Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жұма, 29 наурыз, 15:33

Білім саласы ардагерлерінің арасында облыстық байқау өтті

09.04.2023

210

0

 Сырдария ауданында «Қазақтың даналық, ғибратты сөздері» атты шежірелі білім саласы ардагерлерінің арасында облыстық байқау өткізілді.

Ұлттық өнердің аясын кеңейтіп, аға буын өкілдерінің даналықтары арқылы жастарға ұлттық тәрбие беруді мақсат еткен шараға аудан әкімінің орынбасары Байдушев Димаш және облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов арнайы қатысып, байқауға қатысушы ардагерлерге сәттілік тіледі.

Даналықты дәріптейтін байқауда педагогика ғылымдарының кандидаты Әбдіқалықова Алима, білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Алиакбарова Камила мен ҚР журналистер одағының мүшесі, «Сыр бойы» газетінің журналисі Ерімбетов Кенжалы, ақын, сазгер Торғаева Ділдахан, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Сәдуақасұлы Сансызбай және алқа хатшысы Әліпбаева Мадина Нурасылқызы қазылық етті.

Өнер сайысында Қызылорда қаласы және аудандардан іріктелген майталман ардагер-ұстаздар 3 кезең бойынша бақ сынасты. Байқау шарттары бойынша ардагерлер ел аузындағы тәлім-тәрбиесі мол әңгімелерді, даналық сөздерді, би-батырлардың, ғұлама ойшылдар мен шешен-билердің, ақын-жыраулардың, сал-серілердің өсиет сөздері мен термелерін айтып, көрермендерге ерекше рухани кеш сыйлады.

Байқау нәтижесі бойынша Сырдария ауданының ардагер-ұстазы Құсаинова Патима І орынды иеленсе, жүлделі ІІ орын Қызылорда қаласының ардагер-ұстазы Сүлейменова Құрманкүлге бұйырды. Ал ІІІ орынды Жалағаш ауданынан келген ардагер-ұстаз Сәрсенов Байділда мен Арал ауданының ардагер-ұстазы Бисенбаева Жұмагүл иеленіп, сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, байқауда белсенділік танытқан ардагерлерге «Үздік бата беру», «Үздік ғибратты сөздер», «Үздік жыр, терме» номинацияларымен марапатталды.

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен ұлттық құндылық пен салт-дәстүрімізді, қазыналы қарттарымыздың өнегелі сөзі мен тағылымды еңбектерін жастарға үлгі ету мақсатында өткізілген игі шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

339116057_837029420933856_4517661574160703411_n.jpg
339324397_609300797902832_1944275774063111356_n.jpg
339331618_921556672498418_3354155027114428241_n.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: