Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Дүйсенбі, 11 қараша, 12:48

Бас мүфти Қадір түнін қалай өткізу керектігін айтты

17.04.2023

343

0

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қадір түнін қалай өткізу керектігін айтты.

Наурызбай қажы Тағанұлы көпшілікті қасиетті түнмен құттықтап, Қадір түніне қатысты мәліметтермен бөлісті.

«Алла Тағала Құранда: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар) деп баяндайды.

Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі. Бұған тұтастай осы қасиетті түнге қатысты баяндалған «Қадір» сүресі дәлел болады.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Бұл түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасауды ұмытпайық.

Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші» деп айтасың» деп жауап берген. Хадистердің бірінде: «Кім де кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» делінген.

Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай.

Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!», деп сөзін аяқтады бас мүфти.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: