Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:17

Алты айлық сараланды

27.07.2023

433

0

Биыл 6 айда ауданда жол көлік оқиғалары 36,4, жарақат алғандар 40 пайызға төмендеген. былтыр алғашқы жартыжылдықта 2 адам көлік апатынан көз жұмса, биыл абырой болғанда адам шығыны жоқ. Алайда кент және ішкі жолдарда жол көлік оқиғалары салдарынан жарақат алғандар 25-50пайызға артқан. аудандық паолиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Мәулен Өсер аппарат мәжілісінде осылай деді.

Күн тәртібінде 3 мәселе қаралған басқосуда аудан әкімі Асқарбек Есжанов алдымен кадрлық өзгерістерге тоқталып, Гүлзираш Аймбетованың аудандық сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау бас­­қар­масының басшысы, Ғалымжан Телі­баев­тың «Жалағаш ауданының Мансап орталығы» филиалының директоры, Ға­лым Жанашевтың аудандық отбасын қол­дау орталығы директоры лауазымына та­ғайын­далғанын жеткізіп, олардың жаңа жұмысына сәттілік тіледі, алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық да­муы­на бірлесе жұмыс жасайтынына сенім білдірді.
Мұнан кейін әдеттегідей кезек күн тәртібіндегі мәселелерге берілді. Мәдениет саласында атқарылған жұмыстар, алдағы жылу маусымына дайындық барысы, ау­данда жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар са­ра­лан­ды, баяндамашылардың ешқай­сысы да сыннан сытылған жоқ.

Аудандық мәдениет және спорт бөлі­мінің басшысы Шарабан Мақсұтұлының сөзіне сүйенсек, Жалағаштағы мәдениет ұйым­дары алғашқы алты айда ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын на­си­хаттауға бағытталған түрлі форматтағы 363 іс-шара ұйымдастырған. Оған 62 401 көрермен тартылған. Оның ішінде 12-сі онлайн режимде өткізіліп, қаралым саны 2 370-ке жеткен.

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы. Бөлім басшысы қайраткердің мерейтойы туған жерінде де жоғары деңгейде атап өті­летінін айтады. Бұл бағытта «Түркі әле­мінің Темірбегі» атты облыстық ақындар ай­тысы өткізілсе, Түркістан облыстық Ы.Алтын­са­рин атындағы балалар кітапханасымен бір­лесіп, онлайн Zoom платформасы арқылы «Түркі әлемінің тарланы» атты тарихи конференция ұйымдастырылған. Қазақ ру­ханиятының дамуына зор үлес қосқан тұл­ғаның есімін халық жадында сақтап, өнегелі ісін жастарға үлгі ету мақсатында жыл басынан бері 45 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, оған 1206 көрермен тар­тылыпты.
Шарабан Қалыбаев «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында «Dombyra» ұлт­тық телеарнасынның тарихи-танымдық мәдени бағдарламасында Жалағаш ау­данының тарихы мен мәдениеті туралы екі бөлімнен тұратын арнайы шығарылым көрермен назарына ұсынылғанын ай­та­ды. Мұнан бөлек «Abai TV» мәдени-ағар­ту телеарнасының ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақ­са­тында «Тарих. Тағдыр. Тағылым» бағдарламасының арнайы шығарылымына Бұқарбай батыр Естекбайұлының жары Шынар анамыз туралы деректі фильм көрермен назарына ұсынылған.
Жас таланттарды табу, балалар мен жас­өспірімдерге шығармашылық және көр­кем-эстетикалық білім беруді қолдау бағытында мәдениет үйлерінде 95 үйірме жұмыс жасап жатыр. Үйірмелерде 1073 бала бар. Аудандағы мәдениет үйлерінің көр­кемөнерпаздары 6 айда облыстық бай­қаудан 34, республикалық байқаудан 9, халық­аралық байқаудан 8 жүлделі орын иеленген.

Бөлім басшысы кітапханалардағы қыз­мет көрсету жұмыстарының жай-күйі және жаңа ақпараттық технологияларды енгізу барысы өз деңгейінде жүріп жатқанын ай­тады. Аудандық орталықтандырылған кі­тап­­ханалар жүйесінің жалпы кітап қоры – 373 930, оқырмандар саны – 9 511.
Аудан кітапханаларында кітап басы­лым­дарын цифрлық форматқа көшіру жұ­мыстары жалғасуда. Аудандық кітап­хана қорындағы 907 жергілікті ақын-жа­зушылардың кітаптары мен 2 256 жер­гілікті мерзімді басылымның элект­рон­дық көшірмелерін сандық форматқа кө­шіріп, бүгінге дейін 740 оқырманның пайда­ла­нуы­на жағдай жасалған.

– Мәдениет саласы қызметінің негізгі бөлігі – тарихи-мәдени ескерткіштерді қор­­ғау. Ауданда есепке алынған 71 та­рихи және мәдени ескерткіштердің бі­реуі республикалық, 30-ы жергілікті маңы­зы бар, 40-ы алдын ала есепке алу тізі­міне енгізілген. 17 ескерткішке QR-код тақтай­ша­лар орнатылған. Аудандағы тарихи және мәдени ескерткіштердің табиғи ланд­шафты аймақтарының бұзылуына, заң­сыз қазба жұмыстары және өзге де заң бұзушылық әрекеттерге жол бермеу мақ­сатында бақылау шараларын күшейту, қол­даныстағы заң талаптарының өз дең­гейінде орындалуы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек­тер көрсетілді. Сондай-ақ алдын ала есеп­ке алу тізіміне енгізілген ескеркіштерге сараптама жұмыстарын жүргізу мақса­тын­да аудандық экономика және қаржы бөліміне 2 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді, – деді Шарабан Мақсұтұлы.

Бөлім басшысының назарынан мемле­кеттік тіл саясатының жүзеге асу барысы да тыс қалмады. Тілдік ахуалды бейнелейтін басты көрсеткіш – құжат айналымы. Осы ретте мемлекеттік органдардағы тілдік ахуалға жүргізілген мониторинг нәтижесінде мем­лекеттік тілдегі шығыс құжатының үлесі 100 пайызды құрап отыр. Көрнекі ақпараттың пайдалануын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесі басты назарда екен. Тоқсан сайын мәдениет және спорт бөлімі мен «Қызылорда облыстық тіл­дерді оқыту орталығының» мемлекеттік тіл мамандарының қатысуымен көрнекі ақпа­раттарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 6 айда 12 кәсіпкерлік субъектісіне ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-баптың талаптары түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 4 мей­рамхана мен фастфудтардың ас мәзіріне аударма үлгілері қолданысқа бе­рілсе, 1 сауда нүктесі мен 1 кәуапхананың тек қана орыс тілінде ілінген жарнама мәтіні ауыстырылған. Аудандағы шағын және орта бизнес өкілдеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау және реттеу мақсатында whatsapp, теле­грамм әлеуметтік желілері арқылы әдіс­темелік көмек көрсету ұсынылған. Дерек­темелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу, қазақ тіліндегі мәтіндердің сапалы жазы­луына, қателіктердің алдын алу мақ­сатында мәдениет және спорт бөлімі мен жарнама агенттіктері арасында бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Биыл ономастика мәселесі бойынша 9 өтініш түскен, оның 4-еуі объектіге атау беру, 1-еуі ауыл атауын кісі есімімен өзгерту, 4-еуі көшеге атау беру туралы өтініштер. Объектіге атау беру туралы 1, ауыл атауын өзгерту туралы 1, көшеге атау беру ту­ралы 1 өтініш кері қайтарылған. Тарихи тұл­ғаларға енгізу бағытында облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылған 3 өтініштің 1-еуі қолдау тауып, 2-еуі кері қайтарылған. Идеологиялық тұр­ғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға ар­налған облыстың жол картасына сәйкес 3 көше қайта аталған. Жол картасына сәй­кес идеологиялық тұрғыдан ескірген 1 ел­ді мекен, 1 көшені қайта атау бағытында жұ­мыс­тар жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстарды кеңінен тар­қатқан бөлім басшысына аудан әкімі тек даталы мерекелерде шара ұйым­дас­ты­ру­мен шектелмей, жергілікті өнерпаз­дар­дың шығармашылығын дамытуға әлі де ба­сымдық беру қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ бұл ретте өзге аймақтарға ба­рып, тәжірибе алмасудың маңызына ерек­ше тоқталды.

Ауданда маусымында жылумен қам­та­масыз ететін 99 әлеуметтік және бюджеттік нысан бар. Әлеуметтік нысандардың 30-ы сұйық отынмен, 39-ы қатты отынмен, 10-ы газбен, 2-еуі электр қуатымен жылы­тылады. 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына барлық әлеуметтік және басқа да бюджеттік нысандардың сұйық отын қа­жеттілігі 2077, қатты отын қажеттілігі 2 900 тоннаны құрайды. Бүгінге дейін ны­сандарда 28 тонна сұйық отын, 81 тонна қатты отын қоры бар. Сонымен қатар 276 тонна сұйық отынға, 1 429 тонна қатты отынға жеткізіп берушілермен келісім-шарт жасалған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі басшысы Ғабит Ерболұлы қазіргі таңда 75 әлеуметтік нысан жылу беру маусымына дайын екенін айтады. Аудан тұрғындарына алдағы жылу маусымына қатты отын қажеттілігі 9000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда 350 тонна қатты отын қоры былтырғы жылу маусымынан қалып, тұрғындардың өз қоймаларында сақталған. Тұрғындар үшін қажетті кө­мірді уақытылы жеткізіп және көмірдің ба­ға­сын негізсіз өсірмеу мақсатында жеке кәсіпкерлермен меморандум жасалған. Қа­­зіргі таңда жеке кәсіпкерлермен көмірді дел­далсыз сатып алу мақсатында бро­кер­лер арқылы көмір разрездерімен ке­лісім-шартқа отыру жүруде.

Биыл ауданда көгілдір отын тұтынатын әлеуметтік нысандар қатары артады. Ұлттық қордан «Наркескен» спорт клу­бының қазандығын газға көшіруге 14,4 млн теңге, аудандық кітапхананың қазан­дығын газға ауыстыруға 11,1 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекеме де анықталып қойған. Мұнан бөлек №123, 246 мектептердің қазандықтарын газға көшіруге жобалау-сметалық құжаттар әзір­леу үшін облыстық бюджеттен 7,2 млн теңге бөлінген.

Биыл ауданда әлеуметтік нысандар ғана емес, ауылдық елді мекендерді газ­дандыруға қатысты үлкен жобалар да жүзеге асады. Қазірдің өзінде Ақсу, М.Шә­менов елді мекендерін газдандыру жұмыс­тарын бастауға облыс тайқазанынан 40 млн теңге бөлінген. Шілденің соңғы он күндігіне дейін кенттегі 2 561 тұрғын үй ор­талықтандырылған газ желісіне қо­сыл­ған.

– Ауданда білім саласындағы 23 нысан бар. 20 мектептің 17-сі сұйық отынмен, 2-еуі қатты отынмен, 1 мектеп газбен жылытылады. Мектептерге жылу беру маусымында 1 581 тонна сұйық отын, 544 тонна қатты отын қажет. Биыл мектептерге сұйық отынға 464,5 млн теңге, қатты отынға 9,5 млн теңге қаржы қаралған. 1 116 тонна сұйық отынға келісім-шарт жасалып, бүгінге дейін 932 тоннасы алынған. Қазіргі таңда мектептерде 11 тонна сұйық отын қоры бар. Мектептерге 543 тонна қатты отынға келісім-шарт жасалып, бүгінге дейін 25 тонна алынған, 518 тоннасы енді жеткізіледі.

Ақтерек» лагеріне сұйық отын қажеттілігі 9 тоннаны, оқушылар үйіне 22 тоннаны құрайды. «Ақтерек» лагеріне сұйық отын сатып алуға 3 млн теңге, оқушылар үйіне 7,7 млн теңге қаржысы бар. Индустриалды-аграрлық колледжге қатты отын қажеттілігі 267 тонна. Қазіргі таңда 8 тонна қатты отын қоры бар. Бүгінде барлық нысан жылу беру маусымына дайын. 10 балабақшаның 6-уы сұйық отын­мен, 1 нысан қатты отынмен, 3 нысан газбен жылытылады. Балабақшаларға жылу беру маусымына 226 тонна сұйық отын, 43 тонна қатты отын қажет. Биыл сұйық отынға 65,6 млн теңге, қатты отынға 720 мың теңге қаржы қаралды. 145 тонна сұйық отынға келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 91 тоннасы алынды. Бүгінге дейін балабақшаларда 7 тонна сұйық отын қоры бар, – деді бөлім басшысы.

Асқарбек Есжанов қыстың қамын жаз ойлап, осы бастан алдағы жылу маусымына сақадай сай болу қажеттігін қаперге сал­ды. Сондай-ақ барлық мекеменің жылу қа­зан­дықтарының жай-күйін қадағалауды тапсырды.

Республикалық және облыстық жол­дарда соңғы 2 жылда болған жол көлік оқиғалары зерделенген. Жол сақшы­лары көлік апатына жүргізушілердің жыл­дамдықты шамадан тыс асыруы, қарсы бағытқа шығу, маневр ережесін бұзу және ұйықтап кету басты себеп екенін айтады. Бір жағынан «Самара-Шымкент» авто жолындағы көлік қозғалысының көбеюі де мәселені күрделендірген. Қазіргі таңда бұл жолдан тәулігіне 10 мыңға жуық көлік өтеді. Ауданда жол көлік оқиғаларының алдын алуда атқарылған жұмыстарды баян­даған полиция бөлімі бастығының орын­ба­сары Мәулен Өсер барлық жол көлік оқиғаларының 33-і, яғни 64 пайызы мал қағумен болғанын айтады, салдарынан 8 адам дене жарақатын алған. 6 айда жол­дың белгіленбеген орнынан өткен 151 ауыл шаруашылық жануарларының жаю қағи­даларын бұзу дерегі анықталып, жол белгілері талаптарын сақтамаған 286 жүр­гізуші әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған.

Мәулен Өсер орталық көшелер бойында орналасқан мектептер жанындағы жаяу жүргіншілер өткелдеріне оқуға келіп-кету кезінде патрульдік және ювеналды по­лиция инспекторлары қызмет атқарып жат­қанын айтады. Бұл бала қауіпсіздігі үшін аса маңызға ие. Сондықтан тәртіп сақшы­ларының апаттың алдын алу мақсатында қолға алған бұл жұмысы орынды.

Баяндамашы жол апатының алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес дейді. Мәселен, 6 айда жол ережесін бұзудың 1 138 дерегі анықталса, оның 623-і жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар екен. Оның ішінде 13-і көлікті мас күйінде, 292-сі көлік құралын басқаруға құқы жоқ немесе құжатсыз басқарған. Жол жүрісіне қатысушыларға қойы­латын өзге де талаптарды бұзу бойын­ша 80, жаяу жүргіншіге жол бермеудің 8, ұялы телефонмен сөйлесу бойынша 14, қауіп­сіздік белдігін тақпау бойынша 24 дерек анықталса, жаяу жүргіншілермен 51 жол ережесі бұзылған.

Жол қозғалысын ұйымдастыру, апаттың алдын алу мақсатында автомобиль жол­дары мен жол қозғалысын реттейтін техни­калық құрылғылардың жай-күйі жөнінде аудандық жергілікті атқарушы органдарға 15 хабарлама, 105 нұсқама жолданып, тиісті жол мекемелерімен жаңадан 38 жол бел­гілері орнатылып, 17-сі қайта қалпына келтірілген, аудан көлемінде 30 шақырым жол жөнделіп, 1,6 шақырымды құрайтын жасанды жарық жүйелері жүргізілген, кент аумағында 10 көше күрделі жөндеуден өткізілді.

– 6 айда жол апатының барлық көрсет­кіші төмендеді. Қайтыс болғандар 100 пайызға төмендесе, жол көлік оқиғасы 36,4 пайызға, жарақат алғандар 40 пайызға азайған. Оның ішінде республикалық жол­дарда 100 пайызға, елді мекендерде 50 пайызға азайған, ауыларалық ішкі жолдарда қаза тапқандар жоқ. Жылдамдықты асыру себебінен болған жол көлік оқиғаларында қайтыс болғандар орын алмаған. Былтыр балалардың қатысуымен 3 жол көлік оқи­ғасы орын алып, 3 бала дене жарақатын алса, биыл 2 бала жарақат алған. Биыл 6 айда 7 жол көлік оқиғасы орын алды. Оның ішінде «Жосалы-Жалағаш» тас жолында 1, ауданаралық тас жолдарда 2, кент орта­лығында 4 жол апаты орын алды. 9 адам дене жарақатын алды.

Асқарбек Темір­бек­ұлы жол қауіпсіздігін әлі де күшейтіп, жү­генсіз жүргізушілерді заң аясында жазалауды тапсырды. Сондай-ақ базар, орталықтағы «Бибігүл ана» дүкені маңындағы көлік кеп­телісін ретке келтіруді қанша тапсырға­нымен мәселе әлі күнге шешімін таппағанын жеткізді.
Полиция бөлімі басшысының бірінші орын­басары Мәулен Өсердің де жол көлік оқиғасының алдын алуға қатысты өз ұсы­нысы бар. Ол қазіргі ыстықта төрт тү­ліктің өрісте жайылмайтынын, керісінше көшеде көлік апатына сеп болып жат­­қанын жеткізді. Осы ретте ол үлкен жолдың бойында орналасқан ауылдар мен М.Шәменов, Қаракеткен, Далдабай ба­ғы­тындағы жолдың бойында мал қағу дерек­тері жиі орын алатынын жасырмады. Сондықтан ауылдарда маусымында пада ұйымдастырылса дейді.

Тәртіп сақшысының бұл ұсынысы орын­ды, оған қарсы мәжіліс төрағасы да уәж айтпады, керісінше ауыл әкімдеріне ауылда пада ұйымдастыру қажеттігін қаперге са­лып, бұл мәселеге алдағы уақытта қайтып оралмауға жұмыс жасауды тапсырды.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: