Өңір басшысы Асқарбек Есжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын, инфрақұрылымын жақсартуды басты назарда ұстайтыны белгілі. Себебі өңіріміздің қайнаған тіршілігінде тұрғындардың жарығы сөніп, суы тоқтап, жолы жөнделмесе, тағы болмайды. Ауданда соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп, оның бірнешеуі өңір халқына табысталып та үлгерді. Соның бірі жол құрылысы соңғы жылдары әсіресе ауылдарда қарқын алып, сапасы сын көтермейтін бірқатар көшелер ой-шұқырдан арылды. Алдағы уақытта тағы қандай көшелер сапасына мән беріледі? осы сауалдың түйінін тарқату үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлымен сұхбаттасқан едік.
– Тұрғын үй-коммуналдық саланың көкжиегі кеңеюде. Халық саны өскен сайын, ауданға көгілдір отын тарту, су ұңғымаларын қазу секілді жұмыстар қарқын алуда. Өңірде аталған сала бойынша тағы қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Иә, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – ел экономикасының дамуына әсер ететін әлеуметтік маңызды сала. Газдандыру жұмыстарына тоқталсам, биыл аудан бойынша 4 жобаға 65,5 млн теңге қаралды. Бүгінде аудан орталығы толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді деуге болады. Биыл кенттегі бірқатар мекемелерге газдандыру жұмыстары жүреді. Мәселен, аудандағы «Наркескен» спорт клубының жылу жүйесі газге ауыстырылады. Жоба құны – 16 млн теңге, биыл Ұлттық қордан 14,4 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме анықталды, ол – «КомпанияГазСтрой» ЖШС.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға облыстық қадағалау басқармасынан рұқсат алынуда. Сондай-ақ аудандық кітапхананың қазандығын газге ауыстыру жұмыстары бар. Жоба құны 12,3 млн теңгені құрайды, Ұлттық қордан 11,1 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «КомпанияГазСтрой» ЖШС болып анықталды. Бүгінгі күнге дейін қазандықтың ішкі жөндеу жұмыстары, яғни қабырғасын сылау, эмульсиялау, еденін кафельдеу толық аяқталды, жылу жүйесінің ескі құбырлары мен задвижкалары ауыстырылды, жаңадан 1 газ пеші моржасымен орнатылды. ШРП орнатылып, темір қоршаумен қоршалды. Қалып тұрған жұмысы – орташа қысымды жерасты газ құбырын тарту, пештің горелкасын орнату, қазылған жерлердің асфальт жабындысын қалпына келтіру.
Техникалық су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары бойынша айтып өтсем, қазіргі таңда Қаракеткен ауылына 2 дана және Жаңаталап ауылына 3 дана техникалық су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарына облыстық бюджеттен 82,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қаракеткен елді мекені бойынша мердігер мекемелер «Энергиянұр» ЖШС, «Табабер» ЖШС болып анықталды, келісім-шарттар құны 21,3 млн теңгені құрайды.
Бүгінде бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың 1 шілдесіне жұмыстың 7,1 млн теңге немесе 33,3 пайызы игерілді. Жаңаталап елді мекенінде 3 дана техникалық су ұңғымаларын қазу бойынша мердігер мекемелер – «Энергиянұр» ЖШС, «Табабер» ЖШС, келісім-шарттар құны 31,9 млн теңгені құрайды. Мұнда да бұрғылау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жылдың 1 шілдесіне дейін игерілгені – 21,3 млн теңге немесе 66,7 пайызы.
– Аудан орталығынан бөлек, ауылдық елді мекен тұрғындары да көгілдір отынға қолы жеткізеді деген жағымды жаңалықты естіп жатырмыз. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз…
– Иә, аудан орталығынан бөлек 2 ауылға көгілдір отын тартылады. Соның бірі – М.Шәменов елді мекенін газдандыру, жоба құны 684,1 млн теңгені құрайды. 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Нысан өтпелі. Мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС, авторлық қадағалаушы «Жамбылагрогазпроект» ЖШС болды. Техникалық қадағалау қызметіне МСА қорытындысымен «Нұрай сервис» ЖШС анықталды. Алайда осы жылдың шілде айының соңына дейін шағымдану мерзімі бар. Бүгінде жобаны толық аяқтауға 629,2 млн теңге қаржы жетіспейді.
Келесі Ақсу елді мекенін газдандыру жұмыстары, жоба құны – 545,2 млн теңге. 2023 жылға облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы қаралды. Нысан өтпелі. Мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС, келісім-шарт құны – 19,1 млн теңге. Авторлық қадағалаушы «Прикаспийское управление строительства – Шымкент» ЖШС. Техникалық қадағалау қызметіне МСА қорытындысымен «Нұрай сервис» ЖШС анықталып тұр. Алайда осы жылдың тамыз айына дейін шағымдану мерзімі бар. Ал жобаны толық аяқтауға 497,4 млн теңге қаржы жетіспейді.
– Соңғы бір жылда Жалағашта жол құрылысының қарқын алғанын жақсы білеміз. Жалпы, аудан бойынша биыл қанша маңызды автомобиль жолдары асфальтталады?
– Биыл 2,3 шақырымды құрайтын Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы, жоба құны 76,6 млн теңгені құрайды. Бүгінде облыстық бюджеттен қаржы толық қаралды. Мердігер мекеме «ТрансСервис» ЖШС болып анықталды. Қазіргі таңда асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Есет батыр-Жаңадария бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары бар. Жол 17,1 шақырымды құрайды, жоба құны – 392 млн теңге, мердігер мекеме – «Ақтоған» ЖШС. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалып тұрған жұмыстары жол белгілерін орнату, темір бетон сигналды тіректерді орнату, жолды бөлетін жолақтар сызу және тағы басқа. Осы жылдың 24 сәуірінен бастап жұмыстарды аяқтауға 60,3 млн теңге жетіспеуіне байланысты жұмыстар тоқтап тұр. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 301,4 млн теңге немесе 83,5 пайызы.
Келесі жоба – 20,6 шақырымды құрайтын Жаңаталап-Аққыр аудандық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары. Жалпы, жоба құны – 664,8 млн теңге. Қазіргі таңда облыстық бюджеттен толығымен қаржы қаралды. Мердігер мекеме – «Қызылорда жолдары» ЖШС. Бүгінде жолдың асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жол жиегін нығайту, жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 579,9 млн теңге немесе 92,1 пайызы. Тамыз айына дейін жұмыстарды толығымен аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
– Кент және ауылдық округтердің ішкі көшелері бойынша қандай жобалар жүзеге асырылуда? Нақты қай аумақта, қай көшелер?
– Аудан тарихында болмаған бір мезетте кенттің 10 көшесі, яғни И.Панфилов, І.Нүркенов, Мысық би, Теміржол, Қ.Нұрпейісов, Желтоқсан, З.Ижанов, Бектібаев, Жеңістің 50 жылдығы, Әбжалиев көшелері күрделі жөндеуден өтуде. Жалпы, жоба құны – 789,9 млн теңге, ұзындығы 10,7 шақырымды құрайды. Мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС болып анықталды. Қазіргі таңда Желтоқсан, Қазбеков, Нүркенов, Бектібаев көшелеріне асфальт толығымен төселді. Қалған көшелерге құмаралас тас төселіп, асфальт төсеуге дайындалуда. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 416,5 млн теңге немесе 57,9 пайызы.
Аудан орталығындағы М.Шәменов көшесін күрделі жөндеу жұмыстары да қарқынды жүруде. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жол белгілерін орнату және жолақтар сызу жұмыстары жүргізілетін болады.
ПМК-09 көшесінің ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Сондай-ақ биыл ауылдық елді мекендердің ішкі 13 көшесіне күрделі және 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 1 млрд 643,8 млн теңге, аудандық бюджеттен 24,8 млн теңге бөлінді. Нақтырақ айтсақ, Бұқарбай батыр ауылының А.Құнанбаев. А.Төлеубаев, Бұқарбай батыр көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны – 184 млн теңге, ұзындығы 5 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жолақтар сызу және жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілетін болады.
Аққұм ауылындағы 1,1 шақырымдық Аққұм көшесін күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Жалпы, жоба құны – 81,3 млн теңге. Облыстық бюджеттен бөлінгені – 55,5 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жобаны толық аяқтауға 25,7 млн теңге жетпейді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жетпейтін қаржыға бюджеттік өтінім тапсырылды. М.Шәменов ауылындағы Бұқарбай батыр көшесін күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 54,1 млн теңге қаралды. Жалпы құны – 64,1 млн теңге. Жетпей тұрған 5,4 млн теңге аудандық бюджеттен қаралды. Жөндеу жұмыстары тамыз айында басталады. Мақпалкөл ауылының Т.Жүргенов көшесіне тас төсеу жұмыстары бүгінде толығымен аяқталды.
– Ауданда жүргізіліп жатқан жол құрылысының сапасы қай деңгейде?
– Жалпы, ауданда күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының барысында салынып жатқан жолдардың сапасы жоғары деңгейде. Жол жөндеу жұмыстары бірінші кезекте әкімдік мамандарының, қоғамдық ұйымдардың жіті қадағалауында. Тиісінше барлық нысандарда техникалық қадағалаушы мекемелер бар. Техникалық қадағалаушылар тарапынан, орындалған әрбір жұмыс түріне зертханалық сынақтамалар жүргізіліп, сапасы тексеріледі.
– Дәуімбай елді мекенінен 200-ден аса жасөспірім кент орталығына түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға қатынап оқиды екен. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін жақсы түсінген Асқарбек Темірбекұлы осы мәселені дереу шешкенін білеміз. Яғни теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы жүріп жатыр. Ол ел игілігіне қашан беріледі?
– Кенттегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысына облыстық бюджеттен 184,8 млн теңге қаржы қаралған болатын. ЖСҚ 2020 жылы әзірленді. Алайда құрылыс материалдарының бағасы бірнеше есе өсуіне байланысты, мердігер мекеме жобалау-сметалық құжаттарға түзетулер енгізуді талап етіп, жобалау-сметалық құжаттарға түзетулер енгізу жобасы әзірленіп, сараптамадан оң қорытынды алынды. Сараптамадан кейінгі жоба құны 328,7 млн теңгені құрады. Жетпейтін 143,8 млн теңгені қаржыландыру үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Қазіргі таңда опоралар орнату және бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Гулнур МК» ЖШС, келісім-шарт құны – 175,8 млн теңге. Шілдеге дейін игерілгені – 129,9 млн теңге.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!