Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып аталып өтті. Осы мерекеде қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауды көздейтін жаңа жоба – «100 кітап» сауалнамасы басталып, ол Абай күні қарсаңында қорытындыланды.
Жалпыхалықтық сауалнама еGov.kz порталында 23 сәуірден 9 тамызға дейін жүргізілді. Сауалнамаға барлық өңірден жалпы саны 100 мыңнан астам адам дауыс берген.
Алқалы жиынға қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілі қатысты. Жиналғандар бұл бастаманың ел руханияты үшін айрықша маңызды қадам болғанын атап өтті.
Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік тың бастаманың қазіргі қоғамның әдеби талғамын көрсететінін айтты.
«Бұл 100 кітап – халықтың сұранысы. Әрине, тізімді қарасақ, кей кітаптарға қарап таңғалуымыз мүмкін. Бірақ бүгінгі оқырманның сұранысын ескермеуге тағы болмайды. Бұл – әлі жалғасын табатын жоба. Қазақ әдебиетінің қоржыны 100 кітаппен толмайды. Мұндай ізгі жобаларды халыққа кеңінен таныстыру керек», деді жазушы.
Ал Жазушылар одағының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Мереке Құлкенов: «Әдеби сауалнама басталған кезде халық қалай дауыс берер екен деп күмәнданып қалғаным рас. Бірақ нәтижесінде, 100 мыңнан аса оқырман дауыс беріпті. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Әлемде де мұндай тәжірибелер жиі жасалып тұрады», дейді.
Жиынға қатысқандардың пікірі бойынша, бұл жоба қазақ әдебиетін насихаттауға ықпал етіп қана қоймай, кітап өндірісіне де, кітапхана ісіне де соны серпін береді.
Қорытынды тізімге классикалық шығармалардан бастап, қазіргі заман авторларының да туындылары енді.
Толық тізім Ұлттық құрылтайдың ресми сайтында жарияланды. Бұл жоба енді тұрақты түрде жалғасып, тізім жаңартылып отырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!