Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 01:58

Алты азаматқа айыппұл салынған

03.02.2024

232

0

Былтыр аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиялық мәні жоғары объектілердің біліктілік талаптарының сәйкестігін тексеруге 19 объекті жоспарланған, алайда дәлелді себептермен тексеру жүргізілмеген. Сондай-ақ былтыр 3 арыз-шағым, 1 прокурор талаптарына сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 7 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. ӘҚБТ хаттама негізінде 1 345 500 теңге көлемінде 6 айыппұл салынған. Оның төртеуі жеке тұлғаға тиесілі болса, қалғаны кәсіпкер, заңды және лауазымды тұлғалар еншісінде. Мұнан бөлек 1 лауазымды тұлғаға шара көруге сотқа материал берілді. Соттың шешімімен лауазымды тұлғаға 60 375 теңге айыппұл салынып, сот шешімімен объектінің жұмысын уақытша тоқтатуға ауданаралық экономикалық сотына материал ұсынылды. Бұл туралы басқарма басшысы Г.Айымбетова мәлімдеді.

Басқарманың былтырғы жұмысын саралаған ол аудан тұрғындарының 99,2 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесін, 0,8 пайызы жүйелен­ді­­ріл­­меген ауыз суды пайдаланатынын айтады.
– Ауыз су сапасы мемлекеттік ба­қылауында болып, су сынамаларына зертханалық зерттеулер жүргізіліп отыр­ды. Жыл көлемінде санитарлық-хи­миялық зерттеуге 399 су сынамасы алынды, оның 37-сінен, яғни 9,2 пайы­зынан хлоридтер, құрғақ қалдық бойынша сәйкессіздік анықталды. Мик­­ро­биологиялық зерттеуге 447 су сы­намасы алынып, оның 17-сінен, яғни 3,8 пайызынан сынамадан термо­то­лерантты, жалпы колиформды бак­териялар және жалпы микробтық саны бойынша сәйкессіздік көр­сетті. Орталықтандырылған сумен жаб­дық­тау объектілерінде көктем­де, күзде жуу тазалау және дезинфек­циялау жұ­мыстары толығымен жүргізіліп, халық арасында су факторына байланысты аурушаңдық тіркелген жоқ. Мәдениет, Аққұм елді мекендерінде су тарату жүйесін, аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің, Жалағаш кенті «Ақтерек» учас­­кесіне су ұңғымалары және су жи­нау-тарату кешенінің құрылыстары жүр­гізіліп, Аққұм ауылында құрылыс аяқталып, іске қосылды, – деді ол.
Ауданның бас санитары былтыр 4505 жедел респираторлы вирусты инфекциясы, 20 дерматофития, ту­бер­кулез, 13 нақтыланған жіті ішек инфекциясы, 9 нақтыланған қызыл­ша, 6 энтеробиоз, 5 желшешек, 4 эхи­­нококкоз, 3 тұмау, 2 бруцеллез, риккетсиоздар және 1 жағдайдан ги­менолепидиоз, лямблиоз, коронави­русты инфекциясы, педикулез, жедел әлсіз сал аурулары тіркелгенін жоққа шығармады. Бірақ 2023 жылы жұқ­палы, аса қауіпті жұқпалы және па­разиттік ау­рулардан өлім-жітім жағдайлары орын алмаған.

– Жұқпалы, аса қауіпті жұқпалы жә­не паразиттік аурулардың 2023 жылғы эпидемиялық жағдайы қана­ғаттанарлық болғанымен, кейбір жұқ­палы аурулардың 2022 жылға қара­ғанда өсу тенденциясы байқалды. Атап айтсақ, ЖРВИ сырқаты 1,8 есеге, қызылша 9, туберкулез 4, эхинококкоз, риккетсиоз, бруцеллез аурулары 2 жағдайға көбейген. 2023 жылы КВИ, ЖІИ, Конго-Қырым гемморагиялық қыз­басының сырқаттанушылық көр­сеткіші төмендесе, сальмонеллез, ви­русты гепатит, аскаридоз аурулары мүлдем тіркелген жоқ. Жұқпалы, аса қауіпті жұқпалы және паразиттік ауру­лардың алғашқы диагнозымен тіркелген барлық ошақтар, олармен байланыста болғандар және қоршаған ортаға зертханалық сынамалар алу­мен эпидемиологиялық тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, аурудың әрі қарай таралуын болдырмау мақса­тында эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйым­­дастырылды. Сонымен қатар ве­дом­ствааралық іс-шаралар қолға алы­нып, әрбір инфекциялық ауруларды ба­қылауға алуға бағытталған шаралар қабылданды, – деді басқарма басшысы.
Брифингте Г.Айымбетова вакци­намен басқарылатын жұқпалы ауру­лардың алдын алу мақсатында ҚР жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу шараларын жүргізу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы егулер 2023 жылы 103 пайызға орындалғанын айтты. Сондай-ақ былтыр перзентханада 446 бала дүниеге келген. Туу көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 1,1 есе­ге азайған. Перзентханада туған нә­рестелердің 97,9 пайызы ВГВ, 97,7 пайызы БЦЖ-ның алғашқы екпесімен қамтылған. Перзентханадағы алғашқы екпелерін алмаған 6 бала ВГВ, 12 бала БЦЖ екпесімен аймақтарда егілген.
Ауданның бас са­нитары БАҚ өкіл­дерінің жұқпалы ауру­лардан сақтану­ға қатысты сауа­лын да жа­уапсыз қал­дырмады.


Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: