Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 01:50

Балғын бишілер жеңісі

30.01.2024

451

0

Аудандағы «Өнер» мектебін тілге тиек етсек, ойымызға ең алдымен Айбарша Бекбайқызы жетекшілік ететін «Art Action» биі тобы түседі. Олай дейтініме себеп те жоқ емес. Талабы мен таланты ұштасқан өнерпаздарды тәрбиелегеніне көп болмаса да, бағындырған белесі биік ұстаздың кіші тобы кеше Қызылорда қаласында өткен «Talent show» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінен бас жүлдемен оралды. Осы сәтті пайдаланып, балғын бишілер мен жетекшіні жеңісімен құттықтау үшін бүгін арнайы өнер ордасына бардық.

Сүйінші хабарды естіп, аталған мекеменің есігінен енгеніміз сол еді, жаңашылдыққа жаны құмар Айбарша Үсейн «Art Action» үлкен тобымен жаңа биге дайындық жүргізіп жатыр екен. Жетек­шінің қандай биге дайындалып жат­қа­нын жасырғанына қарап, «Art Action» би тобының бүлдіршіндерін алда үлкен жарыс күтіп тұрғанын аң­ғар­дық. Айбаршаның айтуынша, әр бидің өзінің жүлде алатын жарысы болады екен. Сол үшін ол кез келген биді қойғанда оның жүлде алатын жарысын күтеді. Мәселен, кеше Қызылорда қала­сында «АРТ ЭМПАЙР» балалар филармониясы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК ұйымдастыруымен өткен бай­қауға қатысуға оларға осы айдың басында ұсыныс түскен. Шәкірттерінің бұл байқауда жеңіске жететініне толық сенім білдірген ол жарысқа былтыр қазан айынан бастап дайындалған «Устроем танцы» биін апарған.


– Бізде «устроем танцы» биі әзірге балалар арасында жоқ. Көбіне халық биі, қойылымдық би, заманауи билер кеңінен тараған. Бишілер арасында 5 жастағы қыздар болғандықтан, бұл биді жас ерекшеліктеріне қарап таңдап алдым. Би барысында бишілер бастапқыда екі тарапқа бөлініп, бір-біріне қарсылас болады, артынша ауызбіршілікпен барлығымыз бірге биді құрайық деп алып шығады. Алғашқы үлкен сахнада би­леген биі болсын деген ниетпен осыны таңдап алдым. Дайындық барысында бидің әр элементіне жеке-жеке тоқталып, денені қалай ұстау керек, аяқ қалай тұру керектігі түсіндіріледі. Көрерменге шынайы әсер сыйлау үшін бір бидің өзі бірнеше ай дайындықты қажет етеді. Әр бидің өзіндік мағынасы, сюжеті мен аяқталуы болады. Сондықтан би шығаруға атүсті қарамай, көрер­менге жаңаша көзқараспен жеткізуге тырысамыз, – дейді үйірме жетекшісі Айбарша Үсейн.

Аталған жарысқа қатысқан кіші топ өнер мекте­бінде 2022-2023 оқу жылынан бастап білім алып жатыр. Қазіргі таңда олар 2 сыныпта оқиды. Айбаршаның айтуынша, бишілер 1 сыныпта ешқандай жарысқа қатыспайды. Ол жылы тек баланың дене бітімін қалыптастыруға күш салады. Ал 2 сыныптан бастап оларды концерт пен жарыстарға қатыстыра бастайды екен. Бұл кіші топтың алғаш қатысқан концерті әкім шыршасы болса, алғаш өнер көрсеткен додасы – республикалық «Talent show» фестивалі.
Бұл сайыста кіші топтар жас ерекшеліктеріне қарай ІІІ топқа бөлінген. Яғни 3 пен 6 жас, 5 пен 8 жас, 7 мен 9 жас аралығында 12 команда қатысып, ІІІ бас жүлде табысталған. 5 пен 8 жас аралығындағы бүлдіршіндер арасынан бас жүлдені иеленген «Art Action» би тобында 27 бала өнер көрсеткен.
Балғын бишілерге «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Хореография» кафедрасының меңгерушісі, доцент, жоғары дәрежелі педагог-хореограф Г.Мұрзабаева мен Алматы қала­сындағы «Мақпал» үлгілі хореографиялық ансам­б­лі­нің жетекшісі, халықаралық хореографиялық бай­қау­­лардың жеңімпазы А.Қайырбек, «Арт Эмпайр» ба­лалар филармониясының директоры Б.Арыстан­беков төрелік еткен.
– Бала күнімнен биге деген қызығушылығым өте жоғары болды. Сөйтіп бірде анама өзімнің биге қатысқым келетінін айтып, Айбарша апайдың тобына қосылдым. Мен әр сабақты асыға күтемін. Себебі Айбарша Бекбайқызы сабақты қызықты әрі ерекше өткізеді. Осы байқауға қатысар алдында біздің «Art Action» командасының үлкен тобындағы әпкелеріміз бар ақылын айтып, жарыстан жүлдемен оралуымызды, тобымыздың атына кір келтірмеуімізді тапсырды. Кіші топтың барлық қызы осы сайыста бас жүлдені иелену үшін бар күшін салып, күндіз-түні тыңғылықты дайындалды. Бізді қолдаған ата-анамыз бен достары­мызға және Айбарша Бекбайқызына алғысымыз шек­сіз, – дейді кіші топ мүшесі Айша Бодыбай.
– Кез келген жарысқа барарда ең алдымен мені қолдайтын – ата-аналар. Олар қыздарының киімін, қажетті заттарын тауып, үнемі менің жанымнан табылады. Мәселен, кешегі сайыста олар дайындық барысында оқушыларды түгендеп, менің қызым, сенің қызың деп бөліп жармай бәріне бірдей қарап, барлығын киіндіріп, шаштарын дұрыстап көмектесті. 27 баланың барлығын бір уақытта дайындау кімге болса да оңай емес. Ата-аналарыма алғысым шексіз. Қазіргі таңда екі топты қосқанда 50-ге жуық шәкіртім бар. Алайда әлі де қатысқысы келетін бүлдіршіндер көп. Топтың ережесі мен бала санының толып қалуына байланысты кей ата-аналар балаларын қатыстыруға үлгермей реніш білдіріп жатады. Шама-шарқымызша біз барлығын қамтығымыз келеді. Алда үлкен жарыстар жоқ емес, нәтижесін уақыт көрсетер, – дейді Айбарша Бекбайқызы.
Бүгінде бірнеше түлекке 4 жыл білім беріп, талабын шыңдаған ол алғашқы шәкірттерінің қазір Қызылорда қаласында хореография мамандығы бойынша білім алып жатқанын айтады. Би өнерінде 2018 жылдан бастап аталған топқа жетекшілік етіп келе жатқан білікті маманнан білім алатын бүлдіршіндердің биік белестерді бағындыруы заңдылық. Мамандыққа адал­дық деген осы шығар, сірә.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: