Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Сәрсенбі, 08 мамыр, 11:11

Атакәсіпті қолға алған

10.08.2023

339

0

Соңғы кездері «Ауылда жұмыс жоқ» немесе «Ауыл тозып кетті, ауылда жастар қалмады, бәрі қалаға қарай ағылатын болды» деген алып-қашпа әңгіме жиі айтылатын болды. Десе де біле-білгенге негізгі кәсіп ауылда емес пе? Ізденгенге жүз түрлі жұмыс бар. Колхоз, совхоз тарағанымен мал бағып, жер игеріп, мая-мая шөп жинап, егін егіп, бақша салып, тірлік жасауға мүмкіндік мол.

Иә, ауыл сіз бен біз ойламаған ке­ре­меттің отаны ғой. Әсіресе ауылда не­гізгі күнкөріс сол төрт түлікті бағудан бас­талады. Оған біз Аққұм ауылының тынысымен танысудағы сапарымызда толық көз жеткіздік. Елді мекендегі са­парымыз қызу тірліктің ортасында жүр­ген «Бағдаулет-57» шаруа қожалы­ғынан басталды. Шаруа қожалық бү­гінде мал шаруашылығы бағытында бір­қатар ауқымды жобаны қолға алған, оның ішінде мал басын асыл­дандыруда бар.

Мұнда төрт-түліктің барлық түрі бар, ауладағы түйе мен жылқының, ірі қара мен уақ малдың қарасы қалың. Бізді шаруа қожалықтың жұмысымен та­ныс­тырған төраға Сламбек Ұзақұлы бүгінде фермада 500 жылқы, 100-ге жуық түйе, 400 ақбас сиыр, 1500 қой бар екенін тілге тиек етті.

– Көріп тұрғандарыңыздай, төрт-тү­ліктің барлық түрін бағудамыз. Ірі қа­раны ет, сүт бағытында ұстаймыз, ал түйенің шұбатын, жылқының қымызын облыс орталығына өткіземіз. Әрине, ауылды толық қамтамасыз етіп отыр­мыз. Шаруашылығымызда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бор­дақылауға, сауынға жұмысшы керек қой. Арық-тұрағын бағуға да көп күш керек. Ветеринар дәрігер ұдайы қа­да­ғалап, тиісті екпе жұмыстарын уақы­тылы жүргізіп отырады. Мал азығы жоңыш­қасы бар, қосымша табиғи шөп пен жем де шаруашылықтың өзінен дайын­далады. Жалпы мал шаруа­шы­лығы бағытында іске асыратын жоспа­ры­мыз көп, – дейді Сламбек Ұзақұлы.

Иә, ата кәсіпті табыс көзіне айнал­дыр­ған шаруашылықтың жоспа­ры ау­­қымды. Мәселен, жақын уақытта фер­­мер қожалығы жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 100 бас ірі қа­раға арналған сүт фермасын іске қоспақ. Жоба іске қосылған уақытта тәу­лігіне 3000 литр сүтті өңдеп, өнім шы­ғаратын болады. Ал асыл тұқымды сиырлар Чехия мемлекетінен әкелінеді. Қазіргі уақытта ферманың негізгі ғимараттарының құрылысы аяқталған. Бұйырса, биыл желтоқсан айында толық іске қосылып, 10 жаңа жұмыс орны ашылу жоспарланған.

Сонымен қатар шаруа қожалық тұл­пар баптап, бәйгеге қосуды да қол­ға алған. Атбегі Мұхаммеджан жа­­рыс­тарда орын алып жүрген жүй­рік жылқыларын көрсетіп, тұлпар бап­тау­дағы жұмыстарымен таныс­тырды. Тұл­парларының алды 6 млн теңгеге ба­ға­ланатын асыл тұқымды жүйріктер екен.
Ерінбей еңбек еткеннің еңбегі есе­лене тү­седі. «Бағдаулеттіктер» ең­­бек­­­қорлығының арқасында мал ша­руа­­шылығымен қоса, егін егумен де айналысады. Шаруашылық ұжымы биыл 1500 гектар алқапқа күріштің «Лидер» сұрпын сепкен. Себебі Сыр салы­сының бұл сұрпына нарықта сұраныс жоғары көрінеді. Ал мал азығы жоңышқа 300 гектар жерге егілген. Бір артықшылығы, шаруа қожалық Сыр салысын өздері ақтап, нарыққа дайын күйде шығарады. Өйткені мұнда күріш ақтайтын алып цех жұмыс іс­тейді. Төрағаның айтуынша, цехтың жұмысы күзде қызбақ. Цехта сағатына 3, тәулігіне 12-13 тонна күріш өңделіп, нарыққа дайын күйде шығарылады. Ақталған күрішке көбіне тап­сырыс Өз­бекстан, Қырғызстан елдерінен тү­седі екен. Мұнан бөлек олар отандық өніммен еліміздің бірнеше аймағын да қамтамасыз етіп отыр. Тапсырыс көптеп түскен жағдайда кәсіпорын күніне 18-20 сағаттай күріш ақтайтын көрінеді.

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Бүгінде «Бақдәулет-57» шаруа қо­жа­лығының демеушілігімен Аққұм абат­танып, ауылда игілікті істер атқа­рылуда. Бастысы, береке мен бір­лік ұялаған ауылдың тірлігі де тын­дырымды. Шаруашылықтың қар­жылай қолдауымен ауылда 40 орындық монша, үлкен сауда орталығы мен спорт кешені бой көтерген.

Иә, еңбек ету арқылы нан тауып, ата кәсіпті жалғастырған аққұмдықтар бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр. Өйткені қанша ауыл тұрғыны екі қолға бір күрек тауып, нәпақасын осы жерден бұйыртуда. Әрине, «Еңкейгеннің ең­сесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткеннің шаруасы шал­қып, несібесі артатыны айдан анық.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: