Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 09:47

Балық аулаудан бақ сынады

24.07.2024

67

0

Кеңес заманында ауданға қарасты Қаракеткен ауылы балық аулаудан рекорд орнатып, алдыңғы қатарда болған. Ол кезде Каракеткеннің атын төңірекке танымал еткен «Игілік» балық колхозы еді. Балықшылар балықты Қаракеткен аумағындағы «Майкөл», «Кіндіккөл», «Үйсінкөлі», «Түйе кеткен» сияқты көлдерден аулаған. Соғыс жылдары колхоз барлығы 13 мың тоннадан астам сапалы балық аулап, Отан қорғау қорына жөнелткен. 1964-1965 жылдары колхоздың аты халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет тақтасына жазылды. 1965 жылы Балық шаруашылығы Министрлігінің ауыспалы Қызыл Туына ие болады. Міне, осындай мақтан тұтар тарихы бар өлкемізді қайта жандандыру – бүгінгі ұрпақ міндеті.

Осы мақсатта ауданда ел бірлігін сақтап, өнегелі өмір өр­негін қа­лып­­тас­­тыр­ған қазы­налы қартта­ры­­мыздың, елге адал қызмет еткен ардагерлеріміз­дің басын қо­сып, замандаспен ди­дар­лас­­тыру мақсатында жылда дәстүрлі балық аулау сайысы ұйымдастырылып келеді. Жыл­дағы дәстүрден жаңылмай, балық ау­лау бәсекесіне ақсақалдар өздері ғана емес, немере, шөберелерін де ерте келіпті.
Абыз ақсақалдар мен зейнет­кер­лердің бәсекесіне аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, ха­лық­тың қамын ойлаған, ойы терең ардагерлерімізге сәттілік тіледі.
– Мұндай шараның тек балық аулау, құр уақыт өткізу ғана емес, ар­дагерлеріміздің өскелең ұрпақ алдын­дағы бірлігі, өнегелі дара жолын көр­­сетер тағылымды шара ретінде ма­­ңызы зор. Қарттарын асыл қазына деп ардақ тұтқан егеменді елімізде ар­дагерлеріміз әрқашан құрметке лайық. Құрметті демалыста жүрсе де ау­­дан­ның әлеуметтік-экономикалық, мә­­­де­ни-қоғамдық өміріне араласып, игі­лікті шараларда белсенділік танытып келе­сіздер. Аға буын өкілдерінің салауатты өмір салтын қалыптастыруға белсене араласуы аудан тұрғындары мен жас­тарымыздың спортпен шұғыл­дануына үлкен бағыт-бағдар беретіні сөзсіз. Бүгінгі туған жердің табиғатында ұйым­дастырылып отырған тамаша шара жастарға үлгі болар игі дәстүр десем қателеспеймін, – деді Ардақ Ибраимов.
Аудан ардагерлері арасындағы ба­лық аулаудан жарыс 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп, жарысқа қатысушы ағаларымыздың саны да жылдан-жылға артып келеді. Жалпы жарыс өте тартысты өтті. Бала­лық шақ­тарын еске алса керек, ба­сында бел­сенділік танытпай тұрған қарт­та­ры­мыз, уақыт өте қармақтарына жиі балық түсе бастады. Әрине, Сырдарияның са­­ғасында өскен ақсақалдардың ба­лық аулаудың қыр-сырын толық мең­гергеніне ешкімнің де күмәні болмады.
– Дария жағасында есейгесін болар, балық аулау таңсық іс емес. Шыны керек, ес білгелі қармақ салу ең жақсы көретін ісім. Бұрын бұл өңірдің суында балықтан көп нәрсе жоқ еді. Тұтас бір өңірді асырайтын жағдайда болатын. Қазір дариядан су тартылғалы, балық та қашты. Десе де қазірдің өзінде ауыл маңындағы каналдардан балық аулап тұрамын. Сондықтан біз, әсіресе болашақ осы жердің егесі жастар таби­ғатымызға ерекше ілтипатпен, қам­қор­лықпен қарауымыз керек, – деп жас­тарға өсиетін айтты Марат Алдабергенов.
Қазақ – қариясын сыйлаған ха­лық. Қарияның батасынсыз қазақ қо­ғамында қордалы байламдар жаса­лып, іс басталмаған. Бұл – атам за­маннан бері келе жатқан игі дәстүр. Сол дәстүрдің аясында бастау алған ба­лықшылар сайысы ардагерлердің ба­тасымен басталып, түрлі марапатпен қорытындыланды. Шара соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев балық аулауға қатысқан барлық ардагерлерге алғыс білдірді.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: