Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:39

Берекенің берекелі кәсібі

01.08.2023

611

0

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді аталы сөзге тоқтай білген қазақ. Кәсіп ашып, еңбек ету – бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінде істің қиюын келтіріп, адал жолмен нәпақасын тауып жүрген жандар көп. Талай сөздің төрелігін айтып, даулы додада дуалы сөзімен, шешендігінің арқасында күрмеулі істің шешімін тапқан Төле би өз заманында «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деп кәсіпкерліктің пайдасын пайымдап кеткен екен.

Бүгінде кәсіп көзін тауып, еңбек еткісі келетіндерге мемлекет тара­пы­нан берілетін көмек те жоқ емес. Соңғы уақытта мемлекеттік қолдау­дың арқасында кәсібінің көкжиегін кеңейт­кен кәсіпкерлер саны да арт­қан. Одан бөлек өз қаражаты есе­бінен кәсібін дөңгелентіп отырған азаматтар да бар.
Ауданға қарасты төрт жүзге жуық шаңырақ түтінін түтетіп отырған Аққұм ауылы бүгінде көркейіп, гүлдену үс­тінде. Егін егу, мал өсіру, ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін өндірумен ай­­налысып отырған Аққұм ауылы тұр­­ғын­дарының атқарып жатқан ау­қым­ды істері көп. Бұдан бөлек тұр­ғын­дарға қажетті кәсіп түрлері де ашы­лып, ауыл жылдан-жылға дамып келеді.

Бүгінгідей нарықтық заманда жеке кәсібін ашып, шаруаның шы­райын келтіріп жүрген жандар жетерлік. Әлемді әлдиімен тербететін ана­лар­дың көпшілігі екі тізгінді тең ұс­тауға ма­шықтанып, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелентіп жүр. Сондай жі­герлі, белсенді жас кәсіпкерлердің бірі – Береке Қожантайқызы.

Ол өткен жылдың наурыз айынан бастап өз қаражатымен Аққұм ауылынан «Береке» шағын асхана желісін іске қосқан. Ашылғанына көп болмаса да қазіргі таңда күн сайын бұл асханадан 20-дан аса тұрғын дәм татады. Келу­шілерге жайлы орын әзірлеп қойған Бе­реке көпшілікке адал қызмет пен дәм­ді өнімдерінің арқасында ауыл тұр­­­ғын­дарының алғысына бөленіп жүр.

– Кәсіппен айналысу кез келгеннің қолынан келеді. Бастысы, ниет. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өзін-өзі қамтуға кеңес беремін. Алдағы жос­парым – кәсіпкерлікке арналған мемлекет тарапынан қарастырылған бағдарламалар аясында осы кәсіпті кеңейтіп, өзімді де өзгені де жұмыспен қамту, – дейді кәсіпкер келіншек.

Асхананың ас мәзірінде ыстық та­ғам­дар, кәуап, фас-фуд түрлері ауыл тұр­ғындарына қолжетімді бағада ұсынылған. 50 адамға арналған асхана заманауи талаптарға сай. Кәсіп иесі осы дәмхананы ашу арқылы қонақтарға қызмет көрсетіп қана қоймай, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Кәсібің – нәсібің» дегендей, қол қу­сырып қарап отыруды білмейтін, үй­дің күйбең тіршілігіне де, асхананың ас мәзіріне де үлкен жауапкершілікпен қа­райтын Береке өзін әрдайым еңбекте ба­қытты сезінеді. Өйткені еңбектеніп, маң­дай термен тапқан нан тәтті дейді ол.

Кәсібіне көзсіз берілген кейіпкеріміз отбасында – аяулы жар, көпбалалы ана. Берекелі бірлік пен тынымсыз тірліктің арқасында таңның атысы, кештің батысына қарамай асхананың ісін дөңгелентіп отырған көпке үлгілі келіншек.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: