Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:23

Жалағаш ауданы: Жол құрылысы қарқын алды

22.07.2023

1605

0

Өңір басшысы Асқарбек Есжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын, инфрақұрылымын жақсартуды басты назарда ұстайтыны белгілі. Себебі өңіріміздің қайнаған тіршілігінде тұрғындардың жарығы сөніп, суы тоқтап, жолы жөнделмесе, тағы болмайды. Ауданда соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп, оның бірнешеуі өңір халқына табысталып та үлгерді. Соның бірі жол құрылысы соңғы жылдары әсіресе ауылдарда қарқын алып, сапасы сын көтермейтін бірқатар көшелер ой-шұқырдан арылды. Алдағы уақытта тағы қандай көшелер сапасына мән беріледі? осы сауалдың түйінін тарқату үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлымен сұхбаттасқан едік.

– Тұрғын үй-коммуналдық сала­ның көкжиегі кеңеюде. Халық саны өскен сайын, ауданға көгілдір отын тарту, су ұңғымаларын қа­зу секілді жұмыстар қарқын алу­да. Өңірде аталған сала бойынша тағы қандай жобалар жүзеге асы­рылуда?

– Иә, тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы – ел экономикасының дамуына әсер ететін әлеуметтік маңызды сала. Газдандыру жұмыс­тарына тоқталсам, биыл аудан бойынша 4 жобаға 65,5 млн теңге қаралды. Бүгінде аудан орталығы то­лықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді деуге болады. Биыл кенттегі бір­қатар мекемелерге газдандыру жұ­мыс­тары жүреді. Мәселен, аудандағы «Нар­кес­кен» спорт клубының жылу жү­йе­сі газге ауыстырылады. Жоба құны – 16 млн теңге, биыл Ұлттық қордан 14,4 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме анық­­­­талды, ол – «КомпанияГазСтрой» ЖШС.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұ­мыстарын бастауға облыстық қа­да­ғалау басқармасынан рұқсат алы­ну­да. Сондай-ақ аудандық кітап­хана­­­ның қазандығын газге ауыстыру жұ­­­­мыс­тары бар. Жоба құны 12,3 млн тең­гені құрайды, Ұлттық қордан 11,1 млн теңге бөлінді. Мердігер ме­кеме «Ком­па­нияГазСтрой» ЖШС бо­лып анық­­­талды. Бүгінгі күнге дейін қазан­дық­тың ішкі жөндеу жұмыстары, яғни қа­­бырғасын сылау, эмульсиялау, еде­нін кафельдеу толық аяқталды, жылу жүйе­сінің ескі құбырлары мен задвиж­калары ауыстырылды, жаңа­дан 1 газ пеші моржасымен ор­натылды. ШРП ор­на­тылып, темір қоршаумен қоршалды. Қалып тұрған жұмысы – орташа қы­сым­ды жерасты газ құбырын тарту, пештің горелкасын орнату, қазылған жерлердің асфальт жабындысын қалпына келтіру.
Тех­никалық су ұңғымаларын бұрғы­лау жұмыстары бойынша айтып өтсем, қазіргі таңда Қаракеткен ауылына 2 дана және Жаңаталап ауылына 3 дана техникалық су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарына облыстық бюджеттен 82,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қаракеткен елді мекені бойын­ша мердігер мекемелер «Энер­гиянұр» ЖШС, «Табабер» ЖШС болып анықталды, келісім-шарттар құны 21,3 млн теңгені құрайды.
Бүгінде бұрғылау жұмыстары жүр­гі­зілуде. Осы жылдың 1 шілдесіне жұ­мыстың 7,1 млн теңге немесе 33,3 пайызы игерілді. Жаңаталап елді ме­кенінде 3 дана техникалық су ұңғы­маларын қазу бойынша мердігер меке­мелер – «Энергиянұр» ЖШС, «Табабер» ЖШС, келісім-шарттар құны 31,9 млн теңгені құрайды. Мұнда да бұр­ғылау жұмыстары қарқынды жүргі­зілуде. Осы жылдың 1 шілдесіне дейін иге­рілгені – 21,3 млн теңге немесе 66,7 пайызы.

– Аудан орталығынан бөлек, ауылдық елді мекен тұрғындары да көгілдір отынға қолы жеткізеді деген жағымды жаңалықты естіп жатырмыз. Осы бағытта атқа­рылып жатқан жұмыстарға тоқ­талсаңыз…

– Иә, аудан орталығынан бөлек 2 ауылға көгілдір отын тартылады. Соның бірі – М.Шәменов елді ме­кенін газдандыру, жоба құны 684,1 млн теңгені құрайды. 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Нысан өтпелі. Мер­дігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС, авторлық қадағалаушы «Жам­был­агрогазпроект» ЖШС болды. Тех­никалық қадағалау қызметіне МСА қорытындысымен «Нұрай сервис» ЖШС анықталды. Алайда осы жылдың шілде айының соңына дейін ша­ғым­­дану мерзімі бар. Бүгінде жобаны то­лық аяқтауға 629,2 млн теңге қаржы жетіспейді.
Келесі Ақсу елді мекенін газдандыру жұмыстары, жоба құны – 545,2 млн теңге. 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы қаралды. Нысан өтпелі. Мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС, келісім-шарт құны – 19,1 млн теңге. Авторлық қадағалаушы «Прикаспийское управление строи­тельства – Шымкент» ЖШС. Тех­ни­калық қадағалау қызметіне МСА қоры­тындысымен «Нұрай сервис» ЖШС анықталып тұр. Алайда осы жылдың тамыз айына дейін шағым­дану мерзімі бар. Ал жобаны толық аяқтауға 497,4 млн теңге қаржы жетіспейді.

– Соңғы бір жылда Жалағашта жол құрылысының қарқын алғанын жақсы білеміз. Жалпы, аудан бойынша биыл қанша маңызды автомобиль жолдары асфальтталады?

– Биыл 2,3 шақырымды құрай­тын Ақсу ауылына кіреберіс ау­дандық маңызы бар автомобиль жолын ор­таша жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы, жоба құны 76,6 млн теңгені құрайды. Бүгінде об­лыстық бюджеттен қаржы толық қаралды. Мердігер ме­кеме «Транс­Сервис» ЖШС болып анық­талды. Қазіргі таңда асфальттау жұ­мыстары жүр­гізілуде. Сонымен қатар Есет ба­тыр-Жаңадария бағытындағы ау­дандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары бар. Жол 17,1 шақырымды құрайды, жоба құны – 392 млн теңге, мердігер мекеме – «Ақтоған» ЖШС. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалып тұрған жұмыстары жол белгілерін орнату, темір бетон сигналды тіректерді орнату, жолды бөлетін жолақтар сызу және тағы басқа. Осы жылдың 24 сәуірінен бастап жұмыстарды аяқтауға 60,3 млн теңге жетіспеуіне байланысты жұмыстар тоқтап тұр. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 301,4 млн теңге немесе 83,5 пайызы.
Келесі жоба – 20,6 шақырымды құ­­райтын Жаңаталап-Аққыр ау­дан­дық маңызы бар автомобиль жо­лын күр­делі жөндеу жұмыстары. Жалпы, жоба құны – 664,8 млн теңге. Қа­зіргі таңда облыстық бюджеттен толы­ғымен қаржы қаралды. Мердігер ме­кеме – «Қызылорда жолдары» ЖШС. Бү­гінде жолдың асфальт төсеу жұ­мыс­тары толығымен аяқталды. Жол жиегін нығайту, жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 579,9 млн теңге немесе 92,1 пайызы. Тамыз айына дейін жұмыстарды толығымен аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.

– Кент және ауылдық округ­тер­дің ішкі көшелері бойынша қандай жобалар жүзеге асы­ры­луда? Нақты қай аумақта, қай көшелер?

– Аудан тарихында болмаған бір мезетте кенттің 10 көшесі, яғни И.Пан­филов, І.Нүркенов, Мысық би, Те­міржол, Қ.Нұрпейісов, Желтоқсан, З.Ижанов, Бектібаев, Жеңістің 50 жылдығы, Әб­жалиев көшелері күр­делі жөндеуден өтуде. Жалпы, жоба құны – 789,9 млн теңге, ұзындығы 10,7 шақырымды құ­райды. Мердігер мекеме «Қызылорда жол­дары» ЖШС болып анықталды. Қа­зіргі таңда Желтоқсан, Қазбеков, Нүр­кенов, Бектібаев кө­шелеріне асфальт толығымен төселді. Қалған көшелерге құмаралас тас төселіп, асфальт төсеуге дайындалуда. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 416,5 млн теңге немесе 57,9 пайызы.
Аудан орталығындағы М.Шәменов көшесін күрделі жөндеу жұмыстары да қарқынды жүруде. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жол белгілерін орнату және жолақтар сызу жұмыстары жүр­гізілетін болады.
ПМК-09 көшесінің ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Сон­дай-ақ биыл ауылдық елді ме­кендердің ішкі 13 көшесіне күрделі және 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 1 млрд 643,8 млн теңге, аудандық бюджеттен 24,8 млн теңге бөлінді. Нақтырақ айт­сақ, Бұқарбай батыр ауылының А.Құнанбаев. А.Төлеу­баев, Бұқарбай батыр көшелерін ор­таша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны – 184 млн теңге, ұзындығы 5 шақырымды құ­райды. Қазіргі таңда ас­фальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жолақтар сызу және жол бел­гілерін орнату жұмыстары жүргі­зілетін бо­лады.
Аққұм ауылындағы 1,1 шақы­рым­дық Аққұм көшесін күрделі жөн­деу жұмыстары жүруде. Жалпы, жоба құны – 81,3 млн теңге. Облыстық бюджеттен бөлінгені – 55,5 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жобаны толық аяқтауға 25,7 млн теңге жетпейді. Облыстық жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жетпейтін қаржыға бюджеттік өтінім тапсырылды. М.Шәменов ауылындағы Бұқарбай батыр көшесін күрделі жөндеу жұ­мыстарына облыстық бюджеттен 54,1 млн теңге қаралды. Жалпы құны – 64,1 млн теңге. Жетпей тұрған 5,4 млн тең­ге аудандық бюджеттен қаралды. Жөн­деу жұмыстары тамыз айында бас­талады. Мақпалкөл ауы­­лының Т.Жүргенов кө­шесіне тас тө­сеу жұмыстары бүгінде толығымен аяқталды.

– Ауданда жүргізіліп жатқан жол құрылысының сапасы қай деңгейде?

– Жалпы, ауданда күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының бары­сында салынып жатқан жолдар­дың сапасы жоғары деңгейде. Жол жөн­деу жұмыстары бірінші кезекте әкімдік мамандарының, қоғамдық ұйым­дар­­дың жіті қадағалауында. Тиі­сінше бар­лық нысандарда техни­калық қа­да­ға­лаушы мекемелер бар. Тех­ни­­­калық қадағалаушылар тара­пы­нан, орын­дал­ған әрбір жұмыс түріне зерт­ханалық сы­нақтамалар жүр­гізіліп, сапасы тек­серіледі.

– Дәуімбай елді мекенінен 200-ден аса жасөспірім кент орталығына түрлі үйірмелерге, спорттық сек­цияларға қатынап оқиды екен. Ба­лалардың қауіпсіздігі бі­рін­ші орында екенін жақсы тү­сін­ген Асқарбек Те­мірбекұлы осы мәселені дереу шеш­кенін бі­ле­міз. Яғни теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арнал­ған аспалы көпір құрылысы жүріп жатыр. Ол ел игілігіне қашан беріледі?

– Кенттегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған ас­па­лы көпір құрылысына облыстық бюд­жеттен 184,8 млн теңге қаржы қа­ралған болатын. ЖСҚ 2020 жылы әзірленді. Алайда құрылыс ма­те­риалдарының ба­ғасы бірнеше есе өсуіне байланысты, мердігер ме­кеме жобалау-сметалық құ­жат­­тарға түзетулер енгізуді талап етіп, жо­балау-сметалық құжаттарға тү­зе­тулер енгізу жобасы әзірленіп, сарап­тамадан оң қорытынды алынды. Са­раптамадан кейінгі жоба құны 328,7 млн теңгені құрады. Жетпейтін 143,8 млн теңгені қаржыландыру үшін об­лыстық жолаушылар көлігі және ав­то­мобиль жолдары басқармасына бюд­жеттік өтінім тапсырылды. Қазіргі таңда опоралар орнату және бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Гулнур МК» ЖШС, келісім-шарт құны – 175,8 млн теңге. Шілдеге дейін игерілгені – 129,9 млн теңге.


– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: