Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Жұма, 10 мамыр, 08:58

Ұлт болашағы сөз болған
Ұлттық құрылтай

20.06.2023

330

0

Киелі шаһар, Түркістан төрінде Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Ел ертеңі десе, елеңдеп отырамыз ғой, «Не айтылады, қандай мәселелер көтеріледі, қалай өтеді» деп экранның арғы жағынан көріп, сан сауалға жауап іздедік. Мемлекет басшысы, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар мен елдің ертеңіне алаңдайтын азаматтардың бәрі жиынның ортасынан орын алыпты. Ұлттық құрылтайдың күн тәртібіне елді толғандырған мәселелер, кемел келешекке негізделген ұтымды ойлар мен байыпты бастамаларға басым бағыт беріліпті.

Маңызды жиында Ел Президенті жас ұрпақ тәрбиесінен бастап, ел мен жер мәселесін, мемлекеттік нышандар, тарихи сана-сезім мен ұлттық бол­мысты нығайту, ұлттық мәдени құн­дылықтарды дәріптеу, ақпарат саяса­тының тиімділігін арттыру, сондай-ақ ең маңызды іс мемлекеттік саясатта талдау, сараптаудың сапасын арт­тыру, бұл бағыттағы жұмыстардың динамикасын көтеруге тоқталды. Ал­ғашқы сөзінде-ақ Мемлекет басшысы «Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құ­рылым. Мен былтыр наурыздағы Жол­дауымда осы құрылтайды ша­қыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды» дей отырып, ұлт­тың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланатынын да жасырмады.
Расымен, Президент айтқандай, ұлттық құрылтайдан күтеріміз көп. Сегіз мәселенің шетін тарқатқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мәдени мұ­ра­ларымызды насихаттаудың, лайық­ты түрде дәріптеудің жүйелі жұмыс­тар­ды қажет ететініне тоқталды. «Өт­кенді білмей, болашаққа қадам ба­са алмайсың» дегендей, өшке­ні­мізді жаңғырту, мәдени мол мұрала­ры­мыз­дың қадір-қасиетіне жете алу үшін бүгінгі ұрпақтың санасында ұлттық құндылықтарға деген патриоттық се­зімді қалыптастыруға аса мән беру керек. Ұлттық мәдени құндылықтар ха­лық ғасырлар бойы жинақтаған ұлт­тық рухани және материалдық құнды­лықтар екені белгілі.
Өскелең ұрпақтың тәрбиесі, білімі бүгіннен толғандыратын мәселе. Бұл туралы Президент жиында сөз етсе, тіпті жыл сайынғы әрбір Жол­дауында да қамтып жүргенін жақсы білеміз. «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Әрине, бүгінгі өскелең ұрпақ жан-жақты, бәсекеге қабілетті, заман сүзгісінен өте алатындай білімді және бірнеше тілде еркін сөйлей алуы керек. Бұл біздің талап емес, бұл заманның талабы. Өйткені білекпен емес, біліммен жығатын кезең. Осыны ескерген Мемлекет басшысы да Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың болашағын жарқын етуге бағытталған жұмыстардан айналып өтпеді. Жер мәселесі де өзекті. Өйткені жерің болмаса елің де болмайтыны белгілі. бұл жер қазақтың маңдайына біткен байлық, ата-бабадан жеткен аманат. Ал «Жер шетелдіктерге сатылып жатыр» деген қоғам арасында қалыптасқан кері қауесетке Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы нүкте қой­ды десем артық айтқандық емес. Ол өз сөзінде, жер бабадан қалған ама­нат екенін жеткізіп, сатпақ түгілі ұлта­рақтай бөлігінің өзін өзгенің табанына таптатып отырмаймыз деді. Қысқасы, аманатқа адал боламыз дегені қазақ­стандықтардың көкейінде жүрген осы мәселенің түйінін тарқатты деп ойлаймыз. Жалпы Ұлттық құрылтайда көте­рілген сегіз мәселе де кезең кезеңімен жүзеге асатынына сенуге болады. Кей­бірі қазірдің өзінде қолға алынып, жүйесін тапты. Бірақ бізден талап етілер бір ғана нәрсе ол – бірлік. Ел Президентінің Қазақстан халқынан сұрағаны да осы ауызбіршілік, халық­­тар достығын сақтау және бейбіт­ші­ліктің бедерін бұзып алмау. Сонда біз еліміз алға мақсат еткен байыпты бас­тамалардың бәріне қол жеткіземіз.
Негізі қазір «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы бірқатар жұмыстарды, негізгі миссиямызды күн тәртібіне қойып үлгердік. Әсілі, біз ойлаған жаңа­шыл­дыққа негізделген жасау үшін ең әуелі адалдық керек. Осыны дөп басып айтқан Ел Президентінің көрегендігіне, саясаткерлігіне қайран қалдым. «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады» деген қуатты сөзінің астарында «Адалдық арзанға қол емес» деген қатаң қағида жатқаны белгілі. Абай айтқандай, «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі». Ұлтының алдында ары таза адам, әділетсіздік ауылынан айналып өтіп, әділдіктің ақ Туын әділ қоғамның шаңырағына қадамаушы ма еді?! Сонда ғана ұлттық бірегейлігіміз нығайып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру жолындағы жүйелі жұмыстарға жол ашылмай ма?! Жемқорлықсыз қоғамның қарыштап дамитынына да дау жоқ қой. Ал бүгінгі Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адалдық арлы адамның ісі» деп қадап айтуы қоғамда ізгілік пен адалдықты бірге қалыптастырайық дегені емес пе?!
Не десек те, «Жаңа Қазақстанды», «Әділетті Қазақстанды» сіз бен біз жасаймыз. Біздің бұл тұстағы басты қаруымыз – бірлік!

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: