Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

34°C

, Жұма, 19 маусым, 13:35

Тамақтан улану

15.06.2026

71

0

Табиғаты органикалық, органикалық емес улы заттармен ластанған тамақтан пайда болатын аурулардың үлкен тобын  тамақтан улану деп атайды. Өте тез,  кенеттен басталып жедел өту – тамақтан уланудың барлық түріне ортақ қасиет.

Тамақтан улану эпидемиясы  індет түрінде бір топ адамдарда, бір отбасы мүшелерінде немесе жеке адамның өз басында ғана болуы мүмкін. Жалпы уланудың 90-95 пайызы микробтың салдарынан болса, қалған 10,5 пайызы микробтық емес уланудың үлесіне тиеді.  Уланудан өлімге ұшырау оқиғалары болып тұрады.  Ластанған тамақты ішкеннен кейін аурудың жеңіл, орташа,  ауыр болуы ластанудың көлемінен, одан бөлінетін улы заттың түріне, ауырған адамның ағзасының ахуалына тікелей байланысты.

          Тамақтан уланудың ең көп кездесетін уақыты жылдың жылы, ыстық мезгілдері. Бұл бір жағынан микробтың көбеюі мен сақталуына өте қолайлы кез болса, екінші жағынан адам ағзасының ауруға қарсы тұру қабілеті басқа уақыттарға қарағанда ыстық мезгілдерде төменірек болғандықтан. Тамақтан уланудың мезгілге тәуелсіз түрлері де бар, мәселен ботулизм. Атынан көрініп тұрғандай улану тамақпен байланысты, оның ішінде ет, сүт және жұмыртқа, балық, консервілердің түрлерінен, торт, кондитер өнімдері, салаттар улануға, адамды улауға дайын тұратын тағамдар.

Ботулизм деген сөз латынның « ботулус » шұжық деген сөзінен шыққан. Себебі бұл ауру көбінесе ет өнімімен байланысты. Аурудың қоздырғышы 1895 жылы Бельгияда осы аурудан қайтыс болған адамның талағынан, тік ішегінен табылған. Ботулизм таяқшасы микроскоппен қарағанда ірі, теннистік ракеткаға ұқсайтын таяқша тәріздес. Міндетті түрде ауасыз кеңістікте өмір сүреді, спора жасайды. Таяқшаның өзі 80 градус ыстықта 15 минуттан кейін өледі. Спораның ерекшелігі  сыртқы ортада өте сақталғыш. Оны толық өлтіру үшін 6 сағат бойы қайнату керек. 16 градус мұздатқышта 14 айға дейін сақталады. Кәдімгі үй жағдайындағы тұздау, маринадтау ,ыстау спора түзуден құтқармайды. Спораның өсуін тоқтату үшін қышқылдылық өте жоғары болуы тиіс.

          Спора топырақта тұрақты түрде болғандықтан бау–бақша өнімдері    жиі ластанып тұрады. Бұл көкіністерді консервілегенде қауіпті. Қолайлы жағдайға түскенде спора өсіп, қоздырғыштан токсин (улы зат) бөлінеді. Ол өзінің биологиялық қуаты жағынан барлық токсиндерден асып түседі. Ол асқазанда ас қорытатын ферменттердің әсеріне де, төменгі температураға да өте төзімді. Токсин барлық шикізаттар мен тағамдарда пайда болады. Әсіресе 20 градус температурада өте жоғары шапшаңдықпен пайда бола алады.

         Токсиннің спорадан айырмашылығы жоғары температураға төзімсіздігі. Ол 80 градус ыстықта 30 минуттан кейін жоқ болады. Ботулизмде улану микроб емес, токсиннің әсерінен болады. Ауру 12-24 сағаттан, кейде 2 сағаттан кейін басталады. Тым тез басталса өте ауыр болады және өлімге ұшыратады. Алғашқы уақытта азғантай құсу, жүрек айну, іш өту болады да, ботулотоксин бірден сопақша миға әсер еткенде көздің бұлшық еттерін жансыздандырады, қарашық үлкейіп жарықты сезбейді. Содан кейін таңдай, тіл, кеңірдек, жұтқыншақ жансызданып, сөйлеу бұзылады немесе тоқталады, жұту доғарылады. Адам тыныс алу немесе жүрек жұмысын тоқтатуынан қайтыс болады. Ауру 4-8 күнге созылады. Емделмеген жағдайда уланғандардың жетпіс проценті өлімге ұшырайды. Уақытылы емделу оны 13 процентке дейін төмендетеді.

           Ботулизмді емдеу тек емханаларда арнаулы сұйықты уға қарсы құюмен емделеді. Алғашқы уақытта удың әсерін азайту үшін адамның асқазанын, ішегін жуып, клизма жасап көмектескен абзал. Бірақ уақытылы емханаға бару аман қалудың бірден-бір шарты. Осындай ауыр улану ғылыми зерттеулерге қарағанда консервіленген тағамдардан шығады. Жалпы уланудың 69 пайызы осыған тиесілі екен, ал 31 пайызы басқа тағамдардың үлесінде.

Жалпы ботулизмнен сақтану үшін мүмкіндігінше үй жағдайында малдың етін, балықты, саңырауқұлақты ауасыз кеңістікке консервілемеу керек. Екіншіден консервілеуге пайдаланатын өсімдіктерді тазалау қажет. Үшіншіден, ашық әдіспен консервілеуді кең қолданған жөн. Төртіншіден, ыдыстарды өте жоғары дәрежеде тазалап пайдалану, сірке қышқылын көбірек қолдану керек. Әрине дайын консервіні жылдап сақтамай, пайдаланар алдында мұқият қарау, тексеру қажет. 

  ҚР ДСМ  СЭБК « ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша Жалағаш аудандық бөлімшесінің  санитарлық эпидемиологиялық зерттеулер зертханасының сан эпид қызмет дәрігері С.Жұманова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: