Соңғы кездері «Ауылда жұмыс жоқ» немесе «Ауыл тозып кетті, ауылда жастар қалмады, бәрі қалаға қарай ағылатын болды» деген алып-қашпа әңгіме жиі айтылатын болды. Десе де біле-білгенге негізгі кәсіп ауылда емес пе? Ізденгенге жүз түрлі жұмыс бар. Колхоз, совхоз тарағанымен мал бағып, жер игеріп, мая-мая шөп жинап, егін егіп, бақша салып, тірлік жасауға мүмкіндік мол.
Иә, ауыл сіз бен біз ойламаған кереметтің отаны ғой. Әсіресе ауылда негізгі күнкөріс сол төрт түлікті бағудан басталады. Оған біз Аққұм ауылының тынысымен танысудағы сапарымызда толық көз жеткіздік. Елді мекендегі сапарымыз қызу тірліктің ортасында жүрген «Бағдаулет-57» шаруа қожалығынан басталды. Шаруа қожалық бүгінде мал шаруашылығы бағытында бірқатар ауқымды жобаны қолға алған, оның ішінде мал басын асылдандыруда бар.
Мұнда төрт-түліктің барлық түрі бар, ауладағы түйе мен жылқының, ірі қара мен уақ малдың қарасы қалың. Бізді шаруа қожалықтың жұмысымен таныстырған төраға Сламбек Ұзақұлы бүгінде фермада 500 жылқы, 100-ге жуық түйе, 400 ақбас сиыр, 1500 қой бар екенін тілге тиек етті.
– Көріп тұрғандарыңыздай, төрт-түліктің барлық түрін бағудамыз. Ірі қараны ет, сүт бағытында ұстаймыз, ал түйенің шұбатын, жылқының қымызын облыс орталығына өткіземіз. Әрине, ауылды толық қамтамасыз етіп отырмыз. Шаруашылығымызда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бордақылауға, сауынға жұмысшы керек қой. Арық-тұрағын бағуға да көп күш керек. Ветеринар дәрігер ұдайы қадағалап, тиісті екпе жұмыстарын уақытылы жүргізіп отырады. Мал азығы жоңышқасы бар, қосымша табиғи шөп пен жем де шаруашылықтың өзінен дайындалады. Жалпы мал шаруашылығы бағытында іске асыратын жоспарымыз көп, – дейді Сламбек Ұзақұлы.
Иә, ата кәсіпті табыс көзіне айналдырған шаруашылықтың жоспары ауқымды. Мәселен, жақын уақытта фермер қожалығы жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 100 бас ірі қараға арналған сүт фермасын іске қоспақ. Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 3000 литр сүтті өңдеп, өнім шығаратын болады. Ал асыл тұқымды сиырлар Чехия мемлекетінен әкелінеді. Қазіргі уақытта ферманың негізгі ғимараттарының құрылысы аяқталған. Бұйырса, биыл желтоқсан айында толық іске қосылып, 10 жаңа жұмыс орны ашылу жоспарланған.
Сонымен қатар шаруа қожалық тұлпар баптап, бәйгеге қосуды да қолға алған. Атбегі Мұхаммеджан жарыстарда орын алып жүрген жүйрік жылқыларын көрсетіп, тұлпар баптаудағы жұмыстарымен таныстырды. Тұлпарларының алды 6 млн теңгеге бағаланатын асыл тұқымды жүйріктер екен.
Ерінбей еңбек еткеннің еңбегі еселене түседі. «Бағдаулеттіктер» еңбекқорлығының арқасында мал шаруашылығымен қоса, егін егумен де айналысады. Шаруашылық ұжымы биыл 1500 гектар алқапқа күріштің «Лидер» сұрпын сепкен. Себебі Сыр салысының бұл сұрпына нарықта сұраныс жоғары көрінеді. Ал мал азығы жоңышқа 300 гектар жерге егілген. Бір артықшылығы, шаруа қожалық Сыр салысын өздері ақтап, нарыққа дайын күйде шығарады. Өйткені мұнда күріш ақтайтын алып цех жұмыс істейді. Төрағаның айтуынша, цехтың жұмысы күзде қызбақ. Цехта сағатына 3, тәулігіне 12-13 тонна күріш өңделіп, нарыққа дайын күйде шығарылады. Ақталған күрішке көбіне тапсырыс Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен түседі екен. Мұнан бөлек олар отандық өніммен еліміздің бірнеше аймағын да қамтамасыз етіп отыр. Тапсырыс көптеп түскен жағдайда кәсіпорын күніне 18-20 сағаттай күріш ақтайтын көрінеді.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Бүгінде «Бақдәулет-57» шаруа қожалығының демеушілігімен Аққұм абаттанып, ауылда игілікті істер атқарылуда. Бастысы, береке мен бірлік ұялаған ауылдың тірлігі де тындырымды. Шаруашылықтың қаржылай қолдауымен ауылда 40 орындық монша, үлкен сауда орталығы мен спорт кешені бой көтерген.
Иә, еңбек ету арқылы нан тауып, ата кәсіпті жалғастырған аққұмдықтар бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр. Өйткені қанша ауыл тұрғыны екі қолға бір күрек тауып, нәпақасын осы жерден бұйыртуда. Әрине, «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткеннің шаруасы шалқып, несібесі артатыны айдан анық.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!