Биыл 6 айда ауданда жол көлік оқиғалары 36,4, жарақат алғандар 40 пайызға төмендеген. былтыр алғашқы жартыжылдықта 2 адам көлік апатынан көз жұмса, биыл абырой болғанда адам шығыны жоқ. Алайда кент және ішкі жолдарда жол көлік оқиғалары салдарынан жарақат алғандар 25-50пайызға артқан. аудандық паолиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Мәулен Өсер аппарат мәжілісінде осылай деді.
Күн тәртібінде 3 мәселе қаралған басқосуда аудан әкімі Асқарбек Есжанов алдымен кадрлық өзгерістерге тоқталып, Гүлзираш Аймбетованың аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, Ғалымжан Телібаевтың «Жалағаш ауданының Мансап орталығы» филиалының директоры, Ғалым Жанашевтың аудандық отбасын қолдау орталығы директоры лауазымына тағайындалғанын жеткізіп, олардың жаңа жұмысына сәттілік тіледі, алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бірлесе жұмыс жасайтынына сенім білдірді.
Мұнан кейін әдеттегідей кезек күн тәртібіндегі мәселелерге берілді. Мәдениет саласында атқарылған жұмыстар, алдағы жылу маусымына дайындық барысы, ауданда жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар сараланды, баяндамашылардың ешқайсысы да сыннан сытылған жоқ.
Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Шарабан Мақсұтұлының сөзіне сүйенсек, Жалағаштағы мәдениет ұйымдары алғашқы алты айда ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 363 іс-шара ұйымдастырған. Оған 62 401 көрермен тартылған. Оның ішінде 12-сі онлайн режимде өткізіліп, қаралым саны 2 370-ке жеткен.
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы. Бөлім басшысы қайраткердің мерейтойы туған жерінде де жоғары деңгейде атап өтілетінін айтады. Бұл бағытта «Түркі әлемінің Темірбегі» атты облыстық ақындар айтысы өткізілсе, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасымен бірлесіп, онлайн Zoom платформасы арқылы «Түркі әлемінің тарланы» атты тарихи конференция ұйымдастырылған. Қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның есімін халық жадында сақтап, өнегелі ісін жастарға үлгі ету мақсатында жыл басынан бері 45 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, оған 1206 көрермен тартылыпты.
Шарабан Қалыбаев «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында «Dombyra» ұлттық телеарнасынның тарихи-танымдық мәдени бағдарламасында Жалағаш ауданының тарихы мен мәдениеті туралы екі бөлімнен тұратын арнайы шығарылым көрермен назарына ұсынылғанын айтады. Мұнан бөлек «Abai TV» мәдени-ағарту телеарнасының ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Тарих. Тағдыр. Тағылым» бағдарламасының арнайы шығарылымына Бұқарбай батыр Естекбайұлының жары Шынар анамыз туралы деректі фильм көрермен назарына ұсынылған.
Жас таланттарды табу, балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық және көркем-эстетикалық білім беруді қолдау бағытында мәдениет үйлерінде 95 үйірме жұмыс жасап жатыр. Үйірмелерде 1073 бала бар. Аудандағы мәдениет үйлерінің көркемөнерпаздары 6 айда облыстық байқаудан 34, республикалық байқаудан 9, халықаралық байқаудан 8 жүлделі орын иеленген.
Бөлім басшысы кітапханалардағы қызмет көрсету жұмыстарының жай-күйі және жаңа ақпараттық технологияларды енгізу барысы өз деңгейінде жүріп жатқанын айтады. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры – 373 930, оқырмандар саны – 9 511.
Аудан кітапханаларында кітап басылымдарын цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасуда. Аудандық кітапхана қорындағы 907 жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары мен 2 256 жергілікті мерзімді басылымның электрондық көшірмелерін сандық форматқа көшіріп, бүгінге дейін 740 оқырманның пайдалануына жағдай жасалған.
– Мәдениет саласы қызметінің негізгі бөлігі – тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау. Ауданда есепке алынған 71 тарихи және мәдени ескерткіштердің біреуі республикалық, 30-ы жергілікті маңызы бар, 40-ы алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. 17 ескерткішке QR-код тақтайшалар орнатылған. Аудандағы тарихи және мәдени ескерткіштердің табиғи ландшафты аймақтарының бұзылуына, заңсыз қазба жұмыстары және өзге де заң бұзушылық әрекеттерге жол бермеу мақсатында бақылау шараларын күшейту, қолданыстағы заң талаптарының өз деңгейінде орындалуы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Сондай-ақ алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген ескеркіштерге сараптама жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық экономика және қаржы бөліміне 2 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді, – деді Шарабан Мақсұтұлы.
Бөлім басшысының назарынан мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асу барысы да тыс қалмады. Тілдік ахуалды бейнелейтін басты көрсеткіш – құжат айналымы. Осы ретте мемлекеттік органдардағы тілдік ахуалға жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік тілдегі шығыс құжатының үлесі 100 пайызды құрап отыр. Көрнекі ақпараттың пайдалануын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесі басты назарда екен. Тоқсан сайын мәдениет және спорт бөлімі мен «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының» мемлекеттік тіл мамандарының қатысуымен көрнекі ақпараттарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 6 айда 12 кәсіпкерлік субъектісіне ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-баптың талаптары түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 4 мейрамхана мен фастфудтардың ас мәзіріне аударма үлгілері қолданысқа берілсе, 1 сауда нүктесі мен 1 кәуапхананың тек қана орыс тілінде ілінген жарнама мәтіні ауыстырылған. Аудандағы шағын және орта бизнес өкілдеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау және реттеу мақсатында whatsapp, телеграмм әлеуметтік желілері арқылы әдістемелік көмек көрсету ұсынылған. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу, қазақ тіліндегі мәтіндердің сапалы жазылуына, қателіктердің алдын алу мақсатында мәдениет және спорт бөлімі мен жарнама агенттіктері арасында бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Биыл ономастика мәселесі бойынша 9 өтініш түскен, оның 4-еуі объектіге атау беру, 1-еуі ауыл атауын кісі есімімен өзгерту, 4-еуі көшеге атау беру туралы өтініштер. Объектіге атау беру туралы 1, ауыл атауын өзгерту туралы 1, көшеге атау беру туралы 1 өтініш кері қайтарылған. Тарихи тұлғаларға енгізу бағытында облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылған 3 өтініштің 1-еуі қолдау тауып, 2-еуі кері қайтарылған. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған облыстың жол картасына сәйкес 3 көше қайта аталған. Жол картасына сәйкес идеологиялық тұрғыдан ескірген 1 елді мекен, 1 көшені қайта атау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстарды кеңінен тарқатқан бөлім басшысына аудан әкімі тек даталы мерекелерде шара ұйымдастырумен шектелмей, жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын дамытуға әлі де басымдық беру қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ бұл ретте өзге аймақтарға барып, тәжірибе алмасудың маңызына ерекше тоқталды.
Ауданда маусымында жылумен қамтамасыз ететін 99 әлеуметтік және бюджеттік нысан бар. Әлеуметтік нысандардың 30-ы сұйық отынмен, 39-ы қатты отынмен, 10-ы газбен, 2-еуі электр қуатымен жылытылады. 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына барлық әлеуметтік және басқа да бюджеттік нысандардың сұйық отын қажеттілігі 2077, қатты отын қажеттілігі 2 900 тоннаны құрайды. Бүгінге дейін нысандарда 28 тонна сұйық отын, 81 тонна қатты отын қоры бар. Сонымен қатар 276 тонна сұйық отынға, 1 429 тонна қатты отынға жеткізіп берушілермен келісім-шарт жасалған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ғабит Ерболұлы қазіргі таңда 75 әлеуметтік нысан жылу беру маусымына дайын екенін айтады. Аудан тұрғындарына алдағы жылу маусымына қатты отын қажеттілігі 9000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда 350 тонна қатты отын қоры былтырғы жылу маусымынан қалып, тұрғындардың өз қоймаларында сақталған. Тұрғындар үшін қажетті көмірді уақытылы жеткізіп және көмірдің бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында жеке кәсіпкерлермен меморандум жасалған. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлермен көмірді делдалсыз сатып алу мақсатында брокерлер арқылы көмір разрездерімен келісім-шартқа отыру жүруде.
Биыл ауданда көгілдір отын тұтынатын әлеуметтік нысандар қатары артады. Ұлттық қордан «Наркескен» спорт клубының қазандығын газға көшіруге 14,4 млн теңге, аудандық кітапхананың қазандығын газға ауыстыруға 11,1 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекеме де анықталып қойған. Мұнан бөлек №123, 246 мектептердің қазандықтарын газға көшіруге жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 7,2 млн теңге бөлінген.
Биыл ауданда әлеуметтік нысандар ғана емес, ауылдық елді мекендерді газдандыруға қатысты үлкен жобалар да жүзеге асады. Қазірдің өзінде Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстарын бастауға облыс тайқазанынан 40 млн теңге бөлінген. Шілденің соңғы он күндігіне дейін кенттегі 2 561 тұрғын үй орталықтандырылған газ желісіне қосылған.
– Ауданда білім саласындағы 23 нысан бар. 20 мектептің 17-сі сұйық отынмен, 2-еуі қатты отынмен, 1 мектеп газбен жылытылады. Мектептерге жылу беру маусымында 1 581 тонна сұйық отын, 544 тонна қатты отын қажет. Биыл мектептерге сұйық отынға 464,5 млн теңге, қатты отынға 9,5 млн теңге қаржы қаралған. 1 116 тонна сұйық отынға келісім-шарт жасалып, бүгінге дейін 932 тоннасы алынған. Қазіргі таңда мектептерде 11 тонна сұйық отын қоры бар. Мектептерге 543 тонна қатты отынға келісім-шарт жасалып, бүгінге дейін 25 тонна алынған, 518 тоннасы енді жеткізіледі.
Ақтерек» лагеріне сұйық отын қажеттілігі 9 тоннаны, оқушылар үйіне 22 тоннаны құрайды. «Ақтерек» лагеріне сұйық отын сатып алуға 3 млн теңге, оқушылар үйіне 7,7 млн теңге қаржысы бар. Индустриалды-аграрлық колледжге қатты отын қажеттілігі 267 тонна. Қазіргі таңда 8 тонна қатты отын қоры бар. Бүгінде барлық нысан жылу беру маусымына дайын. 10 балабақшаның 6-уы сұйық отынмен, 1 нысан қатты отынмен, 3 нысан газбен жылытылады. Балабақшаларға жылу беру маусымына 226 тонна сұйық отын, 43 тонна қатты отын қажет. Биыл сұйық отынға 65,6 млн теңге, қатты отынға 720 мың теңге қаржы қаралды. 145 тонна сұйық отынға келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 91 тоннасы алынды. Бүгінге дейін балабақшаларда 7 тонна сұйық отын қоры бар, – деді бөлім басшысы.
Асқарбек Есжанов қыстың қамын жаз ойлап, осы бастан алдағы жылу маусымына сақадай сай болу қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ барлық мекеменің жылу қазандықтарының жай-күйін қадағалауды тапсырды.
Республикалық және облыстық жолдарда соңғы 2 жылда болған жол көлік оқиғалары зерделенген. Жол сақшылары көлік апатына жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, қарсы бағытқа шығу, маневр ережесін бұзу және ұйықтап кету басты себеп екенін айтады. Бір жағынан «Самара-Шымкент» авто жолындағы көлік қозғалысының көбеюі де мәселені күрделендірген. Қазіргі таңда бұл жолдан тәулігіне 10 мыңға жуық көлік өтеді. Ауданда жол көлік оқиғаларының алдын алуда атқарылған жұмыстарды баяндаған полиция бөлімі бастығының орынбасары Мәулен Өсер барлық жол көлік оқиғаларының 33-і, яғни 64 пайызы мал қағумен болғанын айтады, салдарынан 8 адам дене жарақатын алған. 6 айда жолдың белгіленбеген орнынан өткен 151 ауыл шаруашылық жануарларының жаю қағидаларын бұзу дерегі анықталып, жол белгілері талаптарын сақтамаған 286 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мәулен Өсер орталық көшелер бойында орналасқан мектептер жанындағы жаяу жүргіншілер өткелдеріне оқуға келіп-кету кезінде патрульдік және ювеналды полиция инспекторлары қызмет атқарып жатқанын айтады. Бұл бала қауіпсіздігі үшін аса маңызға ие. Сондықтан тәртіп сақшыларының апаттың алдын алу мақсатында қолға алған бұл жұмысы орынды.
Баяндамашы жол апатының алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес дейді. Мәселен, 6 айда жол ережесін бұзудың 1 138 дерегі анықталса, оның 623-і жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар екен. Оның ішінде 13-і көлікті мас күйінде, 292-сі көлік құралын басқаруға құқы жоқ немесе құжатсыз басқарған. Жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу бойынша 80, жаяу жүргіншіге жол бермеудің 8, ұялы телефонмен сөйлесу бойынша 14, қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша 24 дерек анықталса, жаяу жүргіншілермен 51 жол ережесі бұзылған.
Жол қозғалысын ұйымдастыру, апаттың алдын алу мақсатында автомобиль жолдары мен жол қозғалысын реттейтін техникалық құрылғылардың жай-күйі жөнінде аудандық жергілікті атқарушы органдарға 15 хабарлама, 105 нұсқама жолданып, тиісті жол мекемелерімен жаңадан 38 жол белгілері орнатылып, 17-сі қайта қалпына келтірілген, аудан көлемінде 30 шақырым жол жөнделіп, 1,6 шақырымды құрайтын жасанды жарық жүйелері жүргізілген, кент аумағында 10 көше күрделі жөндеуден өткізілді.
– 6 айда жол апатының барлық көрсеткіші төмендеді. Қайтыс болғандар 100 пайызға төмендесе, жол көлік оқиғасы 36,4 пайызға, жарақат алғандар 40 пайызға азайған. Оның ішінде республикалық жолдарда 100 пайызға, елді мекендерде 50 пайызға азайған, ауыларалық ішкі жолдарда қаза тапқандар жоқ. Жылдамдықты асыру себебінен болған жол көлік оқиғаларында қайтыс болғандар орын алмаған. Былтыр балалардың қатысуымен 3 жол көлік оқиғасы орын алып, 3 бала дене жарақатын алса, биыл 2 бала жарақат алған. Биыл 6 айда 7 жол көлік оқиғасы орын алды. Оның ішінде «Жосалы-Жалағаш» тас жолында 1, ауданаралық тас жолдарда 2, кент орталығында 4 жол апаты орын алды. 9 адам дене жарақатын алды.
Асқарбек Темірбекұлы жол қауіпсіздігін әлі де күшейтіп, жүгенсіз жүргізушілерді заң аясында жазалауды тапсырды. Сондай-ақ базар, орталықтағы «Бибігүл ана» дүкені маңындағы көлік кептелісін ретке келтіруді қанша тапсырғанымен мәселе әлі күнге шешімін таппағанын жеткізді.
Полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Өсердің де жол көлік оқиғасының алдын алуға қатысты өз ұсынысы бар. Ол қазіргі ыстықта төрт түліктің өрісте жайылмайтынын, керісінше көшеде көлік апатына сеп болып жатқанын жеткізді. Осы ретте ол үлкен жолдың бойында орналасқан ауылдар мен М.Шәменов, Қаракеткен, Далдабай бағытындағы жолдың бойында мал қағу деректері жиі орын алатынын жасырмады. Сондықтан ауылдарда маусымында пада ұйымдастырылса дейді.
Тәртіп сақшысының бұл ұсынысы орынды, оған қарсы мәжіліс төрағасы да уәж айтпады, керісінше ауыл әкімдеріне ауылда пада ұйымдастыру қажеттігін қаперге салып, бұл мәселеге алдағы уақытта қайтып оралмауға жұмыс жасауды тапсырды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!