Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 22:00

1000 қойы бар Қорғанбек

18.11.2023

490

0

Күткеніміз – кәнігі қойшы. Ауыл әкімі «қойшымыз да келе жатыр» деп шаңдатқан көлік бағытына қарап қояды. Ақ джиппен жүйткіп келген ол да уақ малдың бабын білген кәнігі шопан екен.

«Қойды өрістен түгел айдап әкелу үлкен жауапкершілік болатын. Қой кезек біз үшін кәдімгідей жұмыс еді. Қазір ойлап отырсам, сонда мал бағу, төрт түліктің қадірін білу деген қасиеттің асыл дәнегі бізге сонау бала күннен бойымызға егіліпті. Мал бағудың қыр-сырын бала кезімізден үйренген екенбіз ғой» деп бастады әңгімесін.


Бұл – томаға-тұйық тірлігімен ерекшеленіп, ма­мыражай ауыл шаруасымен күнелткен қаракеткендік еңбек адамы Қорғанбек Ералиев. Әрине мемлекеттің негізгі күрета­мыры – ауыл. Қаншалықты қиын ке­з­дерді бастан кешсе де ауылдың қай­наған тірлігі өз жалғасын таба береді. Шыны керек, соңғы жылдары ауыл халқы кәсіппен айналысуға ма­­­­шықтанып келеді. Бұрын қолда бар малды түгел сатып, қалаға қарай ағы­ла­тын жұрт қазір қорасындағы төрт түлігін көбейтіп, шаруашылық ашуға бет бұруда.
Бала кезінен ауылда өсіп, атакәсіптің қыр-сырын жақсы білетін Қорғанбек мал шаруашылығының ішінде қой басын көбейтуге ықыласы ауыпты. Мемлекеттен «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 14 пайызбен 37 млн теңге несие алып, кәсібін бастап кетеді. Бір қызығы, сол 14 пайыздың 4 пайызын кәсіпкер өзі төлесе, қалған 10 пайызын мемлекет суб­сидиялаған. Осылайша ол қаржыға 480 қой сатып алып, «Жанель» шаруа қо­жа­лығын құрады. Тірлік бас­таудан сес­кенбеген еңбек адамының шаруасы ширап кетті. Төккен тер зая кеткен жоқ, бүгінде қой саны 1000-ға жуықтаған.
– Ақыры мал баққан соң кәсібім өнімді, та­бысты болса деген мақсат қойдым. «Мал баққанға бітеді» деп қазақ бекер айт­паған. Мал бағу оңай шаруа емес. Бейнетсіз зейнет болмайтыны бел­гілі. Ыстық-суығына төзсең ғана та­бысың еселене түседі. Бұрынғыдай емес, қазір ауыл тұрғындары малдың қа­­дірін білді. Мен қойларымды ауыл­дан 20 шақырымда орналасқан жайы­лымдық жерде бағамын. Ауыл тұрғын­дарына да жұмыс беріп отырмын. Қазір ша­руашылықта 5-6 ауыл азаматы еңбек етеді, – дейді кәсіпкер.
Шаруақор кісінің айтуынша, баққан адамға қойдың пайдасы ұшантеңіз. Сат­саң пұл, сойсаң ас, кисең киім болады. Бірақ ауылда қойды мыңдап бағуға жем-шөптен мәселе бар. Кейіп­керіміз қол қусырып отырмай, жаз келсе, қолдан келгенше мал азығын қамдап алуға машықтанған. Жетпегенін ауыл шаруаларынан сатып алады екен.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары мал азығының да құны шарықтап тұр. Осыдан 3-4 жыл бұрын 400-500 теңгеден пұлданатын 1 пресс жоңышқа бүгінде 1000 теңгеге бірақ шыққан. Сонымен қатар мал баққан шаруаларға мемлекеттен мал азығына бөлінетін субсидияданың да қысқартылғанына 2 жыл болыпты. Мұның малшыларға оңай тимей тұрғаны рас.
Қорғанбектің қой етімен тұтастай ау­данды қамтамасыз етуге қауһары бар. Еттің ке­лісін 1900 теңгеден өткізсе, 1 қойды мал базарда 45-50 мың теңгеден пұл­­дайды. Елде ет бағасы ша­рық­таған шақта кәсіпкердің мұн­дай қол­жетімді баға қойғаны көңіл көншітеді.
Мал баққан ата-бабамыз тұрмыс-тіршілігінде әсіресе қойдың терісі мен жүнін көбірек пайдаланып, киім қылып, төсеніш қылып, баспанасын сонымен жауып, барлық керегіне жарата білген. Бүгінде сол жүн мен тері қадірсіз қоқымға айналып, қай жер болса сол жерде құрттап, шіріп, керексіз үйінді болып жатыр. Шаруа адамының айтуынша, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар жоқтың қасы, тіпті аймағымызда қой жүнін іске жарататын өндіріс ошағы жоқ. Мә­селен, жылына 2 рет мал қырқатын кәсіпкер, қой жүні мен терісін өртейді, басқа амалы да жоқ.
Иә, ауылдағы халық осы мал үшін отыр емес пе? Мал өсіріп, күн көріп жатыр. Әрине мынадай қымбатшылық заманда мал баққан оңай шаруа емес. Олар­дың жем-шөбінің өзі қыруар ақша. Алайда бұл кәсіпті мықтап қолға ал­ған Қорғанбек аға бұлай ойламайды. Ол «келешекте кәсібімді кеңейту – басты жоспарым» дейді. Мемлекеттен қар­жылай қолдау болса, ауыл маңынан мал бордақылайтын кешен ашу ойында бар.
– Еңбек етемін деген адамға қашанда жұмыс табылады. Мал күтіміне баса мән берілсе, мол өнім алуға болатынын айтып келеміз. Шаруалардың өндірген өнімдерін өткізуде, мал азығын дайын­дауда, материалдық-техникалық жаб­дық­талуда, мал басы өнімділігін жетіл­діруде мемлекет әрқашан қаржылай көмек беруге дайын. Оның бір дәлелі, қазір қаладан ауылға көш­кен тұрғындар саны артты. Қара­­кеткенде мал шаруашылығының қарқынды дамуы ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының ар­туына, қалаға көші-қон легінің тежелуіне айтарлықтай оң ықпал етеді, – дейді ауыл әкімі Әділ Тоқтаров.
«Адам еңбегімен бағалы» деген рас екен. Қой баққан Қорғанбек Ералиевтың мақсаты – айқын, межесі – биік. Оған біз осы сапарымызда көз жеткіздік.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: