Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Дүйсенбі, 26 ақпан, 17:01

«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ДӘСТҮРЛІ «ҰЛЫ ДАЛА» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

31.10.2023

191

0

«AMANAT» партиясы дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының басталғанын хабарлайды. Биыл әдеби конкурс Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы – Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орайластырылып отыр.

Партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіп келе жатқан «Ұлы Дала» республикалық шығармашылық байқауы осымен бесінші мәрте ұйымдастырылуда.Шығармашылық доданың басты мақсаты – ұлттық және рухани құндылықтарды паш ететін бүгінгі отандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау.

Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларындағы ойларды жаңғырту арқылы ағартушының еңбектері мен қайраткерлік ұстанымын өскелең ұрпаққа дәріптеу.Байқауға қатысушылар бес номинация бойынша бақ сынайды: «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Әдеби сын» және «Балаларға арналған шығарма». Бұдан бөлек, байқауда «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылған.Шығармалар бүгін, 10 қарашаға дейін қабылданады. Ережеге сай еліміздің барлық өңіріндегі партияның аймақтық филиалдарында ұйымдастыру комитеттері құрылады. Әрбір аймақтық ұйымдастыру комитеттерінде байқауға қатысушылардан шығармаларды қабылдап алатын арнайы электронды мекенжайлар ашылды.


Осыған орай, келіп түскен шығармаларды аймақтардағы ұйымдастыру комитеттері ереженің талаптарына сәйкес тексеріп, партияның Орталық аппаратында құрылған Республикалық ұйымдастыру комитетіне жолдайды. Өз кезегінде аймақтардан келіп түскен шығармаларды Республикалық ұйымдастыру комитеті тексерістен өткізіп, арнайы бүркеншік есіммен аikyn.kz сайтынан ашылған «Ұлы дала» байқауы айдарында күнделікті жариялап отырады.

Қызығушылық танытқан кез келген оқырман шығармалармен сол жерден таныса алады.Айта кетейік, байқауға 20-45 жас аралығындағы авторлар қатыса алады.

Байқауға қатысу үшін жіберілетін жұмыстар қазақ тілінде жазылады. Байқауға ұсынылатын жұмыстардың тақырыбына шектеу қойылмайды. Байқауда авторлардың бұрын жарияланған шығармалары қарастырылмайды.

Әр номинация бойынша өлеңдер циклін қабылдауға мүмкіндік беретін «Поэзия» номинациясын қоспағанда бір шығарма қабылданады. Байқауға әдепсіз сөздерді қамтитын, сондай-ақ үшінші тұлғалардың этикалық нормалары мен авторлық құқықтарын бұзатын туындылар жіберілмейді. Автор/авторлар байқауға қатысу үшін жұмысты жібере отырып: – осы жұмысқа авторлық құқықтың бар екендігіне кепілдік береді; – ұйымдастырушының туындыларды (толық және/немесе ішінара) бұқаралық ақпарат құралдарында, жинақтарда, ғаламторда, әлеуметтік желіде жариялауына рұқсат береді; – ұйымдастырушыға қойылатын қаржылық талаптарды қоюдан бас тартады.

Байқауға қабылданған жұмыстар рецензияланбайды және қайтарылмайды. Байқауға қатысу үшін «Проза» номинациясына 25 беттен аспайтын, «Поэзия» номинациясына мәтін көлемі 5 беттен аспайтын, «Драматургия» номинациясына 25 беттен аспайтын, «Әдеби сын» номинациясына шектелмеген, «Балаларға арналған шығарма» номинациясына 10 беттен аспайтын шығармалар жіберіледі.Келіп түскен жұмыстарды байқау комиссиясы 13-20 қараша аралығында қарайды.

Байқау нәтижесі «Тәуелсіздік күні» қарсаңында қорытындыланып, салтанатты іс-шарада жеңімпаздарға марапаттар тапсырылады.Еске сала кетейік, «Ұлы дала» байқауы былтыр Ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған болатын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: