«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді аталы сөзге тоқтай білген қазақ. Кәсіп ашып, еңбек ету – бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінде істің қиюын келтіріп, адал жолмен нәпақасын тауып жүрген жандар көп. Талай сөздің төрелігін айтып, даулы додада дуалы сөзімен, шешендігінің арқасында күрмеулі істің шешімін тапқан Төле би өз заманында «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деп кәсіпкерліктің пайдасын пайымдап кеткен екен.
Бүгінде кәсіп көзін тауып, еңбек еткісі келетіндерге мемлекет тарапынан берілетін көмек те жоқ емес. Соңғы уақытта мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібінің көкжиегін кеңейткен кәсіпкерлер саны да артқан. Одан бөлек өз қаражаты есебінен кәсібін дөңгелентіп отырған азаматтар да бар.
Ауданға қарасты төрт жүзге жуық шаңырақ түтінін түтетіп отырған Аққұм ауылы бүгінде көркейіп, гүлдену үстінде. Егін егу, мал өсіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысып отырған Аққұм ауылы тұрғындарының атқарып жатқан ауқымды істері көп. Бұдан бөлек тұрғындарға қажетті кәсіп түрлері де ашылып, ауыл жылдан-жылға дамып келеді.
Бүгінгідей нарықтық заманда жеке кәсібін ашып, шаруаның шырайын келтіріп жүрген жандар жетерлік. Әлемді әлдиімен тербететін аналардың көпшілігі екі тізгінді тең ұстауға машықтанып, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелентіп жүр. Сондай жігерлі, белсенді жас кәсіпкерлердің бірі – Береке Қожантайқызы.
Ол өткен жылдың наурыз айынан бастап өз қаражатымен Аққұм ауылынан «Береке» шағын асхана желісін іске қосқан. Ашылғанына көп болмаса да қазіргі таңда күн сайын бұл асханадан 20-дан аса тұрғын дәм татады. Келушілерге жайлы орын әзірлеп қойған Береке көпшілікке адал қызмет пен дәмді өнімдерінің арқасында ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүр.
– Кәсіппен айналысу кез келгеннің қолынан келеді. Бастысы, ниет. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өзін-өзі қамтуға кеңес беремін. Алдағы жоспарым – кәсіпкерлікке арналған мемлекет тарапынан қарастырылған бағдарламалар аясында осы кәсіпті кеңейтіп, өзімді де өзгені де жұмыспен қамту, – дейді кәсіпкер келіншек.
Асхананың ас мәзірінде ыстық тағамдар, кәуап, фас-фуд түрлері ауыл тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынылған. 50 адамға арналған асхана заманауи талаптарға сай. Кәсіп иесі осы дәмхананы ашу арқылы қонақтарға қызмет көрсетіп қана қоймай, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Кәсібің – нәсібің» дегендей, қол қусырып қарап отыруды білмейтін, үйдің күйбең тіршілігіне де, асхананың ас мәзіріне де үлкен жауапкершілікпен қарайтын Береке өзін әрдайым еңбекте бақытты сезінеді. Өйткені еңбектеніп, маңдай термен тапқан нан тәтті дейді ол.
Кәсібіне көзсіз берілген кейіпкеріміз отбасында – аяулы жар, көпбалалы ана. Берекелі бірлік пен тынымсыз тірліктің арқасында таңның атысы, кештің батысына қарамай асхананың ісін дөңгелентіп отырған көпке үлгілі келіншек.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!