Қазақ халқының зергерлік бұйымдары әлем халықтарының назарын аудартпай қоймайды. Әрқайсысына үңілсек, бұйымдардың өзіндік сыры бар. Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланысты. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Әшекейлер арқылы халқымыз әйел адамның қоғамдағы алатын орнынан, абырой-беделінен хабардар болған. Қазақы әшекейлерінің бәрі таза күмістен әзірленген. Тіпті байырғы қазақтар қолында күміс сақинасы жоқ әйелдер дайындаған астан дәм татпаған екен. Себебі күміс жүзік тағам құрамындағы адам ағзасына қауіпті заттарды жойып отырады деп ұққан.
Жас жұбайлар неке жүзігін де арнайы тапсырыспен жасатқан. Бұл жүзіктің төбесі жастардың бөлек отау құрып, шаңырақ көтергендерін білдіретін шаңырақ тәріздес болған. Онан бөлек жүзіктердің ішіндегі көпке тағыла бермейтіні «құдағи жүзік» деп аталады. Яғни тұрмысқа шыққан қыздарының жағдайы жақсы, барған жерінде бақытты болып, ата-анасына қайынжұрты жайында мақтаулы сөз, жақсы мінездеме берсе ғана қыздың төркіні құдағиының қолына осы жүзікті салатын болған. Жүзіктің үлкендігі сондай адамның төрт саусағын жауып тұрады екен. Бұл да екі жақтың, екі елдің арасындағы сыйластықтың белгісі іспеттес. Сонымен қатар қазақы ырым бойынша қызыл көзді жүзіктер сырттан келген қауіпті өз бойына сіңіріп, тіл-көзден, бәле-жаладан сақтаған.
Қазақ халқы неге жүзіктерден бөлек, тұрмыстағы кей бұйымдардың да күміс болуына аса мән берген екенін білесіз бе? Күміс неге қараяды? Мәселен, денедегі күмістің қараюы ел арасында көз тигеннің, дене мүшелерінің ауыратындығының белгісі саналады, бірақ бұның басқа да себептері бар. Зергерлік бұйымдардың құрамында әдетте күмістен басқа тағы қоспалар болады. Дәл солар бірнеше себепке байланысты күмісті тотықтандырады. Күміс әшекейлердің қараюының басты себептерінің бірі ауада күкіртті сутектің болуын білдіреді. Сондай-ақ адам терлегенде, зергерлік бұйымдар суланып, көптеген заттектердің әсеріне бөленеді, нәтижесінде күрделі биохимиялық реакция жүріп, металл тотыға бастайды. Денсаулыққа мұның еш зияны жоқ, тек бұйымның әдепкі келбеті өзгереді.
Одан бөлек күміс әшекей антибиотиктер, несеп айдағыш препараттар, дәрумендік комплекстер, сыра ашытқысы секілді емдік препараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды тұтынудан да қараюы мүмкін. Егер сіз бұрындары мұндай құбылысты ешқашан байқамай, ал соңғы кездері ешқандай дәрілік препараттарды пайдаланбаған және тұтынатын тағам құрамын өзгертпеген, сонымен қатар бұрынғы косметикалық құрылғыларыңызды пайдаланып жүрсеңіз, онда денсаулығыңызға мән бергеніңіз жөн. Себебі кейде зергерлік бұйымдар бүйрек, бауыр, жүрек-тамыр жүйесі сыр бергенде қараяды.
Бұдан басқа адамға көз тигенде күміс жағымсыз энергетиканы сорып алады деген сенім бар. Бірақ бұл тек болжам күйінде қалып отыр. Егер зергерлік әшекейіңіз қарайып кетсе, жаман ойдан аулақ болыңыз. Жаңа күміс бұйымдар қарайып, ал ескілері жылтырап тұрса, зергер шеберінен әшекей бұйымның құрамын нақтылау қажет. Себебі кейбір өндірушілер күміс қорытпаға металлдың қараюын өршітетін қоспалар қосады екен.
Бойжеткендердің бойтұмарына қатысты да біз біле бермейтін тұстарымыз бар екен. Бойтұмардың ішіне Құраннан сүрелер, дұға, аят немесе қастерлі кітаптардан сөздер жазылған. Ал әшекейлердің ішіндегі қыз баланы ибалылыққа тәрбиелейтін шолпы, шашбаудың қызметі өз алдына. Шашбаудың негізгі қызметі қыз-келіншектердің бұрымын жинап тұру болса, екінші жағынан қыз баланың бойын тік ұстауына және жүрісін дұрыстауына көмегі тиген. Яғни шашбаудың сыңғырынан-ақ кімнің келе жатқаны белгілі болған.
Білезіктің де топсалы, өрнекті және құйма білезіктер секілді түрлері болған. Бұл – әйелдердің күнделікті тағып жүретін, қымбат бағалы металдан немесе күмістен жасалатын әшекей түрі болып табылады. Сонымен бірге білезік буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен тараған. Ең маңыздысы, білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақта бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан. Сондықтан әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған.
Сырға – қыз-келіншектердің тағатын әсемдік бұйымдарының бірі, сыртқы келбетінің ажырамас бөлігі. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға сынды әр өңірде оның басқа да түрлері көп. Жасалған материалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын сырға, күміс сырға, лағыл сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, ақық сырға, иінді сырға, гауһар сырға, айшықты, тұмарлы, салпыншақ, жапырақты сырғалар, шұбыртпа сырға, адай сырға, айбалта сырға болып кете береді. Сыр өңірінде кездесетін сырға түрлері таға тәріздес, ілмек түрінде жасалып, көзіне бағалы тастар орнатылады. Мұндай ай тәріздес сырғаны алтыннан, кейде күмістен жасаған. Сонымен қатар оны ақжаулықты аналар, яғни немерелі болған әжелер таққан. Аудандық тарихи-өлкетану музейі маманының мәліметінше, осындай ай сырғаның түрі музей қорында сақтаулы. Ол доға тәрізді иілген ілмектен және ай пішінді негізгі бөліктен тұрады.
Сырғаның ортаңғы тұсында бес жұлдыз қиылған. Сырғаның үсті мен асты дөңес бедерлі ромб және домалақ пішінді гүл өрнектермен безендірілген. Ал жоғары тұсына доға тәрізді иілген темір ілмегі бар топса дәнекерленген. Сырғаның ғұрыптық та мән-мағынасы бар, ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мағынаны білдіреді. Көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын ала сақтайтын қасиеті бар деп саналған. Қазақтар үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген.
Қазақ халқында қыз балаға құлақ тесу міндетті болып саналады. Бұл жөнінде бүгінге жеткен мынадай аңыз-әпсана да бар. Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да құрсақ көтермеген соң Ыбырайым пайғамбар Бибіажар есімді күңіне үйленеді. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді.Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады. Осыны сезген Ібіліс: «Ей, Сара, еріңе қанша адал қызмет етсең де, Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал» дейді. Қызғанышын жеңе алмаған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді. Сол түні Бибісара анамыз түс көреді.Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады. «Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады» дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қатты қуанады.
Алайда «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп, «Антым бар еді. Енді не болады?» деп сұрайды. «Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Алланың дәргейінен қуылған. Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер» дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды. Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға алып келіп, Ажар анамыздың екі құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүннет боп қалған деседі.
Түркі халықтарында қыздардың құлағын тесіп, сырға тағып қоюы да өте ерте жастан басталады. Этнографиялық деректерге сүйенсек, ертеде қыздың басы бос, атастырылмаса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «Бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос» деген ой түйген.
Жалпы қазақтың дәстүрінде әшекей бұйымдардың алатын орны ерекше. Оның үстіне қазір жастар жаңа үлгідегі тренд киімдер мен ұлттық әшекейлерді үйлестіріп тағып жүргенін көзіміз көріп, қуанып та қаламыз. Ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, керісінше одан әрі жаңғыртып, күнделікті киім үлгімізге енгізіп, әлемдік дәрежедегі брендтер қатарынан көреміз деп ойлаймын.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!