік. Әсілі, біз ойлаған жаңашылдыққа негізделген жасау үшін ең әуелі адалдық керек. Осыны дөп басып айтқан Ел Президентінің көрегендігіне, саясаткерлігіне қайран қалдым. «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады» деген қуатты сөзінің астарында «Адалдық арзанға қол емес» деген қатаң қағида жатқаны белгілі. Абай айтқандай, «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі». Ұлтының алдында ары таза адам, әділетсіздік ауылынан айналып өтіп, әділдіктің ақ Туын әділ қоғамның шаңырағына қадамаушы ма еді?! Сонда ғана ұлттық бірегейлігіміз нығайып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру жолындағы жүйелі жұмыстарға жол ашылмай ма?! Жемқорлықсыз қоғамның қарыштап дамитынына да дау жоқ қой. Ал бүгінгі Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адалдық арлы адамның ісі» деп қадап айтуы қоғамда ізгілік пен адалдықты бірге қалыптастырайық дегені емес пе?!
Не десек те, «Жаңа Қазақстанды», «Әділетті Қазақстанды» сіз бен біз жасаймыз. Біздің бұл тұстағы басты қаруымыз – бірлік!
Нұр НАУАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!